Алғашқы еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастап, бүгінде әлемдік деңгейдегі қайраткерге айналған Нұрсұлтан Назарбаев жастарға сенім артып, қай кезде де қолдау көрсетіп келеді. Әсіресе Елбасымен кездесіп, батасын алған жастар бүгінде еліміздің әр саласында еңбек етіп, егемен еліміздің дамуына өз үлесін қосуда.
Тараз қаласындағы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі минералды тыңайтқыштар зауытының технолог шебері Болатхан Көптілеуов Елбасымен кездескен жастың бірі. Бізбен әңгімесінде ол Елбасымен кездесудегі әсерімен бөлісті. «2012 жылы Астана қаласында өткен «Нұр Отан» партиясының XIV съезінде еліміздің оңтүстік өңіріндегі химия өндірісі саласында еңбек етіп жүрген жастар атынан сөз сөйлеген болатынмын. Бір жылдан кейін елордамыздағы Тәуелсіздік сарайында өткен елдегі жетекші партияның XV съезіне қатысудың тағы да сәті түсті. Онда «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атынан облыстық делегация құрамына енген едім. Сол жылы Мемлекет басшысы маған өзінің қаламсабын сыйлады. Бұл менің жадымда өмірімдегі ең елеулі оқиға ретінде қалды. Негізі, Елбасымыз қандай жиын болмасын халықпен амандаспай кетпейді ғой. Сол жолы да Президентіміз жиын аяқталған соң мінбеден түсіп, көпшілікке қарай бет алды. Ол кісімен амандасуға ұмтылған жұрттың арасында мен де бар едім. Сонда Елбасымызды қоршап алған топтың сыртында қалып кеткен мен: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы», деп сөз сұрадым. Ол кісі маған жалт қарағанда жұрт екіге жарылған еді. «Датым бар еді» деп едім, Президентіміз риясыз бір күліп алды да, «Айта ғой» деді. Соның алдында ғана мен түс көрген едім. Түсімде Елбасы маған өзінің қаламсабын сыйлапты. Мен сол қаламсаппен Қазақстанның болашағына жоспар құрып отыр екенмін. Президентке көрген түсімді айтып беріп, бата сұрадым. Сонда ол кісі қойын қалтасынан қаламсабын алып маған ұстатты да, алақанын жайған күйі «Әумин», деді. Ол қаламсапты мен енді сандықтың түбінде емес, жүрегімнің төрінде сақтап жүрмін», дейді ол.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы