Аймақтар • 12 Қыркүйек, 2018

Қос тарапқа да тиімді бағыт

346 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында жыл сайын мектепке баратын балдырғандардың қатары көбейіп келеді. Об­лыс орта­лығындағы №2 «Мұра­гер» мектебінде биыл­ғы оқу жылында 624 балдырған мектеп табал­дырығын аттады. 21 сыныпқа бөлінген, әр сыныпта 30 оқушыдан бар. Бұл рекордтық көрсеткіш деуге болғанымен санитарлық талап бойынша әр сыныпта бала саны 24-тен аспауы керек. «Мұрагер» – облыстағы маңдайалды мектептердің бірі. Басқа білім ошақтарында да осы жағдай байқалады.

Қос тарапқа да тиімді бағыт

Елбасы мемлекет-жеке­меншік әріптестігі маңыз бергені белгілі. Осы жағдай қалада өткен семинар-кеңесте талқыланды.

– Келер жылдан бастап «Білім туралы» Заңға сәй­кес мектепке 6 жастан балаларды қабылдау нормасы күшіне енеді. Ол кезде үш ауы­сымдық мектептердің туындау қаупі бар. Мұны мемлекет тарапынан қойылып отырған талап – жекеменшік мектептерді дамыту арқылы шешеміз, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Майра Меделбекова.

Облыстың бас мұғалімі студенттерге жатақхана­ның жетіспеушілігі мәселесін де жеткізді. 1,5 мың студентке кем дегенде бес жатақ­хана салынуы керек екен. Мұны да мемлекеттік тапсырыспен қатар жекеменшік әріптестігі аясында шешуге әбден болады. Айтқан­дай, облыс жастарына қажет­ті 5 жатақхананың екеуінің құрылысын кәсіпкерлер салып жатыр

– Мемлекет қазір мемлекеттік тапсырыс арқы­лы әр жататын орынға жаңа құ­рылыс болса, 122 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлейді. Ал модернизацияға, болмаса қайту құру, реконс­трукция тәсілімен жасалатын болса 47 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әр студентке төленеді. Бұдан бас­қа жатақханаларды бұ­­рын­ғы жатақхана ұғымында емес, қазіргі жаңа ұғымда – студенттер үйін жасау керек деп ұсынуда», – дейді «Қазақстандық мемлекет-жекеменшік әріптес­тігі орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Матаев.

Осылайша екі жаққа да тиімді бағыт бойынша жұмыс жүріп жатыр. Бүгінде «Маған Отаным не берді деп емес, мен Отаныма не бердім деп ойла» деген тәмсілге ұқсас ой жиі айтылады. Әлеу­мет­­тік мәселелердің бәрін мем­­­ле­кет­тің иығына ар­тып қойып, кетпеннің сабы­нан қарауыл қарау жаны­ашы­­мастың ісі. Шын жана­шыр­лар­дың пиғылы осын­дай кез­дерде танылады.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы