Әлем • 12 Қыркүйек, 2018

Париждегі қазақстандық рух салтанаты

348 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Франция астанасындағы әйгілі Салтанат қақпа­сының дәл жанындағы Қазақстан елшілігінің алдында зағип және көзі нашар көретін отандас­тары­мыздың «Астана – Париж» бағытымен өткен құрлықаралық «Шектеусіз спорт» веломарафоны өз мәресіне жетті.

Париждегі қазақстандық рух салтанаты

Осыдан бір айдан астам уақыт бұрын «Қазақ елі» ескерткішінен басталған бірегей жоба жалпы саны 17 адам құрайтын, арасында көзі көрмейтіндермен қатар дені сау еріктілер де бар, рухы мықты азаматтар тобы 6 мем­­ле­кет аумағындағы 30 қала­ны қам­ты­ған ұзындығы 5 мың ша­қы­рым жолды жүріп өтті. «Шек­теу­сіз мүмкіндіктер әлемі» ұраны­мен өткен веломарафон баста­ма­шыларының айтуын­ша, оның негізгі мақсаты мүм­кіндіктері шектеулі отан­дас­тарымыздың биік мұраттарға жете алатындарын көрсету және көпші­лікті спортпен ұдайы шұ­ғыл­дануға әрі саламатты өмір салтын ұс­тануға шақыру болды. Іс-шара бас­талғаннан бері спорт­шылар жолдарында кездескен көптеген жандардан тамаша қолдау тапты.

Жобаның соңғы бөлігі Ножан-сюр-Марн қаласында орналасқан қазақтың біртуар қайраткері Мұстафа Шоқайдың мүсінінен басталып, әйгілі «Тур де Франс» веложарысының қорытынды кезеңі өтетін Елисей алқаптары даңғылы мен басқа да көшелерді қоса алғанда Париж аймағы мен атақты астананың айтулы орындары арқылы өтті. Батыл спортшыларды қолдау үшін олардың қатарына Франциядағы Қазақстан елшісі Жан Ғалиев пен Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігін­дегі «DiplomaСycles» Велоспорт әуесқойлары қауымдастығының мүшелері де қосылды.

Салтанат қақпасының жанында веломарафоншыларды Париждің 8-ші ауданының әкімі Жанн Д’Оскар, құрмет­ті сенатор, Борёгар-Левек ком­му­на­сының мэрі, бұрынғы кәсіби велосипедші Ален Нери, Пар­олимпиялық қордың жетек­ші­сі Ален Сиклис, қазақстандық студенттер, диаспора өкілдері, Қазақстанның француз достары, дипломаттар мен олардың отбасылары қуана қарсы алды.

Веломарафоншыларды қар­сы алу рәсімінде қазақстандық елші: «Кездескен қиындықтарға қара­­май, талай мейірімді адам­дар­­мен танысуға мүмкіндік берген осынау ұзақ жолдың мәре­сін­де сіздерді көруге аса қуаныш­тымыз. Осындай бастамалар ха­лық­тар мен мәдениеттерді шы­найы жақындастыра түседі әрі Қазақ­станның шетелдегі абы­­ройын нығайта түседі. Аста­на мен Парижді қосқан осы ве­ло­­ма­рафон Қазақстан мен Фран­­ция арасындағы Стра­те­гия­лық әріп­тестіктің 10 жыл­дығы ата­лып жатқан кезең­де ұйым­дас­тырылғаны біз үшін ерекше мәнге ие болып көрінеді. Себебі бүгінгі же­ңіс­теріңіз екіжақты спорт­тық және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға өз үлесін қосты дей аламыз», деді.

Спортшылар үшін Париждің ең көрікті жерлерін тамашалауға мүмкіндік берген теплоходпен экскурсия ұйымдастырылды.

Қалалар мен елдерді кеше жүре, веломарафоншылар зағип­тарды қолдау бір­лес­тік­тері­мен, спорттық қауымдас­тықтармен, жергілікті билік өкілдерімен, жүздеген және мыңдаған адам­дарға жолығып, алға қойған мақ­саттан таймай ілгері басудың жар­қын үлгісін көрсете білді.

Веломарафон жолындағы әрбір мемлекетте Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері отандастарына салтанатты қабылдау мен жергілікті параспортшылармен кездесулер ұйымдастырып, олардың трассаларда қауіпсіз жүрулеріне жәрдем жасады.

Балалар мен жастарды қол­дау­дың «Анашым» қайы­рым­дылық қоры 2001 жылы құры­лып, содан бері негізінен көру жағынан қиындықтары бар аза­мат­­тардың әлеуметтенуімен ай­на­лысады. Осы уақыттың ішін­де мүмкіндіктері шектеулі жан­дар­дың қоғамның толыққан­ды мүшелері болуына қолдау көр­сеткен бірталай табысты жоба­л­арды жүзеге асырып үл­гер­ді. Қордың қамқорлығымен 2016 жылы «Шектеусіз спорт» жо­ба­­сы­­ның негізі қаланып, оның ая­сын­да зағиптар мен нашар көре­тін азаматтардың қаты­суымен «Алматы – Астана» және «Ал­маты – Ыстықкөл» бағыт­та­ры бойынша екі веломарафон өтті.

 

Дайындаған Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»