Қазақстан • 03 Тамыз, 2018

Бірыңғай медиация күні өтті

1324 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Республикалық бірыңғай медиация күніне орай еліміз бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастыруымен «Ашық есік» шарасы өтті. Іс-шара барысында азаматтарға медиация туралы кеңірек түсіндіріліп, кеңестер берілді.

Бірыңғай медиация күні өтті

Еліміздің барлық қаласында, жоғарғы оқу орындары мен колледждердің ҚХА кафедралары мен мемлекеттік органдарда, «Нұр Отан» партиясында, кәсіподақ федерациялары мен бюджеттік мекемелерде семинарлар, «дөңгелек үстелдер», форумдар, клуб отырыстары, азаматтарды қабылдаулар, тұрғындармен кездесулер, іс-шаралар ұйымдастырылды. Акцияға кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, ҚХА, сот, прокуратура, заң органдары, адвокатура, нотариат, «Нұр Отан» партиясы, халыққа қызмет көрсету орталықтары, АХАЖ органдары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтары, БАҚ өкілдері және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.

Медиация бейтарап, әділ, жанжал нәтижесіне мүдделі емес тараптың қатысуымен өтетін дауларды реттеудің жаңа түрі болып табылады. Ол жанжалдардың алдын алу және оларды сотқа жеткізбей шешу, сол сияқты халықтың құқықтық сауаттылығын нығайтуды көздейді. Бүгінгі таңда қоғамдық сананы жаңғыртудың бірден-бір жолы медиация институтын дамыту болып отыр. Осы орайда республика бойынша облыстық және қалалық Достық үйлерінде ҚХА-ның 17 медиация кабинеті, ал аудандар мен ауылдық округтерде 829 медиация кабинеті жұмыс істеп жатқанын айта кету керек. Биыл Қазақстандағы  қоғамдық (кәсіби емес) медиаторлар саны 3169 адамға жеткен.

Азаматтардың кез-келген жанжалды шешу барысындағы ымыраға келуге дайындығы азаматтық жетілу мен жауапкершілігінің көрсеткіші, қоғамның құқықтық мәдениетінің даму деңгейін көрсетеді. Сондай-ақ ол Қазақстан қоғамының тұрақтылығы мен барлық әлеуметтік құрылымының беріктігін қамтамасыз етеді. Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың, қоғамда прагматизмді қалыптастырудың, білім культінің, бәсекеге қабілеттіліктің, Қазақстанның эволюциялық дамуының маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық медиацияның дамуына қатысуы туралы тапсырмасы Қазақстан халқының бірлігін нығайту бойынша жаңа қадам болып табылады.

Жанжалдардың алдын алу және оларды шешу, халықтың құқықтық мәдениетін нығайту үшін медиаторлар желісін дамыту аясында ассамблея Жоғарғы сотпен, Судьялар одағымен, Республикалық адвокаттар алқасымен, республикалық Нотариалдық палатамен, Денсаулық сақтау палатасымен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және тағы басқа да 40-тан астам тараппен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Республика бойынша өткен жылы медиаторлар араласқан 8355 дау шешімін тапса, сот арқылы 7724 іс шешілген. Ал 2018 жылдың 5 айы ішінде келіп түскен өтінімдер саны 9213-ке жеткен, олардың 3046-сы кеңес беру кезінде шешімін тауып, 6117 істі кәсіби медиаторлар арқылы медиациялық келісімге қол жеткен. Бұл медиация институтының елімізде кең қанат жая бастағанын білдіреді. Астана қаласының әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ директоры Нұр-Ахмет Досмұхаметтің айтуынша, қазаққа медиация ұғымы жат емес. «Біздің ата-бабаларымыз бұрыннан дау-дамайды өзара келісіммен шеше білген. Осы себепті бүгінгі медиация қызметінің мақсаты – тараптарды бірдей қанағаттандыратын және дауласу деңгейін төмендететін өзара тиімді бейбіт келісімге келтіру. Медиация барысында «кінәлі» және «кінәсіз» деген жақ болмайды», - деді ол.

Республикалық Кәсіподақтар федерациясы Астана қалалық филиалымен  біріге отырып өткізген ашық есік күніне қатысқан Астана қаласы, Байқоңыр ауданы соты Лаура Сүйіндікова айтуынша, VІІ республикалық соттар съезінде Елбасы тапсырмаларын орындау мақсатында Жоғары сот медиацияны қолдану аясын кеңейту үшін сотқа дейін дау-дамайды реттеу мақсатында міндетті етілген қанатқақты жобаны жүзеге асырды. Жаңа жоба татуластыру процедураларының қолдану аясын кеңейту, азаматтардың сот шығындарын азайту, тұрғындар дауын сотқа жеткізбей шешу мақсатын ұстанады. «Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы уақытта еңбек дауы саны өскен. Биылғы жартыжылдық ішінде Астана қаласы сотына 621 өтініш келіп түскен, оның  278-і бойынша оң шешім шыққан. Жалпы сот өндірісінде оның табысты өтуі тараптардың сауаттылығына, құқықтық мәдениетке де байланысты болады. Мұндай даулардың алдын алу мақсатында профсоюз комитеттері мен кәсіпорындардың келісім комиссияларының жұмысына сараптау жүргізу ұсынылады. Тұрғындар арасында сотқа дейінгі және соттан тыс дау-дамай шешу институттары бар екенін, олардың қаншалықты пайдалы екендігі, жалпы қоғамда еңбек дауларын азайтуға үлес қосатынын түсіндіру жұмыстары жүргізілу қажет деп есептеймін», деді ол.

Шара аясында ҚРКФ кәсіби медиаторлары кәсіподақтарға құқықтық көмек көрсету, еңбек дауларын медиация тәртібімен реттеу, еңбек заңнамасы мәселелері бойынша азаматтарды қабылдау жүргізді. Сондай-ақ Астана қалалық әкімдіктерінде, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалында, халыққа қолайлы болу үшін «Астаналық» сауда үйінде «Құқық» қоғамдық қорының заңгерлері, кәсіби медиаторлар ақысыз қызмет көрсетті, халыққа медиация қызметі бойынша заңға сәйкес кеңес беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Венера Түгелбай,

«Егемен Қазақстан»