Қазақстан • 05 Шілде, 2018

Махмұт Қасымбеков. Орталыққа орнығу

638 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Елордамыздың 20 жылдығы биылғы жылдың басты оқиға­сы екені сөзсіз. Осыған орай ақпараттар ағынында астана­лық мегаполисті тұрғызудағы табыстар, қала салу мен архитектурадағы жетістіктер, оның  еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына мультипликативтік әсері жөнінде көп айтылуда. Алайда ең басты нәрсені – жаңа астананың жас Қазақстан ұлтының идеялық-адамгершілік және рухани тұрғыдан жаңғыруындағы ауқымды рөлін ұмытпағанымыз жөн.

Махмұт Қасымбеков. Орталыққа орнығу

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел тәуел­сіздігінің алғашқы кезе­ңінде-ақ 2030 және 2050 жыл­дарға дейінгі страте­гиялардың негізіне айналған «Қазақстанның бола­шағы – қоғамның идеялық бірлігінде» және «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалып­тасуы мен дамуының стра­тегиясы» атты концептуалды еңбек­терінде Қазақстанның бола­шақтағы демократиялық, ашық әрі бейбітсүйгіш мемлекет ­­ретіндегі бейнесін айқындап берген болатын. 

Бүгінгі Астана ұлтымызды рухани тұрғыдан жаңғырту жолындағы Президентіміз ұсын­ған сол идеялар мен оның осы жылдар ішінде атқарған ауқымды жұмыстарының жарқын көрінісі болып отыр. Отандық ономастикалық кеңістікті қайта қалыптастыру және оның мазмұнын ой елегінен өткізу арқылы Қазақстан халқы­ның санасын тәуелділіктен арыл­тып, рухани жаңғыру жолына түсуіміз елорданы көшіру мәсе­лесімен тікелей байланысты.
Нұрсұлтан Әбішұлы тарихи әділеттілікті қалпына келтіру және халқымыз үшін ардақты есімдерді ақтап алу жөніндегі жұмыстарды қайта құру жыл­дарының өзінде-ақ бастап бер­ген еді. Бұл бастамалардың маңы­зы аса зор. Шын мәнінде, халқы­­мыздың өз-өзін, өзінің төл тілін, мәдениетін, тарихын және шынайы шежіресін танып-білуге бағытталған ұзақ та күрделі жол сол кезде бастау алған болатын.

Елорданы көшіргеннен кейін Астана мен оның іргелес аумақ­тары Мемлекет басшысы­ның бас­тамасымен еліміздегі атау­ларды ономасти­калық тұрғыдан «қайта таңбалау» жөніндегі қажырлы әрі жүйелі жұмыстардың орта­лығына айналды. Астана елорда мәр­тебесін алғанға дейін қала­дағы 619 көшенің небәрі 180-інің ғана атауы Қазақстанның тари­­хы­на қатысты болатын. Ал 439 көше саясиланған, идеоло­гия­ла­н­дырылған, мәдени-тарихи тұрғы­дан ешқандай негізі жоқ атаулармен аталған еді. Дәуірлер алмасуына байла­нысты өткеннің доминанттары тарихтың күресініне кетті.

Ал Ақмоланың топонимикасындағы В.Ленин, К.Маркс, Революционная, Октябрьская көшелерінің орнына Абай, Кенесары, С.Сейфуллин, М.Әуезов және тағы басқа тұлғалардың атымен аталатын көшелер мен даңғылдар пайда болды. Бұл ретте атауларды өзгерту процесі этноцентристік ұстаныммен ғана шектелмей, сондай-ақ жалпыадамзаттық интернационалдық құндылық­тардың басымдығына да негізделді. Астанада кейбір ескі атаулар сақталып, қала меценаттарының (Кубрин, Кощегулов), әлемге танылған классик­тердің (Гете, А.Пушкин, Л.Толстой, П.Чайковский), Қазақстан тарихын­да айрықша із қалдыр­ған ғылым және мәдениет қайрат­керлерінің (А.Янушкевич, Г.Потанин, Т.Шевченко, академик К.Скрябин, А.Затаевич, Л.Гумилев, А.Бараев және көптеген басқа да тұлғалар) есімдері жаңа көшелерге берілді.

Көшелерге атау таңдау барысында Қазақстан аумағындағы Жаңаарқа, Аягөз, Сандықтас, Марқакөл, Бурабай, Көлсай сияқты танымал географиялық орындардың, сондай-ақ өзендер мен көлдердің, тау шыңдарының, табиғаттың көрікті жерлерінің атаулары кеңінен қолданылуда. Бұрынғы астаналарымыз  – Алматы, Ақмешіт, Орынбор, Сарайшық, Сауран, Сығанақ, Түркістан атаулары да барынша көрініс тапты. Қазығұрт, Қозыбасы, Аңырақай, Бұланты, Орбұлақ сияқты бірқатар көше аттары маңызды тарихи оқиғаларды еске салып тұрады. 
Осы ретте «Атамекен» этномемориал­дық ке­шені, «Бәйтерек» мұнарасы, «Мәң­гі­лік Ел» салтанат қақпасы, Тәуел­сіз­­дік монументі тәрізді маңызды нысан­дар­­дың атауларын да ерекше атап өткен жөн.

Соның арқасында бүгінде қаланың әрбір көшесі, әрбір мәдени нысаны Отаны­мызға және оның тарихына арналған ауқым­ды әрі бірегей ономастикалық ансамбльдің құрамдас бөлігі болып отыр. Осы орайда астаналық нысандар атау­ларының біріктірушілік әлеуеті зор еке­нін де атап өткім келеді. Әрбір қазақ­стан­дық солардың арасынан туған жерін­дегі өзіне бала кезден таныс елді мекен­дер мен табиғи нысандардың атау­ларын, Қазақ­станның әр түкпірінен шық­қан көр­нек­ті тұлғалардың, сондай-ақ хал­қы­­мыз­дың рухани тірегі мен байлығына ай­нал­ған әрі ерлікке үндейтін аңыз-әңгіме­лер­дегі кейіпкерлердің есімдерін кездестіре алады.

Осындай жұмыс бүкіл Ақмола облы­сын­да да жүргізілді. Бұл іске ғылыми, педа­г­о­гикалық және шығармашылық зия­лы қауым өкілдері белсене араласып, пат­риоттық танытты. Олардың қатарында кәсі­би және әуесқой өлкетанушылар да болды. Нәтижесінде Абылай алаңы, Кене­сары үңгірі және Отанымыздың таң­ға­жайып әрі тылсым тарихынан сыр шерте­тін басқа да көптеген атаулар қолданысқа енді.

Тәуелсіздік жылдарындағы ескерткіш­тердің көбі қазақстандықтардың азамат­тық белсенділік танытып, қоғамдық бастама көтергенінің нәтижесінде орна­тыл­ғанын баса айтқым келеді. Бұл орайда Ұлт көшбасшысының халық алдын­дағы жауап­кершілігі өз атына келіп түс­кен ұсыныстар мен жобалардың бәрін мұқият әрі шынайы ықыласпен зерде­­ле­генінен байқалды. Егер олар мемле­ке­т­тің мүддесіне сай келіп, саяси тұрақ­ты­лықты, азаматтық келісімді, этносаралық татулықты қамтамасыз етуге және қазақ­стандықтардың патриоттық рухта бірігуіне бағытталса, Президент оң пікірін білдіріп отырды.

Тоталитаризм құрбандарына арнал­ған монументтің жас елордамызда тұр­ғызыл­ған алғашқы ескерткіштердің бірі екенін ерекше атап өткен жөн. Пре­зи­­­дент бұл ескерткішті Ақмолада 1997 жыл­ғы желтоқсан айында ашты. Ол тәубе­ге келудің, тағзым ету мен табысу­дың сим­волына айналды. Арада он жыл өт­кен­нен кейін Ақмола облысының Целин­о­­град ауданына қарасты Ақмол ауылын­­да (бұрынғы Малиновка ауылы) қасі­­реті­мен әйгілі «Отан сатқындары» әйел­дері­нің Ақмола лагерінің аумағында Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен әрі тікелей қатысуымен «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбан­дары­ның мемориалды музей-кешені ашылды.

Бүгінде аттары аңызға айналған Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің, Қазақ хан­ды­ғының негізін қалаған Керей мен Жәні­бектің, Кенесары ханның, Бөген­бай батырдың, ақындар – Абай мен Пуш­киннің, күйші-композитор Құрман­ғазының, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы батырларының, Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің, Францияның реформатор-президенті Шарль де Голльдің, сондай-ақ халқымыздың басқа да біртуар перзент­терінің, көрнекті отандық, шетел­дік мем­лекет және мәдениет қайраткер­лері­нің тас пен металдан жасалған бейнелері Астананың алаңдары мен көшелерінен өздерінің лайықты орындарын тапты.

Қазақстандық патриотизм идея­сы­на ерекше мән бере отырып, Нұрсұлтан Әбішұлының: «Астананы шетел­дік серіктестер үшін де тартымды космо­по­литтік қала ретінде қалыптастыру қажет» деген тағы да бір нұсқауы бар. Президенттің бейтаныс әрі үйреншікті емес ортаға шетелдіктердің тез бейімделіп кетуіне ықпал ете қоймайтыны жөніндегі пайымы психологиялық тұрғыдан дәл айтылған. Әрине бұл орайда ұлттық ин­тел­лигенцияның жекелеген өкілдері реніш­терін білдірмей қалмады. Бірде белгілі жазушымыз, қоғам қайраткері, қадірменді Шерхан Мұртаза: «Егер бұл ұлт астанасы болса, онда мұндағы «Сине Темпоре», «Синема-Сити» және өзге де жат елдің мәнеріндегі «сити-ити» дейтіндердің қажеті қанша?..» деп кейіс­тік білдірген болатын.

Бұл жердегі мәселе жалаң еліктеуші­лікте емес, пайдалы нәтижелерді ғана шындық деп танитын философияны, яғни прагматизмді басшылыққа алған Елбасының бүкіл саясатының, соның ішінде, урбанизация жөніндегі сая­саты­ның қағидаттарында. Осыған айқын көз жеткізгенде ғана мұны түсінуге болады.

Ономастика мәселесін қорыта келе, 2000 жылдар басында Астанада болған мына бір қызықты жайт туралы айтайын. Бірде қала басшылары, жұртшылық өкілдері және алаштанушы ғалымдар Әли­хан Бөкейхан көшесіне арналған митинг-лекция ұйымдастырды. Сол көше­нің тұрғындары мен басқа да жүр­гін­шілер алғашында бұл шараға аса қызығ­ушылық пен ықылас білдіре қойма­ғанымен, соңынан алғыстарын айтып жатты. Олар: «Бұған дейін біз Әлихан Бөкейхан жөнінде көп біле қоймаған едік. Оның өмірі мен тағдыры, сіңірген еңбегі жөнінде кеңінен әңгімелеп бергендеріңіз жақсы болды. Енді біз осындай ардақты азаматтың есімімен аталатын көшеде тұратынымызды мақтан ететін боламыз», – деді. Еліміздің барлық қалалары мен ауыл­дарында мұндай кездесулерді көбі­рек өткізу үшін нағыз үлгі осы емес пе?!

Тағы бір маңызды нәрсеге назар аударайын, Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, М.Жұмабаев, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, А.Жұбанов, Е.Бекмаханов, Ә.Марғұлан және басқа да ұлы тұлғаларымыздың бала кезінен туған жерінің тарихи және фольклорлық аңыз-әңгімелеріне құмар­лық  танытып, санасына сіңіруі олардың әйгі­­лі туындылары мен жаңалықтарына жол ашты. Академик Қ.И.Сәтбаевтың өзі гео­­­ло­­гиялық барлау жұмыстарын жүр­гі­зіп, пайдалы қазбалар кенін тапқанда тек ғы­лыми әдістерге ғана емес, сондай-ақ та­­­би­­ғатқа «тіл бітірген» топонимдерді және со­ларға қатысты фольклорлық аңыз­­­­дар­­­ды талдау нәтижесіне сүйенген бола­тын.

