26 Қазан, 2011

Алғашқы қазақ мұнайшылары және ағайынды нобельдер

4589 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Адамзат баласы, қазақтар мұ­наймен қашаннан та­ныс, қалай пайдалана бастады? Тарихи деректерге назар ау­дарсақ Таяу Шығыс елдері тұрғындары осы­дан 6000 жылдай бұрын мұнайды қару-жарақ жасауға, құрылыс материалдарын (битум, асфальт) дайындауға пайдалана бастаған. Кейін б.д.д. 347 жылдары Қытай бамбук ағаштарын пай­да­ланып жер астынан мұнай өндіреді. Ал Каспий теңізіндегі, оның тө­ңі­регіндегі мұнай туралы мәліметтер жазба деректерге V ғасыр­ларда енген. Олай болса жергілікті тұрғын­дар­дың оны көне заман­нан-ақ мүмкіндігіне қарай пайдаланғаны белгілі болады. 1927 жылы Қа­зақ­стан мұнай кәсіпші­лі­гінде еңбек еткен, қазақ жастарына арналған ал­ғаш­қы «Мұнай» атты оқу­лы­ғында С.Шарипов: «Орал-Жем ай­мағындағы мұнай 40-50 жылдан бері ізделген. Одан ар­ғы жерде де, сондағы тұр­ғын қазақтар мұнайдың бар екендігін білген, керегінше пайдаланған. Құдық қазып, не болмаса жердің не судың үстіне шығып жатқан мұ­найды алып жұмсаған. Ол мұнаймен қазақ кәсіп қылмаған. Түйенің қотырына, адам­ның іші ауырғанда, болмаса қотыр болғанда ем қылып, сондайға ғана жұмсаған. Оның отын орнына жарай­ты­нын білмеген, жағып пайда­лан­баған. Сол қа­зақ­тар мұнайдың атын «мұ­най» деп қойған», – деп анықтаған-ды. Мұра­ғат қорларынан та­был­ған құжатта «Орал об­лы­сындағы ең алғашқы белгілі болған мұ­найлы мекен Мәтен Қожа Май болатын. Ол Ойыл өзеніне жақын, Бүй­­рек, Тайсойған құм­дары­ның ортасында, Кал­мыковск станциясы­нан 100 шақырым жерде. Мекен ХІХ ғасыр ба­сында өмір сүрген мол­да Мәтен атымен аталған. Мәтен мол­да осы ке­зеңде қазақ­тар­ға мұнай­дың емдік қасиет­терін пайдалануды үй­реткен» (ҚРОМА 916 қ., 1 т., 91-іс 8-п.; Мұқ­тар Ә.Қ. Қазақ мұна­йының тари­хы.  – Ал­маты: Өл­ке, 2006. – 25б.). ХIХ ға­сыр­да өмір сүрген Мұрат Мөңкеұлы: Еділдің бойы қанды қиян Жайықтың бойы шаңды қиян Маңқыстаудың бойы майлы қиян, – деп жыр­лаған екен. Олай болса қазақтар да мұ­най­мен ертеден таныс. Сайын даладағы мың­ғыр­ған төрт түлік малына сенген ата-бабамыз дегенмен мұнайды игеріп, кәсіп қылуға асықпады... Қазақ мұнайының аты ХІХ ғасырдың екінші жартысында-ақ іскер кәсіпкерлерге белгілі болды. Көп ұзамай Жайық-Жем ауданына Ресейдің зерттеуші ғалымдары келе бастады. Оған белгілі дәрежеде мұнай саласындағы жа­ңа­лықтар: 1849 жылы канадалық геолог Абрахам Геснердің керосинді өндіріске енгізуі, 1859 жылы АҚШ-та мұнай өндіріліп, алғашқы скважиналардың бұрғылануы оң ықпал етті. Бір сөзбен нақ осы 1859 жыл дүние жүзінде мұнай­дың өндіріске айналған жылы ретінде қабыл­дан­ған. Мұның өзі Каспий аймағын екпінді зерт­теуге әсерін тигізді. Зерттеушілер Н.Се­вер­цев, И.Борисов 1857 жылы, П.С. Пал­­лас 1863 жылы, Д.Кирпичников 1874 жылы, Новаковский 1886 жылы қазақ даласында болып, Мәтенқожа, Доссор, Ескене, Қарашүнгіл және басқа мекендерде мұнайдың барлығын анық­та­ғанымен, табиғат жағдайының қиындығын алға тартып, мұнайды игеруге болатындығына күмән келтірген (ҚРОМА 1479 қ., 2 т., 711-іс, 14-15 пп.). 1890 жылы Түркістанға темір жол салу мә­се­лесі күн тәртібіне шыққан кезеңде Жайық-Жем аралығын қайта зерттеу басталды. Содан 1892 жылы Ресей-Орал темір жолы Ники­тин­нің басшылығымен жер қыртысына барлау жүргізіп, оны Доссор, Ескене, Қарашүнгілде қолмен 7-9 метрге дейін қазып тексерген. Осы жылы Соль-Илецк адвокаты Ю. Лебедев патша үкіметінен алғаш рет Құнқұлақ сор мекенін арнайы зерттеуге рұқсат алған. Мұндай рұқсат 1892 жылы Доссорға, 1894 жылы Қара­шү­нгілге де берілді. Ю.Лебедев 1893 жылы өз рұқсатын Н.Н.Леман, Доппельмаер және Грум-Гржи­май­лоға сатты. Ал олар іздестіру және барлау құқы­ғын ала отырып,1898 жылы «Леман және К» компаниясын құрды. Cөй­тіп, қазақ жерін зерттейтін алғашқы мұнай мекемесі дүниеге келді. Н.Н. Леман құрған ком­пания­ға белгілі кен орын­дарының көпшілігі кон­цес­сияға берілді. Сол кезеңде оған Орал об­лы­сы­ның Гурьев, Кал­мыково уездерінің бо­лы­сын­дағы кен орын­дары қарады. Осы жылы Гурьев қаласында компанияның сенімді өкілі басқа­ра­тын ар­на­йы мекеме ашылды. Зерттеуші Л. Берді­ғожин­нің есебінше 1898 жылы мұнайды іздестіру бары­сын­дағы түрлі жұмыстарға 59 қазақ тар­тыл­ған екен. Олар мұнай экспедицияларына жол бастаушы, керуен жұмысшысы, атшы, жүк тиеуші, күзетші, қара жұмысшы ретінде тіркелген. 1898 жылы Жылойда, Мұнайлыда, Қара­шүн­гілде, Ембіде, тағы бас­қа кәсіпші­лік­терде Балым­беков Қошқар, Құдай­бер­генов Есжан, Шаудыров Шап­қын, Баласов Шолпан, Адасов Көпесін, Сандықов Мұхаммед, Құм­қаров Ізтілеу, Есмағамбетов Рысжан, Жұ­мыров Тыныс, Байназаров Мұхаррам, Зейнуллин Сейфолла, Ғұбайдуллин Нә­рен, Биғалиев Ерім, Хамзин Мұртаза, Қожамбетов Мең­ді­­бай, Жайманов Ығылман, Құттыбаев Шоқты, Тай­лақов Бал, Мырзабеков Омар­бай, Құт­ты­баев, Құрманов Са­ты­бай, Илабаев Елеу, Айназаров Мыржық, Өсербаев Айтілеу, Өтебаев Мыр­за­ғали, Мәм­бетов Ығжан, Наурызали Иса­тай, Сексенбаев Басарбай, Байдалиев Игілік, Бәлім­беков Ша­пақ, Құлжан Бұғызлан, Көзіров Жаң­қа­бай, Шол­панов Төлеспай, Чаадуров Өтеп, Байым­бетов Құрбан, Жұбатов Бек­бай, Нысанов Айма­ған, Сартымбай Тө­лешов, Ізбасар Күш­бай, Мыржық Айназаров, Жұмағұл Әбілба­саров, Ізтөлеу Күмісбаев, Әбілбасаров Қаш­қынбай, Қа­был Қаражанов, Құлжанов Әл­жан, Бай­ма­ғам­бетов Тілеулі, Жандыбаев Елікей, Жан­ды­баев Дүйсәлі, Жұ­қиев Кесікбай, Мұ­қанбетов Қотыр­бай, Құлжанов Нұ­рым, Шыр­дабаев Байділдә, Саты­балдиев Сүйеу, Ахмадуллин Ғилман, Ысмағұлов Мұқан, Ны­салы Коскендиев, Өтеп Ша­ғыров, Сәрсенбаев Базарбай, Ағыл­ман Жығыл­ғанов есеп­те тұрды (Бер­­діғожин Л.Қазақстан мұ­най-газ өндірісі саласы маман кадрлары. – Қызылорда, 2007. 46-б.). 1899 жылғы тамыз айы­ның екінші жар­ты­сында Қа­зақстанға жаңа экспедиция аттанды. Оның құрамында белгілі ағар­ту­шы Н.Г. Чер­нышевскийдің бала­сы Ми­хаил, әскери инженер В.К.Фельдт, инженер С.В.Тру­бец­кой бол­ды. Олар 24 қыр­күйекте Индер көлінің жаға­лауы­на жақындап, Бай Мөңкеден өтіп, Грум-Гржи­май­ло басқара­тын Ембі-Закаспий бірлестігі орна­лас­қан Қош­қар көлге келіп тоқтаған. М.Н. Чер­нышев­ский өз күнделігінде мұнай іздеу 8 жыл бойына жүргі­зілгенімен нәтиже бермеді дей отыра, әзірше мұнайға ең бай жер Қарашүнгіл деп жазады. Сол сәтте ол жерде 6 скважина, 60 жұ­мыс­шы еңбек еткен. 1899 жы­лы 18 қара­ша­да Қарашүн­гілде 40 метрден ал­ғаш­қы мұнай фон­таны ат­қы­лады. Сөй­тіп, тәу­лігіне 12-25 тон­­на мұнай алы­на баста­ды. Н.Н. Леман қа­рауын­да еңбек еткен 89 адам­ның 40-ы қазақ болатын. Осында негізінен қара жұмысшылар легін құраған қандастарымыз ара­сында Көккөз Бегимов, Өтебай Баймаған­бетов сол айда 5 сомның үстінде еңбек ақы тапқан (ҚРОМА 680-қ., 4-іс, 3-4-п.). Қазақтардың мұнай саласына тартылуы ту­ра­лы 1929 жылы Мәскеу мұнай институты­на ин­женер-геолог мамандығына түскен Нарен Имашев 1935 жылы өз қолымен тол­тыр­ған өмір­бая­нын­да Қазан төңкерісіне дейін-ақ үш ағасы­ның Мартөк, Итассай, Жосыдағы мұнай іздеу жұмыс­тарына қатысқандығын жазса (ҚРОМА 5-қ.,19-т., 597-іс, 125-п.), 1931 жылы Баку мұнай инсти­ту­ты­на түскен Сафи Өтебаев естелігінде 1916 жы­лы мұнай жұмыс­шылары­мен алғаш рет Доссорда еңбек ететін ағалары Ғұсман, Қали арқылы таныс­қан­ды­ғын алға тар­та­ды. Ал Түркімен-Адай болы­сын­дағы Тәңір­бер­ген ауы­лы­ның қазағы Тілеулі Бимағамбетов 1912 жылы Доссор-Ракуша мұ­най құбырына бақылаушы болып келісім шарт­қа отырған екен. Олай болса, қазақтар үшін мұ­найды өнер­кәсіп­тік игеру, оның барлық сала­ларына белсенді түрде қатысу күн тәртібіне уа­қыт талабымен шықты деп айта аламыз. Бірден мол байлыққа кенеле алмаған Н.Н. Ле­­ман 1907 жылы «қазақ даласы 300 жыл өтсе де екінші Баку бола алмайды» деген қоры­тын­дыға келіп, патша үкіметінен өз билігіндегі кен орындарын сатуға немесе қосымша капитал тарту үшін шетелдіктермен аралас қоғам­дар құруға рұқсат сұрады. Ол алдымен ағыл­шын, кейін Швейцария синдикаттарымен келіс­сөз жүргізді. Оны Ресейдің қаржы министрі С.Ю.Витте қолдап: «Ресей қаржылай көмекті судағы қанттай қажет етеді», деп жар салды. 1908 жылы Н.Н.Леман И.И.Стахеевпен одақта­сып, «Ембі-Каспий» қоғамын құрғаны­мен діттегеніне жете алмады. 1909 жылы 2 мамырда Гурьев-Ембі тұзды көлдерін бақы­лап отыратын маманның хабарына сенсек, Гурьев уезінде И.И.Стахеев қана мұнай іздестірумен шұғыл­дан­ған екен. Оның қарамағында Ескенеде 69, Доссорда 31 адам еңбек еткен. Бақылаушы жұмысшылар жағ­дайының ерекше ауырлығын атап өтеді (ҚРОМА 678-қ., 1-т., 2-іс, 62-63-п). 1909 жылғы жағдайды саралаған Н.Н.Ле­ман шетелдік азаматтарға мұнай іздестіруге беру құқығына ие болды. Мұ­найлы ау­данға бір­ден ағылшындар назар аударды. Олар Жайық-Ем­бі ара­лығына инженер-гео­лог­та­рын жіберіп, Н.Н.Ле­­­ман­нан кон­цессиялық құ­қық­ты сатып алды. 1910 жы­лы 22 жел­тоқ­санда Н.Н.Ле­ман Ұлы­британия азаматтары Эд­вард Юм-Шведерь, Отто Листьпен бірлесіп, Жа­йық-Каспий мұнай қоғамын (УКНО) құрып, Гурьев қа­ла­сында арнайы кеңсе аш­ты. Қо­ғам­ға Орал облы­сы­ның 9 болы­сындағы мұ­най іздестіру жұмыстары 1912 жылдың 12 қараша­сына дейін берілді. Қо­ғам­ның негізгі капи­та­лы 3.500.000 сомға жетті (ҚРОМА 681-қ., 1-т.,13-іс, 15-17-п). Ал И.И. Стахеев болса өз жұ­мыс­та­рын тоқтатып, қызмет­кер­лерін Мәс­кеу, Қазан қа­ла­ларына жіберуге бұй­рыққа қол қойып, көп мұ­най­дың жоқтығына сене бастады. Жұмыстарын жалғас­ты­рып жатқан Орал-Каспий қоғамында 1911 жы­лы 23 сәуірде Ескенеде 32, Доссорда 67, Мақатта 31 жұмысшы тіркелген. Міне, осы адамдар қазақ мұнайы­ның бетбұрысты оқиғасына куә болды. 1911 жылы 29 сәуірде Дос­­сорда басталған мұ­най фонтанының хабары алысқа тарады. Фонтан 30 сағат бойы атқылап арты өртке ұласты. Доссор мұнайды Қарашүн­гіл­ден бірнеше есе көп бере бастады. Мұнда осы жылы жұмысқа атақты қа­зақ мұнайшыларының бірі Сабыр Зорбаев (1893-1970) орналасты. Кейін ол осы Доссор, Мақат, Ескене мұнай өндіру кәсіпші­лік­терінде жұмыс­шыдан директорға, басқарма дирек­торы­ның орынбасарына дейінгі еңбек жол­дары­нан өтті. Доссор кен орны ашылғаннан кейін қазақ мұнайына атақты Нобель ұрпақ­тары келді. Олардың Ресей империя­сын­дағы тарихы 1837 жылы Эммануил Нобельдің Стокгольмнен Санкт-Петер­бургке келуімен басталады. Кәсі­бін теңіз жарылғыштарын жасаудан бастаған ол кейін қару-жарақ шығаруға көшті. 1851 жылы «Нобель және балалары» фирмасы сол жарыл­ғыштың патентін Ресейге сатылған қара­жат­тан құрады. Оның баласы Людвиг 1862 жы­­лы Қазанда механикалық зауыт ашып, өн­діріс пен ғылымды қатар ұштастырды. Ол бауыры Робертті 1873 жылы Кавказға жіберіп, Каспий жағалауындағы мұнайды барлап, Бакуден кішкене жер, шағын мұнай өңдеу зауы­тын сатып алады. Содан 1879 жылы «Ағайын­ды Нобель­дер­дің мұнай өндірісі серіктес­тігі­нің» құрыл­тай­шылары қатарына енді. Серіктестік акционерлік қоғамға айналғанда оларға көмек­ке інілері атақты Альфред келді. Жа­рыл­ғыш заттар жасаумен атағы шыққан Альфред 1867 жылы динамит жасап, оны құры­лыс­қа қол­дану­ды енгізді. 