Оралда туып-өскен ол осындағы №3 орта мектепті аяқтап, әскер қатарына шақырылады. 2 жылғы әскери өмірде Алексей қатардағы жауынгерден сержант шеніне жетті. Әскер қатарынан келіп, қаладағы жұмыс беруші орындарда түрлі қызметте істеді. Кейін облыстық суда құтқару қызметіне қабылдау жүріп жатқанын біліп, лезде құжаттарын тапсырды. Алғашында құтқарушы-матрос болып жұмысқа кірісіп, кейін арнайы дайындықтан өтіп, сүңгуірлік қызметке ауысты. Осылайша оның құтқарушы-сүңгуір ісі басталып та кетті.
Осы қызметтегі ең алғашқы атқарған ісі бір үйдің 6-7 жастардағы екі балдырғанын су түбінен алып шығуы еді. Көктемде болған бұл оқиғаны Алексей былайша еске алады. «Шаған өзені жағасында ойнап жүрген балалардың екеуі байқаусызда өзенге құлап, батып кетеді. Балалардың екеуін де су түбінен алып шыққан Алексей жаңа жұмысының жанға ауыр тиетінін байқайды. «Қызметіміз оңай емес. Осы уақытқа дейін көптеген жайсыз жайттарды көзбен көрдім. Су астында батқан адамды іздеу – айтарлықтай ауыр сәт. Бәрінен бұрын кішкентай баланың суға кеткені ауырлау», дейді ол.
Адамдардың суда қауіпсіздік ережелерін сақтамай, өз өмірлеріне немқұрайлы қарайтындықтарынан көптеген қайғылы жағдайлар орын алады. Сондай жағдайларды болдырмау мақсатында Алексей Викторович жасақ қызметімен ұйымдастырылатын алдын алу шараларына белсене араласып, суға түсушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрады.
Сүңгуірлік қызметінде суға кетушілер көптеп кездескендіктен, жұмыста салқынқанды болуына тура келді. Өйткені бұл жұмыс психологиялық тұрғыдан өз өзіне қатаң болуды үйретеді. Су астына батқан талай адамның денесін ештеңе көрінбейтін тереңдікке түсіп іздеу, оны алып шығу үшін де өз бойыңдағы қорқыныш пен үрейді жеңуің керек. Бұл әр адамның атқара берер жұмысы емес екені анық.
Суда құтқару жасағында – 12 жыл, ал мекеме қайта құрылғаннан кейін Жедел құтқару жасағында 3 жыл жұмыс істеп келе жатқан Алексей Еремеев бұл қызметте жылдам ойлап, тез әрекет ету керектігін тілге тиек етті.
Алексей құтқарушы-сүңгуір бола жүріп, 2002 жылы сырттай Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне оқуға тапсырды. Жоғары оқуды 2008 жылы аяқтап, газ және мұнай саласы бойынша жоғары мамандық алып шығады. Алайда газ бен мұнай саласына кетпей, сүңгуірлік кәсібіне берік күйінде қалды. Сүңгуірлік ендігі жерде Алексей Еремеевтің өмірінің ажырамас бөлшегіне айналып кетті десе болады. Еңбегі елеусіз қалмады. 15 жыл ішінде облыстық департаменттің марапатына, Төтенше жағдайлар комитетінің Алғыс хаттары мен Төтенше жағдайлар министрлігінің төсбелгілеріне ие болды.
Алексейдің айтуынша, сүңгуірлік істің қиын бір тұсы – батқан адамды ағысы қатты суда іздеу. Облыстағы мұндай су айдыны – Жайық өзені. Көктемде Жайық өзені тасып, ағысы қатты болғанда, батқан адамды ағыс орнынан қозғап әкетеді. Сол себепті іздестіру жұмыстары 3 күннен 10 күнге дейін немесе одан да көпке жалғасады. Ал қыстыгүні суға кеткендерді іздеу сүңгуір үшін тағы бір сынақ. «Сүңгуір іздестіру жұмыстарына әрдайым дайын болып, су түбіне кеткен адамды тауып алу үшін бар білімін, күшін жұмсауы қажет», дейді ол.
Алексей бүгіндері 1-класты құтқарушы және ІІІ топтың мамандығы бойынша 1-класты сүңгуір атағына ие.
Бүгінде Алексей Викторович екі қыз бен бір ұл тәрбиелеп отыр.
Құтқарушы-сүңгуір мамандығы – қауіп пен қатерге толы. Сондықтан қандай да бір қателікке бой алдырып, техникалық қауіпсіздікті сақтамасаң, өміріңе қауіп төнуі мүмкін. Бұл қызмет әлсіздікті көтермейді.
Асан НАРЫНБАЙҰЛЫ,
Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті
жедел құтқару жасағының қызметкері
ОРАЛ