Жаңа астананы дамыту мәселесі руха­ни бастауларымызға қайта үңілу арқылы да жүзеге асты. Этномәдениеті алуан түр­лі, тарихы бай және Еуразияның кін­ді­гіне орналасқан, ежелден өрке­ниет­тер мен халықтардың жолы тоғысқан кең­байтақ жері бар Қазақстанға әлемдік рухани орталық рөлі бұрыннан-ақ телініп келді. Сірә, Ұлы Даланың төсіне Рим Папасы ІІ Иоанн Павел алғаш қадам басқан және екі жылдан кейін әлемдік дәстүрлі діндер өкілдері  «Бәйтерек» мұнарасының іргесінде бірлесе мінәжат жасаған тарихи күндерде Астананың барша жұрт мойындаған киелі ордаға айналуының негізі қаланса керек. Бұрын қандай жағдайда да өзара ымыраласа қоймағандар осында бас қосып, үстел басында келіссөзге келіп, қол алысып жатса, Астананы құдіретті әрі қасиетті жер деп неге атамасқа?..

Большевиктер дәуірінде діни ғимарат­­тардың көбі қиратылып, бұзыл­май қалған­дары көкөніс сақтайтын орын, атқора немесе қойма ретінде пайдаланыл­ғаны, жақсы-ау дегенде Алматыдағы Әулие-Вознесен кафедрал­дық соборы секілді кейбір ғибадатханалар тарихи музей­ге бейімделгені ХХ ғасыр тарихынан белгілі.

Өткен жылдары Астанада Ғылмани мешіті мен Константин-Еленинский православ шіркеуі қалпына келтіріліп,  «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан» жаңа мешіттерінің күмбездері және зәулім Успен соборы бой көтерді. Қаланың әр түк­пірінде өзге де негізгі әлем­дік кон­фессиялардың  храмдары, ғиба­дат үйлері, діни оқу орындары мен жексен­білік мектептер  ашылды. Басқа киелі орындар да назардан тыс қалмады. Мәселен, елорданың батыс жағында қол бастаған Қабанбай батыр кесенесінің маңы абаттандырылып, соның жанында Ұлттық пантеонның іргесі қаланды.
Бірегей мегаполис салу идеясы мен тәжірибесі К.Курокава, Н.Фостер, М.Николетти және заманымыздың басқа да айтулы сәулет өнері майталмандары­ның өз ойларын жүзеге асыруына мүмкін­дік берді. Соның арқасында Астана тың урбанистік ізденістер мен батыл баста­ма­лардың қайнаған ордасына айналды.  

Астананы көшіру кеңістік пен гео­графия тұрғысынан ғана емес, сон­дай-ақ кезеңдік және тарихи өлшем­дер жағынан да орталыққа орнығу траекториясын қалыптастырды. «Қазақстан – еуразиялық держава, соған орай мемлекеті­міздің орталығына жылжуымыз сыртқы саясатымыздың бағыты көп векторлы екенін және инте­гра­цияның маңызын түсінетінімізді аңғар­­тады. Бүкіл әлеммен достық қарым-қатынас орнату, олармен жаны жақын және ашық-жарқын көрші болу – біздің мақ­сатымыз осы» – деді Мемлекет бас­шысы Астананың 1998 жылғы 10 маусымда өткен тұсаукесер рәсімінде. 

Сол жылы күзде қазіргі елорда орна­лас­қан жерден ортағасырлық Бозоқ қала­шығы орнының табылуы қабылданған шешім­нің дұрыстығын дәлелдейтін тағы бір жақсы жоралғыға баланды. Заманалар сабақ­тас­тығы осылайша қайта қалпына келіп, өт­кеніміз бен бүгініміз осылайша тоғысты.

Елбасының астананы көшіру жөнін­дегі ғаламат идеясы жүзеге асқаннан кейін, Қазақстан халықаралық ауқымдағы оқиғалар ортасына қарай нық қадам басып, жүз жылда еңсеретін жолды ширек ғасыр ішінде жүріп өтті. Бұрын әлем­ге танымал емес ел көптеген аса маңыз­ды саяси кездесулер мен ғаламдық деңгей­дегі процестердің ошағына айналды.

Елордамыз көшірілген сәттен бас­тап мемлекетіміздің ресми орталығы ретін­де қазіргі заманның аса маңызды халық­аралық іс-шараларын өткізіп келеді. «Астана ұстанымы», «Астана рухы», «Астана келісімі», «Астана араағайын­дығы», «Астана процесі» сияқты ұғымдар құрмет тұту әрі ізгі ниет тұрғысынан бүкіл ел дипломаттарының лексиконына және барлық әлемдік БАҚ-тың аналитикалық жаңалықтар контентіне берік енді.

Қазақстанның елордасындағы халық­аралық келіссөздерге деген құрмет пен сенімге Елбасымыздың ядролық қару­­сыздану жөніндегі жаһандық бас­тамаларының, еліміздің бейбітшілікке негізделген дәйекті саясатының, отандық дипломатиялық корпустың қажырлы ең­бегінің арқасында қол жеткізілді. Әлем­де бірінші болып ерікті түрде ядро­лық қарудан бас тартып, жер бетін­дегі ең ірі Семей ядролық полигонын жап­қан Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру жолындағы жаһандық күреске толық моральдық құқы бар ел ретінде жетек­шілік етіп қана қоймай, сонымен бірге қиын әрі ізгілікті бітімгершілік миссияны өз мойнына алды. 2010 жылы Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі елдер арасында бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына басшы­лық етіп, осы ұйымның 1999 жылдан бері өткізілмеген саммитін Астанада ұйым­дастырды. Бір атап өтерлігі, Астана форумынан кейін де бұл ұйымның саммиті өткен жоқ. Сириядағы азамат соғысын тоқтату үдерісі барысында Астана 2017 жылы жауласушы тараптар өкілдері­нің бейбіт келісім жүргізуіне мүмкін­дік туғызды. 2017 жылы күзде Аста­нада Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы­ның ғылым және технологиялар жөнін­дегі І сам­миті өтті. Онда Қазақстан бірқа­тар ма­ңыз­ды бастама көтерді. Еліміз 2018 жыл­­ды Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіп­сіз­дік Кеңе­сінің төрағасы ретінде бастады.

«Мекен адамды емес, адам мекенді көркейтеді» деген көнеден келе жатқан  нақыл сөз бар. Нұрсұлтан Әбішұлы қаланың келбеті оның сәулетімен ғана емес, ең алдымен, тұрғындарының мәдени, кәсіби, азаматтық және патриоттық деңгейімен де айқындалатынын үнемі еске салып отырады. Осы орайда аға ұрпақ өкілдерінің атына жылы лебізімді білдіргім келеді. Олар  жасы ұлғайғанына, сіңірген еңбегіне, жеткен мәртебелеріне және Алматыға әбден бауыр басып қалға­ны­на қарамастан, Ақмолаға тіршілік ету үшін ғана емес, сондай-ақ жұмыс істеу үшін де алғашқы лекпен бірге көшіп келді. Қаратай Тұрысов, Мырзатай Жолдас­беков, Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Бәйгелди, Кенжеғали Сағадиев, Жабайхан Әбділдин, Иван Щеголихин, Кәкімбек Салықов, Фариза Оңғарсынова, Зинаида Федотова, Ақселеу Сейдімбек, Әкім Тарази... Мен тек ең танымал тұлға­лар­дың ғана аттарын атап отырмын. Әйтпесе мұндай ардақты азаматтар жүздеп, мыңдап саналады.

Елбасының дәуірлік бастамасына қолдау көрсетіп, өзінің және ұрпақтары­ның өмірін жаңа астанамен байланыстыру үшін, мемлекеттің көмегіне жүгінбей-ақ, өз күшімен Ақмолаға көшіп келіп, қала шетін­дегі қарапайым үйлерге қоныс­тан­ған аға ұрпақ өкілдерінің ерлікке барабар көптеген істері жөнінде жақсы білемін.

Астана әртүрлі жастағы және әр өңірден келген адамдардың бастарын қосып, оларды біртұтас қауымға айнал­дырды. Осы жылдар ішінде «оңтүстіктің адамы» және «солтүстіктің адамы» деген сияқты қаншама қисынсыз ұғымдар жоққа шығарылды. Соңғы 20 жылда ортақ үйіміз – жаңа елордада тату-тәтті тұрып жатқан біздің кең-байтақ еліміз өңір­лерінің өкілдері осы кезең ішінде бір-бірі туралы, төл мәдени дәстүрлері туралы қаншама тамаша жаңалықтарға қанық болды десеңізші. Осылайша елорданың көшірілуі көп жағдайда сананы тар ауқымда ойлаудан арылтты. Бұл жөнінде Президент өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Әрине туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды», – деп нақты атап көрсеткен болатын.

Өсіп-өркендеген және заманауи жаңа елордамыз – инфрақұрылымы дамыған жай әкімшілік орталық қана емес. Ол – қалалар рөлінің трансформациялану дәуіріндегі бүкіл елдің орнықты дамуының құралына айналып отырған жаңа тұрпатты мегаполистің үлгісі. Болашағымыз Астана сияқты қалаларға тиесілі.

Өткен 20 жылдың ішінде елорда тұр­ғын­­дарының саны үш еседен аса өсті. Қала еліміздегі өңірлік жалпы өнімнің өсімі бойынша бірінші орын иеленіп отыр. 2015 жылдан бастап Астана рес­пуб­ликалық бюд­жеттің доноры болып саналады. Елор­даның заманауи білім беру және медицина кластер­лері тиімді жұ­мыс істеуде. Бүгінде Қазақ­станның аста­насы елімізде және шетел­дерде мойы­ндалған мәдени және ғылыми-зерт­теу орталығына айналды.
Мемлекет басшысының қаңтар айын­дағы Жолдауында атап көрсетілген «Ақыл­ды ұлт» үшін «Ақылды қала» салу жөнін­дегі тапсырмаларды жүзеге асы­ру ісі толық қарқынмен жүргізілуде. Астана қазірдің өзінде қалаларды басқару­­дың жаңа ұстанымдары мен прогресивті қағидаттарын көрсетіп отыр. Оның инно­вациялық технологияларды пайдалану тәжірибесі мен өмір сүру стандарттары тек өз еліміздің өңірлерін дамыту үшін ғана емес, сонымен бірге  шетелдер үшін де ынталандырушы әрі үлгі болып саналады.

Өткен жылы  Қазақстан­ның елорда­сында халықаралық ЭКСПО-2017 ма­ман­­­дан­­дырылған көрмесінің өткізілуі – осы сөзіміздің айқын дәлелі. «Болашақ­тың энер­гиясы» тақырыбына арналып, ТМД мен Шығыс Еуропа елдері арасында алғаш рет ұйымдастырылған көрмеге 150-ге тарта ел, халықаралық ұйымдар мен транс­ұлттық корпорациялар қаты­сып, өздерінің «жасыл» энергетика сала­сын­­дағы ең жаңа әзірлемелері мен тех­но­­ло­­гия­ларын ұсынды. Көрме жұмыс істе­ген 3 айда 4 мил­лионға жуық адам келді. Олардың 600 мыңнан астамы әлемнің 187 елінен келген шетелдік туристер болды.

Нұрсұлтан Назарбаев көрмені қоры­тындылай келе, «ЭКСПО»-ның өткізілуі жаһан­дық кеңістікте елімізді және «Қазақ­стан» ұлттық брендін ілгерілете түсу үшін жаңа белес болғанын атап өтті.

Қазақстанның елордасы «National Geographic» журналының тұжырым­дамасы бойынша «Болашақтың қаласы» сыйлығының номинанты болды. «New York Times» газеті біздің елімізді міндетті түрде келіп-кетуге лайықты орындардың тізіміне қосты.

Астана бізді түбегейлі өзгертті. «Астана» деп аталатын ғасыр жобасы бүкіл әлемге Ұлы Дала халқының қабілеті қан­­­­дай екенін көрсетті. Қазақстан Рес­пуб­­­ли­­ка­­сының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елор­­да­ны Алматыдан Қазақстанның орта­­лы­ғы­на, яғни Еуразия құрлығының кіндігіне кө­шіру жөніндегі шешімі жас тәуел­сіз мем­ле­кетіміздің болашаққа қарай эвол­ю­ция­лық ұмтылысының геосая­си, әлеу­мет­тік-эко­но­микалық және мәдени негізі болды.

Махмұт Қасымбеков,
Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы