Қазақстан • 05 Тамыз, 2018

Алматыда бірыңғай медиация күніне арналған ашық есік күні

517 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы Достық үйінде Республикалық бірыңғай медиация күніне арналған ашық есік күні ұйымдастырылды.

Алматыда бірыңғай медиация күніне арналған ашық есік күні

Елімізде соңғы жылдарда құқықтық дауларды сотқа дейін, яғни дау-дамайларды азаматтардың құқығы мен бостандығына залал келтірмей, әлемде қалыптасқан тәжірибелер деңгейінде шешу өз өміршеңдігін дәлелдеді. 2011 жылы «Медиация туралы» Заң қабылданды. Заң аясында жеке және заңды тұлғалардың қатысуымен азаматтық, еңбек, отбасылық және басқа да құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды, сондай-ақ ауыр емес дәрежедегі қылмыстық істер бойынша сот өндірісі жолға қойылды.

Алматы қалалық және аудандық соттардың, прокуратура органдарының, кәсіподақ саласы қызметкерлері, медиация орталықтарының, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының өкілдері бас қосқан шара аясында республика азаматтары арасында татулық пен тұрақтылықты сақтаумен қатар медиацияның дамуына қатысты көптеген маңызды мәселелер талқыланды.  

Іс-шараның модераторы Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясы ҚХА кафедрасының меңгерушісі Б.Батталханов Қазақстан медиациясының тарихына қысқаша шолу жасап, медиативтік келісімдерді жасаудың барысына тоқталып өтті.

Отандық медиацияны дамытуда еліміздегі этностараралық қарым-қатынастардың үлесі зор екендігін атап өткен Алматы қаласы ҚХА төрағасының орынбасары К.Мамсуров Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі негізі медиатор ретінде татулық пен достық қатынастардың үйлесімді болуына барынша ықпал етуде. К.Мамсуровтың айтуынша, медиация қызметі алғаш қолданысқа енген жылдарда даулардың бір пайызы ғана шешімін тапса, бүгінде бұл көрсеткіш әлдеқайда өскен.  Алматы қаласы ҚХА аясында кәсіпорындар, оқу орындарында, т.б. мекемелерде жиі кездесулер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.  

Алматы қаласы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Н.Балғымбаевтың айтуынша, елімізде құрылған Медиция орталығының міндеті қоғамдық келісімдерді өркениетті тұрғыда шешуге негізделген. Бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясына зор жауапкершіліктер жүктеліп отыр. Адам ресурстарына қамқорлық жасау, қорғау бағытында құқықтық сауаттылықты арттыру, сандық технологияларды енгізе отырып көрсетілетін қызметтер аясын кеңейту сияқты қоғамдық мәселелерді жеңілдетудің көптеген бағыттары жұмыс істеуде. Медиацияның әдептілік тұрғысындағы мәселелерді шешудегі үлесі зор. Осы орайда Достық үйінде ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ Медиациялық әдістемелік кабинетіндегі кәсіби медиаторлар тарапынан өткен жылы 130, оның ішінде 32  азаматтық, 31 қылмыстық, 49 әкімшілік, ал биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 29 істің оң шешімін табуына құқықтық негізде кеңестер берілген. Ал келесі жылы медиация қызметін жетілдіруге байланысты  Алматы қаласы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» жанынан виртуалды менеджер кабинетін ашу жоспарлануда. Еліміздегі медиацияның ұлттар арасындағы татулықты нығайтудағы ерекшеліктерін атап өткен «Ахысқа» республикалық түрік этномәдени орталығы жетекшісінің орынбасары Ш.Асиев және  т.б. баяндамашылар заманауи үлгідегі медиацияның маңыздылығына тоқталса, БАҚ өкілдеріне арналған шеберлік сағаттары аясында медиация үрдісінің ерекшеліктері түсіндірілді.

Іс-шарада сондай-ақ еңбек, заң және басқа дауларға қатысты туындайтын мәселелерге орай  қала тұрғындарына кеңестер берілді.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»