Сапалы заң талабы
Отырыста сенаторлар «2009 жылғы 17 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға алу жағдайында Байқоңыр ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және Мәжіліс мақұлдаған «1996 жылғы 12 маусымдағы Табыс пен мүлікке қосарланған салық салуды болдырмау туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің арасындағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобаларын қабылдады.
Жиынды ашқан Сенат Төрағасы депутаттардың жаңа сессиядағы негізгі міндеттеріне тоқталды.
– Елбасы Парламенттің жаңа сессиясын ашып, депутаттық корпустың алдында тұрған негізгі басым бағыттарды айқындап берді. Біздің алдымызда тұрған айнымас меже айқын – елімізді дамыған мемлекеттердің қатарына қосу жолында аянбай еңбек етіп, кешенді шаралардың орындалуын заң тұрғысынан қамтамасыз ету. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жариялаған бес әлеуметтік бастаманы сапалы түрде жүзеге асырудың маңызы ерекше. Олардың орындалуы біздің үнемі бақылауымызда болуы тиіс. Елбасы атап өткен түпкі мақсат еліміздің әл-ауқатын одан әрі жақсартып, ел экономикасын дамыта түсуді көздейтін жұмыстарды орындау депутаттарға зор жауапкершілік жүктейді, – деді Сенат Төрағасы.
Қ.Тоқаев сенаторлардың өңірлерге барып, халықты толғандырып отырған мәселелерді зерделеп қайтқанын, бұл өз кезегінде алда тұрған ауқымды міндеттерді орындау үшін аса қажет екенін атап өтті.
– Сессия барысында өзін өзі жұмыспен қамтығандарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тартып, тұрғын үй қатынастарын реттеуге, отандық туризмді жақсартуға, кәсіпкерлікті және агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамытуға бағытталған заң жобалары бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Мемлекет басшысы құқық қорғау жүйесін реформалауға айрықша көңіл бөліп, бұл салада орын алып отырған кемшіліктерді атап өтті. Біз осы саланы реттейтін заңдарды жетілдіру бойынша жұмыс жүргіземіз. Сонымен қатар қылмыстық заңнаманы экономикалық қызмет саласында әрі қарай ізгілендіруді көздейтін заңнамалық түзетулердің топтамасын қарастыратын боламыз, – деп сөзін сабақтады Қ.Тоқаев.
Сенат Төрағасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында тарихи және киелі нысандарды тиімді дамытуға және қорғауға бағытталған заң жобасы да Сенаттың күн тәртібінде болатындығын атап өтті. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасына сәйкес, таяу уақытта Парламент қарауына қайта құрылған әкімшілік аймақтардың жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған заң жобалары енгізілетінінен хабардар етті. Оған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттық корпус Елбасы айқындаған маңызды міндеттерді табысты орындау жолында Үкіметпен бірлесе отырып, нәтижелі жұмыс істейтіндігіне сенім білдірді.
Медициналық тәуелділіктен арылады
Күн тәртібі бойынша сенаторларға «2009 жылғы 17 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға алу жағдайында Байқоңыр ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын таныстырған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндама жасады.
Оның айтуынша, 2017 жылғы 9 қарашада Челябі қаласында Байқоңыр ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы хаттамаға қол қойылған. Ал қолданыстағы келісімнің аясында осы Байқоңыр қаласында тұратын Қазақстан азаматтарына медициналық көмекті тек Ресей заңнамасына сәйкес ресейлік медициналық ұйымдар көрсетуде. Өз кезегінде, екі мемлекеттің медициналық қызмет көрсету тәртібі мен талаптарында айтарлықтай өзгешеліктер бар болғандықтан, аталған өңірдің тұрғындары тегін медициналық көмекті, дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды тегін алу, профилактикалық медициналық тексеруден өту заңды құқығымен қамтамасыз етілмеген.
– Байқоңыр қаласы тұрғындарының қолжетімді жоғары мамандандырылған медициналық көмек алу мүмкіндіктері жоқ. Бұл мүгедек адамдардың жағдайын айтарлықтай қиындатуда және жалпы өмір сүру сапасының төмендеу қаупін ұлғайтуда. Қолданыстағы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама жобасы Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінде тұратын азаматтарымызға ұлттық заңнамаға сәйкес медициналық көмек алуға мүмкіндік береді, – деді Елжан Біртанов.
Министр, сондай-ақ 2016 жылы Байқоңыр қаласында Қызылорда облыстық медициналық орталығының филиалы пайдалануға берілгенін атап өтті. Аталған мекеме өңір тұрғындарына стационарлық, стационарды алмастыратын көмек көрсете бастаған. Ол үшін тәуліктік 60 төсектік және күндізгі 20 төсектік орын ұйымдастырылған. Сонымен қатар осы жылдың басында қалада 30 мың адамға қызмет көрсететін емхана ашылған. Қазіргі уақытта бұл емханаға 19 мыңнан астам адам тіркелген. 2019 жылы емханада хирургия және жансақтау бөлімшесін ашу жоспарланып отыр.
