Таным • 25 Тамыз, 2018

Оралда қоғам қайраткері Құжырғали Төлеуішевпен кездесу кеші өтті

231 реткөрсетілді

Орал қаласында Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында «Елеулі есімдер» жобасы аясында қоғам қайраткері, «Шапағат» медалінің иегері Құжырғали Төлеуішевпен кездесу кеші өтті.

Бүгінде жасы 70-тен асқан ардагер Құжырғали Төлеуішев Атырау және Маңғыстау облыстарының мәдениет басқармасын біраз жыл басқарған. Ал Батыс Қазақстан облысындағы еңбегі облыстық қазақ драма театрымен тікелей байланысты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, 1993 жылы 16 желтоқсанда ашылған өнер шаңырағын 1996 жылдан 2014 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін басқарған Құжырғали Төлеуішев театрдың қалыптасып, өркендеуіне көп еңбек сіңірген еді. Осы жылдары театр ұжымы республикалық, халықаралық фестивальдерде топ жарып, бірнеше мәрте бас бәйгені иемденді. Талай дарынның жұлдызы жанып, ел ықыласына бөленді, мәртебелі атақтарға ие болды. Орал қазақ театры өнер сыншыларының жоғары бағасын алды.

- Құжырғали аға – өнерге жанын берген, барын берген тұлға. Оралда қазақ театрының басшылық тізгінін қолына алып, қиын-қыстау кезеңінде аяғынан тік тұрғызып, басқарушылық қабілетімен төрт аяғын тең басқан ұйымшыл ұжымға айналдырды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақ театр өнерін дамытуға қосқан үлесіңіз көп, еңбегіңіз өлшеусіз, - деді Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев.

Кеш иесі Құжырғали Төлеуішев өз сөзінде қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілдері Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза Әлі туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Альбер Камюдің «Калигуласын», Жан-Поль Сартрдің «Геростратын» т.б. әлемдік деңгейдегі 15-20 пьесаны қазақшаға аударып, қазақ сахнасына шығуына мұрындық болған қаламгер енді Әбіш Кекілбаевтың «Бір шоқ жиде», Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» шығармаларын сахнаға бейімдеп, инсценировка жасауға кірісіпті. «Көп жыл театрда қызмет ете жүріп, қазақ тіліндегі драматургияға мұқтаждық барын анық көрдім, біздегі бар шығармалардың тақырып аясының тарлығына көңілім толмайтын. Сондықтан осы аударма саласына ден қойдым. Бұл менің қазақ тілді сахна шығармаларын дамытуға, байытуға қосқан үлесім, - дейді Құжырғали Төлеуішев.

- 1998 жылы Таразда өткен республикалық фестивалде біздің Орал театры А.Асылбековтің «Бір түнгі оқиға» қойылымымен гран-приге ие болды. Осы үлкен жүлдені Әбіш Кекілбаевтың «Абылай» қойылымымен бөлісті. Құрылғанына бес-ақ жыл болған ұжым үшін бұл үлкен жеңіс еді. Жалпы, театр артисі үшін фестивальға қатысу – әрбір артистің арманы ғой. Соның ішінде фестивалге басынан аяқ қатысу, барлық қойылымды көру дегеніңіз – үлкен арман. Құжырғали ағамыз театр ұжымына осындай мүмкіндік жасады. Қаншама адамның бөтен қалада он күн бойы тұруы үшін қаншама қаржы керек?! Ағай соның бәрін реттеп жүретін. Құжырғали Төлеуішевтің тағы бір жақсы қасиеті – театр фестивальдерінде гран при алған қойылым режиссерін міндетті түрде Оралға алдырып, бізде де қойдыратын. Осының арқасында Қазақстандағы ең мықты режиссерлардың бәрі Оралға келді, қойылым қойды. Бұл дегеніңіз – театр ұжымы үшін үлкен мектеп қой, - дейді Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық театрының байырғы қызметкері, мәдениет саласының үздігі Мұсағали Бектенов.

Осы кеште театрдың бүгінгі директоры Қуаныш Амандықов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлжиян Шынтемір, еңбек ардагері, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасын ұзақ жыл басқарған Айдар Батырханов және басқалары кеш иесі туралы естеліктерін ортаға салды. Өлкеге белгілі өнер тарландары ән салып, көрермен көңілін көтеріп отырды. Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында өткен осынау кеш қазақ сахна өнерінің өрісін кеңіткен, шынайы өнер адамының мәртебесін биіктеткен оқиға болды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген Ержан ШӘКІРОВ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Cафлор көлемі артып келеді

Аймақтар • Бүгін, 15:30

Жаны қазақ Виктория

Қоғам • Бүгін, 12:08

Қандастарға қамқорлық

Аймақтар • Бүгін, 10:00

Қытай айнасының құпиясы

Аймақтар • Бүгін, 09:55

Өнер қонған өлке

Аймақтар • Бүгін, 09:48

Музей жаңа залдармен толықты

Руханият • Бүгін, 09:20

Тасқа қашалған жыр

Аймақтар • Бүгін, 09:04

Инфляция ырыққа көне ме?

Экономика • Бүгін, 08:58

Ұқсас жаңалықтар