Өңірдің таңғажайып табиғаты көрген жанның көзін тоғайтып, көкірегінде қуаныш самалын соқтыратындығы тәмам елге белгілі. Солай бола тұра, туристік нарыққа қосымша қызметтер қосудың мүмкіндіктері әлі де толық қолға алынбай отыр. Бизнес-модельдерді жетілдіріп, ел игілігіне жаратқан кезде отандық, шетелдік инвестиция тартуға кең жол ашылмақ. Облыстық туризм басқармасы мен аудан әкімдіктері бірлесе отырып қолға алған тартымды жобалар кеңсесіне алдағы уақытта үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Болашақта бұл кеңсе жол бойындағы сервисті ұйымдастырып, цифрлы технологияға негізделген жаңа туристік маршруттарды ашу, қонақ үйлер мен демалыс орталықтарының құрылысы, көңіл көтеру аттракциондарын орнату және басқа да жобаларды қарастырып, тиісті ұйымдастыру қызметін атқаратын болады. Өйткені туристік бизнестің өркендеуі мен бағаның қолжетімділігі жанды бәсекелестікке тәуелді. Яғни заманауи туризм индустриясы шаруашылық ілкімділікпен қатар, сауатты бизнес-жоспарларды қажет етеді.
Жергілікті атқарушы органдармен әріптестік байланыс көптеген әкімшілік істерді, жер бөлу, инфрақұрылымды дамыту тәрізді мәселелерді ақылдаса отырып, бірлесіп күш жұмылдырып шешуге мол мүмкіндік береді. Ал кәсіпкерлер палатасы кез келген бизнес-ұсыныстарды саралап, инвестициялық тартымдылығын айқындайды. Инвесторлардың қатысуымен роуд-шоу ұйымдастырылып, таңдаулы жобалардың таныстырылымы өткізіледі. Бұл үшін арнайы байланыс желісі де ашылып отыр.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»