Білім • 12 Қыркүйек, 2018

Абаттандыруға атсалысып жүр

793 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздегі білім беру жүйе­сінің қазіргі кезеңін әлемдік деңгейдегі білім беру үрдісінен бөліп қарауға болмайды. Дү­­ниежүзілік сападағы білім мен білік негіздерін меңгеруде жаңаша білім мазмұнын құру – жалпы білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі.

Абаттандыруға атсалысып жүр

Осы орайда Шымкент қала­сының №89 мектеп-лицейі оқу­шылардың танымдық қабі­летін дамыту, білім сапа­сын арт­ты­румен қатар ақыл-ой шы­ғар­­­машылық белсен­ді­ліктерін же­тіл­діру, жеке пән­дерді оқы­ту­дың тиімді әдіс-тәсілдерін іздес­тіруде ілкі қадамдарға бай білім ордасы деуге болады.

Елбасы әр Жолдауында заман талабына сай білім беру қоғам мүшелерінің адамгершілік, интел­лектуалдық, мәдени да­муы­­ның жоғары деңгейін және кәсіби бі­ліктілігін қамтамасыз етуге ба­ғытталған тәрбие беру мен оқы­тудың үздіксіз үрдісі екен­дігін айтып келеді. Аталған ли­цей шәкірттердің ішкі әлеуе­ті мен сыртқы мәдениетін үй­лес­­тіруде жоспарлы жұмыс жүр­гізуде. Бүгінде тәрбие мен тәжірибені ұштастырып келе жатқан лицейдің жемісті жетіс­тіктерінің бірқатары айта кетерлік мәнге ие.

Алдымен, мұғалім шебер­лігінің негізгі көрсеткіші – методика саласындағы ғылы­ми жаңалықтар мен алдыңғы қа­тарлы озық тәжірибені жетік игеру. Әрине ізденіс нәтижесінде жүзеге асатын тиімді оқыту әдісі оқушылардың ғылыми негізде ынтасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте №89 мектеп-лицейі математика және жаратылыстану пәндері бойынша электив, үйірме сағаттарын ұйымдастырып, оқушыларды ғылымға баулу жолға қойылған. Ең бастысы, жаңа оқу жылының алғашқы аптасында әр айда өтетін интерактивті сабақтар кестесі жасалып, барлық бірлес­тік мұғалімдері бекітілген кесте бойынша флипчартпен сабақ өтеді. Мұғалімдер онлайн әдіс-тәсілдерді Plikers, Kahoot, Bilim land тапсырмалары арқылы оқыту, жаңа сабақтарды Tarsia, Smart бейдж, сематикалық карта көмегін қолдана отырып дәріс өткізудің оқушыға оңтайлы екендігін айтады. Интерактивті сабақтармен 1-11 сынып оқу­шылары толық қамтылып, үздік сабақтарды жинақ қылып шығару ұстаздардың сапалы жұмыс істеуіне жол ашады. Сапалы сабақтар өз кезегінде нанымды нәтижелермен лицей атын республика көлеміне танытып отыр. Қазірге дейін мектеп-лицей бойынша 450 оқушы ғылыми жұмыспен айналысса, оның 95-і үш тілде қорғалған. Бұл жерде оқушыларға ғылыми жетекшілік жасаған мектеп ұстаздарының «Экологиялық орталық» мамандары, сондай-ақ алтауы ғылым кандидаты екенін айта кеткеніміз жөн.

Сонымен қатар бірегей білім ошағы оқушылар мен ұстаз­дардың білім-білігінен бөлек, қоғамдық жұмыстарды жүзеге асырады. Айталық, былтыр Шымкент қаласын гүлдендіру мақсатында қалалық әкімдік, мешіт, қарттар үйі, мектеп пен балабақша сияқты маңызды нысандардың алдына 25 мың дана гүл көшеттерін отырғызуды қолға алған. Биылғы оқу жылында да Шырайгүлдің 11 мың, 2 мың Тагис, Канна гүлінің 2 мың данасын, сондай-ақ жарқырауық Сальвияның 500 данасын қаланы абаттандыру үшін тарту етті. Мұның бәрі қыруар еңбекпен жүзеге асқан жұмыс екені айтпаса да белгілі.

Ең бастысы, аталған көшет­тер биология пәні бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты негізінде лицей мекемесінің ауласындағы оқу тәжірибе алаңында өсіріл­ген. Алаң жұмысы 2012 жылдан бері жолға қойылған. Де­меушілер көмегімен құрылған 300 шаршы метр жылыжайда «Терек ағашын вегативті көбейту жолдарын зерттеу», «Раушан гүлін вегативті жолмен көбейту», «Шырайгүлді өсіріп, баптау», «Биогумус дайындау», «Телу және ұластыру», «Емдік қасиеті бар өсімдіктерді зерттеу», «Тұқымнан жеміс ағаштарын көбейту» жұмыс­тарын да №89 мектеп-лицей оқушылары қолдарына алған. Онда үйірмеге қатысқан оқу­шылар бақылау, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, теорияны практикамен, ғылыммен ұштастырады. Аталған тәжіри­бе алаңы оқушылар бойында білім мен экологиялық құзы­реттілік қалыптастыра отырып, Шымқаланы гүл қалаға айнал­дыруда әлі де көптеген жұмыстар атқармақ.

Мемлекеттің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жал­пы­ға Ортақ Еңбек Қоғамына қа­рай 20 қадам» бағдарламасы мен мектеп оқушыларының функ­ционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жос­пары аталған мектеп-лицейде оңтайлы шешімін тапты.

Білікті басшы Қасымбай Өмірбекұлы басқаратын лицей оқушылары жоғарыдағы жемісті жұмыстардың нәти­же­сінде халықаралық, респуб­ликалық, облыстық, қала­лық түрлі байқауларда үнемі же­ңім­паз атанып жатады. «Біз­дің балаларымыз бен неме­релеріміз бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болуы керек. Олар бейбіт, жылдам өркендеу үстіндегі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады. Сондықтан адамның жан-дүниесін рухани байытатын қасиетті бағалатуда әрқашан жаңашылдықты тарихпен, табиғатпен ұштастыруды мақсат етеміз», дейді мектеп директоры Қ.Атабаев.

Шынымен де жаңа адамды тек жаңашыл ұстаз ғана тәр­биелей алады. Өнерлі адамның талабын өнегелі ұстаз ұштауы керек. Сонда ғана жастар бола­шағының шоқтығы биік болмақ.

 

Фарида БАЙЫРБЕКОВА,

№89 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

ШЫМКЕНТ