Аймақтар • 13 Шілде, 2018

БҚО туризмінің «тұз көзірі» – Бөкей ордасы тарихи-музей кешені

1199 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы туризмінің «тұз көзірі» – Бөкей ордасы тарихи-музей кешені. Бөкей ордасының соңғы билеушісі Жәңгір ханның ставкасы орналасқан кешенде бірнеше музей және Жәңгір хан, ғалым Мұхамедсалық Бабажанов, күйші Дәулеткерей Шығайұлы сынды тарихи тұлғалардың кесенесі бар.

БҚО туризмінің «тұз көзірі» – Бөкей ордасы тарихи-музей кешені

Бірақ... бұл кешенді көру оңай емес. Өйткені ол Орал қаласынан 550 шақырым қашықта жатыр. Ал жолының жартысынан астамы асфальтталмаған. Көктемде, күзде, жаңбыр жауғанда көлік батпаққа батып, «Мың бір түндегі» Сандыбадтың сапарындай сергелдеңге түсуіміз бек мүмкін. Осы мәселе Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы мамыр айында Орал қаласына келген сапарында талқыланды.

– Бөкей ордасына біз туристерді апа­­рамыз деп отырмыз, көрсетеміз деп отырмыз. Жол болмаса қалай апарамыз? Сондықтан мен Үкіметке тапсырма бердім, қаржы бөлініп, Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына жаңадан жол салынатын болады, – деген еді Елбасы. Бүгінде Елбасының Жәнібек пен Бөкей ордасына жол салу тапсырмасына орай Батыс Қазақстан облысында арнайы топ құрылды. Қазір жолдың жобалық-сме­талық құжаты жасалып жатыр, нақты құрылыс келер жылы басталмақ.

– Хан ордасы тарихына қызығушылар көршілес Ресей Федерациясы аумағында да өте көп, – дейді белгілі өлкетанушы, Бөкей ордасы тарихының білгірі, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» директоры Айболат Құрымбаев. –  Әсіресе шекаралас Волгоград облысындағы Эльтон шипалы көлінде, Астраханьдағы Басқұншақ сорында жыл сайын мыңдаған демалушы болады. Сол туристерге арнайы барып, Бөкей ордасы туралы, тарихи музей-кешен туралы айтып, бірнеше мәрте тур ұйымдастырдым. Олар Хан ордасындағы ғимараттарды көріп, тарихына қанығып, ерекше риза болып кетеді. Ақшасын да аямайды. Бірақ екі арадағы 90 шақырымдық дала жолы үлкен кедергі. Осы араға тақ­тайдай тегіс жол салмаса да сәл-пәл ретке келтірсе, туристер тасқынын әжептәуір ұл­ғайтуға болар еді...

Бүгінде Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары тізіміне Батыс Қа­зақстан облысынан 7 нысан енсе, соның үшеуі жолы жоқ Бөкей ордасы мен Жәнібек ауданы аумағында орналасқан. Жергілікті маңызы бар нысандар тізіміндегі 40 мекен туралы айтпаса да болады. Арнайы тізімге ілініп, қалың кітапқа жарияланғанымен, бұл мекендерді аралайтын маршрут жа­салмаған, ақпарат та тапшы.

Дегенмен жекелеген мамандар мен ұйым­дардың бастамасымен өңірлік туризмнің тәй-тәй қадамдары жасалып­ та жатыр. Жақында Жәңгір хан атын­дағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жанындағы Биотехнология және табиғатты пайдалану ғылыми-зерт­теу институтының директоры, геогра­фия ғылымдарының кандидаты Қажымұрат Ахмеденов бір топ ғалыммен бірге Тас­қала ауданындағы Ешкі таудан Атырау облысындағы Дендер көліне дейін жү­ріп өтті. Ғалымдардың айтуынша, Қазақ­станның батыс өңірінде табиғи қорық, мемлекет қорғауына алынған арнайы аумақтар аз, бірақ Атырау мен Орал шекарасындағы Дендер көлі мен карсты тауларын, тұзды үңгірлерді емдік-турис­тік аймаққа айналдыруға әбден болар еді. 

Жоғарыда есімі аталған Айболат Құ­рым­баев та өз бастамасымен Батыс Қа­зақстан өңіріндегі тарихи орындарға, атап айтсақ, құлпытастары соңғы жылдары табылған Кіші жүз хандары – Айшуақ хан, Есім хан, Жантөре хан зираттарына, Сарқырама мен Қырықобаға, Ча­паев пен Дина күйші музейлеріне, Бөкей ордасына бірнеше мәрте ақылы саяхат ұйымдастырған. Оның айтуын­ша, насихаты болса, туристер баратын­ мекен жетерлік. Тек біріншіден, бұл тарихи орындарға барар жол қиын, екін­шіден, жергілікті билік орындары өз аума­ғында жатқан осындай тарихи жерлерге жеткілікті көңіл бөлмейді. Мысалы, жо­ға­рыда аталған хандардың зираты басына шағын қалақшадан өзге еш белгі қойыл­маған. 

Дегенмен өңірде туризмнің болаша­ғын түсінетін жандар көбейіп келеді. Сонымен бірге облыста балалар мен жасөспірімдер арасындағы туризмнің дамуы еліміз бойынша алдыңғы қатарға шығыпты. Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Виктор Фоминнің айтуынша, облыс­та 34 мың оқушы 138 туристік-өлке­тану үйірмелеріне жазылған. Батыс­қазақстандық туризм және экология ор­талығы Ресейдің Башқұртстан Респуб­ликасы, Волгоград, Самара, Орынбор өңір­леріндегі әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Балалар ­туриз­мі әсіресе Ақжайық, Зеленов, Сырым аудандарында жақсы дамып келеді екен.

Қазақ «ораза, намаз – тоқтықта» деген. Сол сияқты, ел көру, жер тану, өркениетті демалу да әлеуметтің белгілі бір дәрежеде ауқатты болуына байланысты болса керек. Соңғы жылдары Қазақстанның экономикасы сияқты, елдің ішкі туризм жүйесі көтеріліп келе жатыр. Ең басты айтарымыз – туризмнің инфрақұрылыммен қатар дамитыны анық.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы