Әдебиет • 12 Қыркүйек, 2018

Ақын есімі ұмыт қалмаса екен

841 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тоқаш Бердияров өмірінің соңғы жылдары Алматының Гоголь көшесіндегі №15 үйдің 69 пәтерінде тұрған еді. 1988 жылы 29 шілде күні 63-ке қараған шағын­да ол кенеттен қайтыс болды. Ақын­ның Келес өзенінің жаға­сындағы зиратына ескерткіш кеу­демүсін қойылған. Ұшқын ауыл­дық округіндегі Тоқаш Бер­дияров атындағы №127 жалпы орта мектебінде де ақынның кеудемүсіні орнатылған. Ақынның шағын мұражайы бар. 

Ақын есімі ұмыт қалмаса екен

Кешегі кеңес заманында «Келес» кеңшарының (қазіргі Қошқарата ауылдық окру­гінің) орталығы – Бесқұбыр ауылында ақын ескерткіші орнатылып, оның есімі мәдениет үйіне берілген болатын. Алайда тәуелсіздік жылдарында бұл атау ескерусіз қалып отыр. Келес ауданында Ұшқын деген атау бір емес, екі рет кезігеді. Оның біреуі ауылдық округ болса, екіншісі – елді мекен.

Осы еке­уін шатастырмау үшін әрі ақын ту­ған ауылға Тоқаш Бердияровтың есі­мін беру мәселесі қаншама рет кө­те­рілгенімен, әлі күнге дейін си­ыр­­құйымшақтанып, сағызша созы­лып, шешімін таппай келеді. То­қаң бақилыққа аттанғаннан кейін 70 және 90 жылдық мерейтойла­ры кеңінен атап өтілді. Оның алғаш­қ­ы­сында арқалы ақынның құрме­тіне халықаралық деңгейдегі мү­шәй­ра мен спорт жарысы өткі­зіл­ді. Кейінгісінде алматылық ақын Болат Шарахымбайдың құ­рас­ты­­руы­мен Тоқаш Бердияровтың «Ады­­распан» атты таңдамалы жыр жи­на­ғы мен арқалы ақын туралы «Көке» деп аталатын естеліктер жи­на­ғы шығарылды. Алайда түрлі се­беп­­­­термен 80 жылдық мерейтойы атал­­­май қалды. Ал биыл Тоқаң­ның ба­­­­­қилық болғанына 30 жыл толып отыр.

Осы орайда арқалы ақын есімін еншілеген №127 жалпы орта мектеп ұжымында қалыптасқан жақсы бір дәстүрді тілге тиек ете кетпесек болмайды. Олар жыл сайын То­қаңның жарық дүниеге келген және бақилық болған күндерін елеу­сіз, ескерусіз қалдырған емес. Шама-шарықтарына қарай атап өтіп келеді. Волейболдан жарыс ұйым­дастырады. Қажет болған жағдайда аудан, облыс көлемінен қадірменді қонақтар шақырып, олардың ақын туралы толғаныстарын тыңдайды. Тоқаңның асқақ рухына Құран бағыштап, өздерінің дәм-тұзын ұсынады. Аталмыш білім ордасын ұзақ жылдар бойы басқарған білікті басшы Бүбізина Тұрымбетова осын­дай жақсы үрдісті берік ұста­нып келгеніне қалайша сүйсін­бес­сің. Оның осы бір сауапты тір­лігін айрықша ілтипатпен тілге алғанымыз жөн. Енді ол зейнет­­керлікке шыққаннан кейін қазіргі мектеп директоры Ержан Юсу­пов та сол жолды сеніммен жалғас­тырады деген үміттеміз.

Өкінішке қарай, кейінгі кездері ақын есімін ұлықтау шаралары ұмыт қалған сыңайлы. Олай дейтініміз, арман қала – Астананы айтпағанда жарты өмірін өткізген, сауық-сайран салып, қызығы мен шыжығын қатар көрген ару Алма­тының өзінде Тоқаш Бердияровтың атында мектеп не көше, яки оған арнап орнатылған ескерткіш жоқ. Ақын тұрған үйге мемориалдық ескерткіш тақта орнатылмаған. Мұндайды шырайлы Шымкент шаһарынан да іздеп таба алмайсыздар. 1995 жылы қоңыр күзде арқалы ақынның 70 жылдық мерейтойында арнайы баяндама жасаған белгілі жазушы Мархабат Байғұттың: «Шымкентте Тоқаш Бер­дияровтың атына көше беріле­тін болды!» – деп жалпақ жұрттан сүйінші сұрағаны жадымызда. Бірақ, ол да аяқсыз қалды. Оны айта­­сыз, өзі туып-өскен алақандай ауыл­­ға да ақын атын қоя алмай, әлде қия алмай отырмыз ғой. Осы орай­да Тоқаңның көзін көрген, кі­тап­­­тарын шығарған айтулы ақын, Қазақ­­стан Жазушылар одағы бас­қар­ма­сының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Алматы және Шымкент қала­ларының әкімдері – Бауыржан Байбек пен Ғабидолла Әбдіра­хы­мовтың тарапынан бұл өткір де өзекті мәселеге қозғау салынып, ізгілікті де игілікті іс-шаралар қол­ға алынса екен дейміз.

 

Құттыбай ҚАЛЫБАЕВ,  ақын

Түркістан облысы,

Келес ауданы