– Алайда Байқоңыр қаласының аумағындағы қазақстандық медициналық ұйымдардың қызмет көрсету құқығын бекіту тек заңнамаға өзгерістер енгізу туралы хаттама күшіне енгеннен кейін мүмкін болады. Сондай-ақ хаттама ережелерінің күшіне енуі қазақстандық денсаулық сақтау мекемелерінде жаңа жұмыс орындарын ашуға құқықтық негіз жасауға мүмкіндік береді. Заң жобасы теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға алып келмейді, – деді Е.Біртанов.
Ал қосымша баяндамашы сенатор Серік Бектұрғанов 1991 жылдан бергі уақытта Қазақстан тарапынан ғарыш саласына және Байқоңыр кешеніне қатысты 116 халықаралық құжат қабылданғандығын, алайда, өңір тұрғындарына медициналық көмек көрсетуді жетілдіретін бұл келісім солардың маңыздыларының бірі екендігін атап өтті.
– Тек Байқоңыр қаласы тұрғындарының 63 проценті – Қазақстан азаматтары. Олар қазіргі уақытта Ата Заңымыз кепілдік беретін көмектерін ала алмай отыр. Мәселен, Ресей заңнамаларына сәйкес тек аурудың 31 түріне ғана тегін дәрі берілсе, Қазақстан тарапынан 49 түрлі дәрі тегін беріледі. Аталған хаттама отандық емдеу мекемелерін жарақтандыру, дәрігерлермен қамтуға да мүмкіндік береді, – деді сенатор.
Заң жобасын талқылау барысында сенатор Мұрат Бақтиярұлы аталған құжат қабылданғаннан кейін назар аударарлық мәселелердің бірқатарына тоқталып өтті.
– Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін Қызылорда облысының денсаулық сақтау субъектілеріне адам басына бекітілген тариф адам басына айына 683 теңгені құрайды. Жүйелі жан басына шаққандағы норматив бойынша амбулаторлық-емханалық кепілдік берілген тегін медициналық көмек республикалық бюджеттен беріледі және оның ішіне барлық коммуналдық шығындар кірістірілген. Алайда Байқоңыр қаласына көрсетілетін коммуналдық қызмет Ресей тарапы бекіткен тарифтермен төленеді. Қазіргі уақытта Байқоңырдағы коммуналдық қызмет бағасы Қызылорда облысының тарифтерімен салыстырғанда да бірнеше есе қымбат. Мысалы газдың бір текше метрі Қызылорда облысында 21 теңге болса, Байқоңырда 700 теңге – 34 есе қымбат. Судың бір текше метрі Қызылорда облысында 95 теңге болса, Байқоңырда 479 теңге – 5 есе қымбат. Жылу –
4 есе, электр энергиясы 1,7 есе қымбат. Нәтижесінде, Байқоңыр қаласындағы емхана 2017 жылды 68 млн теңге шығынмен аяқтаса, осы жылдың қаңтар-ақпан айларында 30 млн теңге шығынға батты, – деген сенатор М.Бақтиярұлы Байқоңыр қаласының ерекше мәртебесін ескере отырып адам басына шаққандағы нормативті ұлғайтуды сұрады.
Көршімен байланысты реттейтін құжат
Ал «1996 жылғы 12 маусымдағы Табыс пен мүлікке қосарланған салық салуды болдырмау туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің арасындағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов қолданыстағы келісімге енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды. Ол хаттаманың басымдықтарын атап өтті.
– Хаттаманың негізгі басымдықтары біріншіден, алдағы уақытта салықтың барлық түрлері бойынша ақпарат алмасуды қалыптастырып, салық қызметтері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту. Екіншіден, екі елдің ішкі заңнамасында көзделген салық төлеуден жалтаруға қарсы шараларды қолдану және заңды тұлғалардың қосарланған резиденттік проблемаларын шешу. Үшіншіден, кейбір қызмет түрлерін жүзеге асырған кезде олардың табыстарына бірінші күннен бастап салық салу, – деді Қаржы министрі.
Б.Сұлтанов сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-саттық жайына да тоқталды. Оның айтуынша, екі елдің тауар айналымы жоғары деңгейде сақталып отыр. Атап айтқанда, 2017 жылы бұл көрсеткіш шамамен 2 млрд АҚШ долларын құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 31 процентке өскен. Биылғы жылдың бірінші жартысында тауар айналымы 1,2 млрд АҚШ долларына жетіп, былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 35 процентке артқан.
Еліміз Өзбекстанға негізінен бидай, бидай ұны, рудалар мен мырыш қосындыларын экспорттауда. Ал импортта негізінен табиғи газ, көкөністер мен жемістер басымдыққа ие.
Жоғарыда аталған заң жобалары қабылдағаннан кейін сенаторлар Электронды жүйенің пайдаланылуын және оған қызмет көрсететіндердің жұмысын бақылау жөніндегі комиссия құрды.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»