1878 жылы қоғамға құрылтай­шы болып, мұнай құбыры арқылы үздіксіз мұнай тасымалдау тә­сілін тауып, 1880 жылы Бакуден Қара теңіз порт­­тарына құбыр жүр­гізуді ұсынды. Ол 1896 жылы 10 желтоқ­сан­да қайтыс боларында арты­на өзі жиған-тер­генінің белгілі бір пайызын адам бала­сы­ның пайда­сы үшін ғылымға бағыт­тауды кейінгі ұрпағына өсиеттеген. Оның өсие­тін швед королі қабыл­дамай, күшін жоюға әре­кет жасағаны­мен, немере інісі Эммануил өсиет­ті бұзбай 1897 жылы оның бар жинаған 2 млн. фунт-стерлингін Нобель қорына аударды. Қор Нобель сыйлы­ғы­ның қаржылық негізіне ай­нал­ды. Кейін әкесі Людвиг қайтыс болған соң Нобельдер құрған компания басшылығына Эм­мануил отырды. Ол кейін орыс азамат­ты­ғын қабылдап, мұнай өндірісіне шындап ден қойды. Жайық-Жем аралығындағы жаңалық­тардан хабардар Э.Л. Нобель 1911 жылы алдымен «Аға­йын­ды Нобельдердің» кеңсе­сін Гурьев қа­ла­сында ашты. Мұндағы өз­ге­ріс­терді сезген соң осы жылы Санкт-Петер­бургте Орал өңірін­де, Кавказда мұнай іздестіру үшін және табыл­ған мұнайды сату мақ­сатында «Ембі» акционерлік қоғамын құр­ды. Қоғам үкіметтік шешіммен 1912 жылы 10 сәуірде бекітілді. Оның құрыл­тай­шы­лары Э.Л.Нобель, стат кеңесшісі Т.В. Бе­ло­зерский және И.И.Стахеев еді. Гурьев қала­сында қоғамның кеңсесі ашылды (ҚРОМА 681-қ., 1-т., 13-іс). 1912 жылы 12 мамырда Санкт-Петербургте қоғам акционерлерінің ал­ғаш­қы жиналысы болып, өз жұмысын бастады. Міне, осы күнді Нобельдердің заңды түрде Қазақстан мұнайына келуі деуімізге әбден бо­лады. Нобельдер қаражаты «Ағайынды Но­бель­дер серіктестігі» мен «Ембі» қоғамында шоғыр­ланды. Олардың біріншісі дербес акционерлік серіктестік ретінде тіркелсе, екіншісі орыс серіктестігіне мүше болды. 1914 жылы Жайық-Жем ауда­нын­да Нобельдермен қатар «Колхида», «Ембі-Каспий» қоғамдары мұнай іздеу, өндіру­мен шұғыл­дан­ды. Қоғамдар ішінен 1912-1914 жылдар ара­лығында осы өңірде өндірілген 14.101.169 пұт мұнайдың 37%-ы Нобельдерге, ал 63%-ы «Жайық-Каспий» қоғамына тиесілі еді. Бұл бәсекелестік кейін де жалғасты. Қазан төңкерісіне дейін ең көп мұнай өндіріл­ген 1914 жылы (272,2 мың т.) Нобельдер өз үле­сін 39,4 %-ға жеткізді. Нобельдер өз жұмы­сын­да үнемі барлау және бұрғылап мұнай іздестіру істеріне назар аударды. Соның әсері­мен олардың игерген скважиналардың са­ны 43-ке жетті. Сөйтіп, Нобельдер Қазақстан­дағы мұнайлы кен орын­дарын игерудегі екінші ірі компания деңгейіне көтерілді. Яғни Нобель­дердің ақыл-ойы мен іскерлігінің тарихта қал­дыр­­ған ізі бүгінгі Нобель сыйлығы екенін мо­йындасақ, адамзат үшін жұмсалып жатқан мол қаражатқа 1912 жылдан кейін қазақ мұ­найы да өз үлесін қосты деп сенімді түрде айта аламыз. Сонымен бірге Нобельдер жә­не өзге де шетелдік компаниялар қара­жаты мен тәжірибесі мұ­найлы Қазақстан­ды сол заманда әлемдік нарыққа шығарып қана қоймай, өндіріске өз уақытындағы алдыңғы қатарлы технологияны енгізіп, қазақтардан мұ­найшы мамандарды дайындауға оң септігін тигізді. Алда ыжда­ғат­ты еңбек пен оқып-үйрену, талмас талап пен қажырлы ұмтылыстар жатты. Мұхтар ӘБІЛСЕЙІТ, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Орал.