Бизнес • 12 Қыркүйек, 2018

Жеңілдетілген несие ауыл тұрғындарына берілуде

460 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда облысы кәсіп­керлік саласын дамытуда республикада көш бастап келеді. Бұл сөзді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов айтты.

Жеңілдетілген несие ауыл тұрғындарына берілуде

– Жыл басында депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері және өңірлік бизнес-қауымдастық өкілдерінің бастамасымен облыста «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» жылы жарияланды, – деді ол. – Жақында қолыма өңірлердегі кәсіпкерлік саласының даму барысы туралы статистика түсті. Жеті айдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысы республика көлемінде бірінші орында келеді екен. Жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны облысымызда 10,8 процентке артқан. Яғни республикалық орташа деңгейден 2,4 есеге артық. Өткен жылы ғана облысымыз 16 өңірдің ішінде 10-шы орынға тұрақтаған. Дегенмен, жетістікке тоқмейілсуге болмайды. Алда атқарар жұмыс жеткілікті. «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бастамасының үш жылға ұзартылғандығын ескерсек, облыста жұмыссыз азаматтардың қатары азайып, кәсіппен айналысушылар еселенеді деген сенімдемін.

Жұмыс жүйелі қойылған жерде табыс болады. Об­лыс басшысы Қырымбек Көшер­баев­тың бастамасымен жыл басында өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен қатар мүлде жұмыссыз адамдардың есебі алынған. Аз емес, 100 мыңға жуық азамат екі қолға күрек таппай, қолына ілінгенін кәсіп қылып күн көріп жүр. Осынша азаматтың ертеңін ойлаған облыс басшылығы кешенді жос­пар жасап, кәсіпкерлікті өрістетуге шешім қабылдады. Нәтижесіз емес. Осы мақсатқа 32 млрд теңге қарастырылған еді. Қы­зылорда өңірлік инвестициялық орта­лы­­ғының өзі ғана 280 жобаны қаржыландырады.

Ауылдағы ағайынның кә­сіп ашуына жағдай жасалып, жеңілдетілген несиенің басым бөлігі ауыл азаматтарына бе­рілуде. Мәселен, биыл «Нәти­желі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 1,8 млрд теңге ауылды елді мекен жобаларын қаржыландыруға бөлінсе, 89,5 млн теңге қалалық жаңа кәсіпкерлердің жобасына бөлінген.

Неміс халқында «қарны аш­қанға балық берме, қармақ бер» деген қанатты сөз бар екен. Бір реттік көмек ешқандай аз қам­тылған отбасының қабыр­ғасын жаппайды. Ал жеңілдетілген несие мен кәсіпкерлікке оқыту ісі осылайша жемісін беруде.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы