Аймақтар • 26 Сәуір, 2018

Ақыртас

1356 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін


Ғасырлар бойына тылсым сырын тысқа шығармай, кереметімді аңдап аларсың дегендей ен даланың төсінде еркелегендей кейіппен шашылған жұмбақ тастардың құпиясын аңдап көріңіз. Дерек пен дәйек сан шарпысып келгенде болжам болып өріле беретіні несі? Алдыңыздан андағайлап шыққан сан жорамал жайын жайып салар мәліметтен мәлім бір атау мың құбылады. Ақыртас... Ақыртас... Тасақыр... Хасри бас...Таңдай қаға келген зерттеуші атаулы ғажайыпты көріп бас шайқайды. Әйтсе де күн астында қоңырқай тартқан Ақыртастың қызыл тастары сыр айтпайды.

Ақыртас

Ақыртас... Бізге жеткен тұңғыш дәйек негізі 1222 жылы Шыңғысханның шақыртуымен Қытайдан шығып Самар­қанға асыққан будда монахы Чань-Чунь қалдырған күнделікте жатыр. Алыстағы ша­һар­ға жетуді Сайрам арқылы шығатын бағытпен мақсат еткен монах жол бойы көр­гендерін хатқа түсірген: «... Жолда қызыл түсті тастардан тұрғызылған тас қалашыққа тап келдік. Көне дәуірдегі әскери тұрақтың орны бар. Батысында үлкен Аю жұлдыз шоғыры секілді шашырай орналасқан бейіттер жатыр».

Ал қалашықты алғаш рет 1864 жылы Түр­кістан өлкесінің губернаторы генерал Михаил Черняев ұйымдастырған әскери экспедицияның құрамында болған суретші Михаил Знаменский тас қабырғалардың жалпы көрінісі мен үздік кескіндерінің сызбасын қағазға түсіріп алды. Осы жайт ерекше ынта аудартты ма, араға үш жыл салып, 1867 жылы белгілі ғалым-ориенталист Петр Лерх ерекше көңіл бөліп, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Жинақталған деректеріне сүйене отырып, Ақыртас ескерткішінің жөн-жосығын зерделей келе будда монастыры деген түйін жасады. Ғалымдардың тым шалғайдағы таңғажайып шаһар сұлбасын көзбен көруге ықыластары ауды да тұрды. Сөзіміздің бір дәлеліндей, 1885 жылы орыс зерттеушісі Дмитрий Иванов қиыр­дағы қызыл тастан қаланған қалашықтың орнын іздеп жолға шықты. Ол өз сапарларында Ақыртас жайында мол мағ­лұмат жинақтап, «Императорлық орыс география қоғамының хабаршысы» ғы­лыми мақала жариялады. Ауқымды тастар, бүкіл ғимараттың алып көлемі, ойлаудың батылдығы, өнер мен орындалу ыждаһаттылығы және ең соңында аптапты шөл далада жеке-дара бой көтеруі – Түркістандағы ғажайып көне сәу­лет ескерткіштерінің бірі ретінде Ақыр­тасқа назар аудартады. Мұндай ала­пат құрылыс үшін мол қаржы, өте көп қол күші мен теңдессіз байлық керек болатын. Ондай істі шешуге тек қандай бір халық билеушісі ғана қол жеткізе алуы мүмкін.

Ақыртастың жұмбағы шешуін аша қойған жоқ. Асқар таудың етегіндегі жа­зықта жатқан адуын тас кірпіштерден қалан­ған қалашық іргетасы ірі ғалым­дарды да өзіне ынтықтыра түсті. Белгілі шығыстанушы, академик Василий Бартольд арнайы соғып, қырдағы қызыл тастардың құпиясына үңілді. Аңыз-әфсаналарды зерделей келе Ақыртастың беймәлім құрылыс мәнерін христиан, оның ішінде несториандық монастрьге ұқсастығы жөніндегі жорамалын алға тартты. Дегенмен осы айтылған пікір­лермен, түйінделген тұжырыммен жұм­бақ құрылыстың шешуі тарқатыла салмады. Ақыртастың ғажайыбы да сол, араға біраз жылдар өткізіп барып, 1936-1938 жылдары академик А.Н.Бернштам жетекшілік еткен Жетісу археологиялық экспедициясы Талас жазығында арнайы қазба жұмыстарын жүргізген кезеңде Ақыртасқа арнайы ат басын бұрды.

 Ал 1945 жылы Қазақ КСР Министр­лер Кеңесі сәулет өнері істері жөніндегі арнайы экспедиция жасақтап, ұлы да­ланың өн бойындағы тарихи ескерт­кіш­­терді зерделей бастады. Өзінің мәнер үлгісімен ерекше назар аудартқан Ақыр­тас кешені де зерттеуде қозғалатын нысан ретінде экспедиция жұмысының бас­ты бағытына айналды. Зерттеу жұмыс­тарының нәтижесінде белгілі сәулетші Т.К.Бәсеновтің жасаған пайымдары айрық­ша ықылас аудартады. Бұған дейін ай­тылған будда немесе нес­тарман монастры делінген жорамалдарды жоққа шығарып, ғалым батыл ойларын ортаға салды. Сәулетші ғалымның дәйекті дәлелі Ақыртас ен дала төбесіне VIII-IX ғасырлар аралығында салынған қамал-сарай деген салиқалы сараға негіздеп жатты. Дәл осы ойдан тармақталғандай бол­ған тағы бір тұжырым ғылыми ор­та­да өзіндік ерекшеліктерімен айшық­та­лынып тұрды.

Ақыртас ескерткішінің жос­парын сараптай келіп, ғалым Л.Ю.Маньковский тарихи кешенді керуен сарай, аралық пункт және үлкен сауда орталығы ретінде салынған алып құрылыстың бүгінге жеткен іргетасы деп түйіндеді. Ғалым өзінің ғылыми тұжырымдамасында кешеннің құ­рылыс жұмыстарының Х ғасырға дейін со­зылғанын айғақтайды. Тарихтан белгілі араб жазбаларында баяндалатын Касрыбас осы Ақыртас екендігін айтады. Ақыртас кешенінің жобасын зерттеушілер Орта және Таяу Шығыстың сәулет өнеріндегі өрнектерден ұқсастық іздейді.

Ақыртас туралы айтқанда, ғажайып ар­хитектуралық кешеннің ІХ-Х ға­сыр­­ларды Жетісуда билік құрған қар­лұқтардың ставкасы деп пайымдайды. Ғалым араб халифаттарындағы сал­танатты сарайлардың үлгісін осы Ақыртастан көреді. Соған орай негіз­дей келе архитектуралық тарихи кешен­нің құрылысын 766-893 жылдарда Же­тісудың батыс бөлігінде билік жүргізіп келген қарлұқ қағанының жазғы резиденциясы болуы мүмкін деген тұжырымды алға тартады.

Әсілі, Ақыртас жөніндегі қағазға тү­сіп, бізге жеткен деректер қатарына даос монахы Чан-Чунның 1222 деп бел­гі соғылған сарытап күнделігін жат­қызады. Оның өзінде саяхатшының ең­с­елі қабырғалар мен құрылыстың табын сездірер қалдықтар мен бұзын­дылар орны ерекше ықылас аударта ынтықтырып, қолға қалам алдыртқан: «Бізге тас қалашық кезекті, тастары қызғылтым түстілігімен айрықшаланып тұрды, көне әскери тұрақтың орны бай­қалады».

Есесіне 1885 жылы осы жерде бол­ған зерттеуші Д.Иванов мол дерек жи­­нағанын «Императорлық орыс гео­гра­фия қоғамының хабаршысына» жариялаған көлемді мақаласынан аңға­рамыз. «Ересен тастар, ғимараттың бү­кіл ауқымының орасан көлемі, ой-қиял­дың ұшқырлығы, өнер мен орындалу шеберлігі, түйіндей айтқанда, шөл даланың аптабында кешегі алыптықты айқындар кейіп – осының бәрі Ақыртасқа Түркістандағы көне архитектуралық ға­жайып құрылыстың бірі ретінде қарау­ға ық­пал етеді.

Мұндай істі жүзеге асыру ауқымды жаб­дықты, өте көп құлдық еңбек қолын қа­жетсінді және ерен байлықты керек етті. Оны шешу тек мызғымас елді өзіне қа­ратқан билеушінің ғана қолынан келетін еді».

Зерттеу жұмыстарына қиындық бо­лып келетін мәселе дегенде, Ақыр­тас­тың қайталанбас шығыны ретінде қарас­тырылатын дәйекті 1905 жылғы Әулиеата уезінің бастығы В.Калаурдың есебінде маңайдағы елді мекен тұрғындарының тастарды ауылдарына ұрлап тасып тауы­сатын болғанын жазады. Тас блоктар Түркістан-Сібір темір жол құрылысы кезінде пайдаланып кеткені жөнінде де айтылады. Шынында да көпір салуға, ғи­марат іргетастарына пайдаланылған көнеден сыр шертер шомбал тастар ғылым үшін жұмбақтың шешуін дөп басар деректердің құпиясын мәңгіге өзі­мен бірге алып, қаланып кеткені көп ой салады.

Ақыртасты зерттеушілердің ұзақ тізі­мі көңіл қуантады, олардың алдыңғы қа­та­рында айтулы ғұламалардың тұруы атал­мыш тақырыптың қанша ғасырлар бойына зерек ой иелерінің зердесін өзі­не ынтықтыруынан да біраз нәрсені аң­ғаруға болар. Десе де, Ә.Марғұланды алы­ңыз, П.Лерхты алыңыз, Д.Ивановты алыңыз, Г.Пацевичті алыңыз, А.Берн­штам­ды алыңыз, В.Бартольдты алы­ңыз – ғаламат құрылыстың ауқымды іргетасы жөнінде қызықты мәліметтерді алдыңызға мөлтектетіп жайып тастаға­нымен өзіне еліктіре түсетін болжалды бол­жамды табу қиын. Ақыртас сонысымен де жұмбақталып өз құпиясын бү­гіп жасыра береді. Жақында ЮНЕСКО-ның Бүкіл­әлемдік мұралар тізіміне және Қа­зақстанның жалпыұлттық маңы­зы бар киелі жерлерінің тізіміне енген «Ақыртас» кешенін және Жамбыл өңі­­ріндегі өзге де тарихи нысандарды туристік орталықтарға айналдыру мәсе­лесі талқыланды.

Осы мақсатта Мә­­дениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұ­хамедиұлы төрағалық еткен конференция жұмысына Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-тың өкілдері, елімізге танымал ғалымдар қатысты. Бүгінгі күні «Ақыртас» кешенін өзіміз танып қана қоймай, өзгелерге де таныту мақ­сатында кешен аумағын туристік орталыққа айналдыру мәселесі тұр. Бұл мақсатта Мәдениет және спорт министрлігі, Жамбыл облысының әкімдігі және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ үшжақты меморандумға қол қойылды. Енді «Ақыртаста» ауқымды жұмыстар басталады.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

 Жамбыл облысы