Аймақтар • 12 Қыркүйек, 2018

Қалауын тапса, қалдық та қажетке жарайды

949 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ресми деректерге қарағанда жыл сайын елімізде 5–6 млн тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жиналады екен. Оның шамамен 150–200 мың тоннасы қарапайым тұтынушы «баклашка» атап кеткен полиэтилентерефталатты (ПЭТ) қалдықтар. Қоқыста толып жататын, зиянды болса да бірнеше рет қолданылып барып тасталатын пластик шөлмектерді қайта өңдеу Түркістан облысында қолға алынды.

Қалауын тапса, қалдық та қажетке жарайды

Құрылысы аяқталған полиэтилентерефталатты қайта өңдеу және штапельдік талшық шығару зауыты толықтай іске қосылған кезде 250-ден астам жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда зауытта ПЭТ қалдықтарды жуу, кептіру және бөлшектеу бойынша өндірістің бірінші кезеңі іске қосылып, 73 адам жұмыс істеп жүр. Келесі кезеңде штапельдік талшық шығару жолға қойылмақ.

Жобаны қазақстандық GreenTechnology Industries компаниясы мен Hong Kong General Industry And Commerce Co Ltd (ҚХР) шетелдік серіктес компаниясы іске асыруда. Мамандардың айтуынша, елімізде бірегей саналып отырған жоба бойынша шығарылатын синтетикалық талшықтың штапельдік түрі мыжылмайды, күйіп кетпейді және ұзақ уақыт бойы беріктігін сақтайды, гипоаллергенді қасиет­ке ие. Одан жасалған заттар қолмен ұстауға ыңғайлы, оңай жуылады. Сондай-ақ өнім құры­лыс жұмыстарының сапасын жақсартуға септігін тигізеді.

Бұдан өзге, полиэфирлік талшықтардан 3D принтерде басып шығаруға пайдаланылатын филаментке арналған (1,75 немесе 3 мм пластмасса жіп) материал жасауға болады екен. Жобаның жалпы құны – $20 млн. Жыл сайын зауытта 50 мың тонна дайын өнім шығару жоспарланған. «Қалауын тапса қар жанар» демекші, мұндай жобалар, яғни қайта өңдеу арқылы қалдықты қажетке жаратып, өңірдің экологиялық жағдайын анағұрлым жақсартуға болады.

Осы мақсатта жүзеге асы­рылған тағы бір жоба жөнінде айта кетейік. Шымкент қаласында «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС бас­та­масымен іске қосылған Ор­та Азиядағы алғашқы қуаты 0,5 мегаватты құрайтын «Биогаз қондырғылар кешені» бүгінде шайынды суларды кәдеге жаратуда. Бұрын шайынды су қаланың маңайындағы арнайы орынға жиналып, оның зардабын жақын елді мекендер тартатын. Жағымсыз исі ауаға тарап, құрамындағы зиянды заттар топырақты бүлдіретін. Қазір кәрізден аққан су арнайы цехта өңделеді. Кешеннің тазалау қуаты – тәулігіне 150 мың текше метр. Мұнда шайынды су механикалық және биологиялық тәсілдер бойынша тазартылады. Механикалық тәсіл бойынша кәріз суы тұрмыстық қалдықтардан арылса, биологиялық тәсіл бойын­ша ашыту арқылы тазалаудан өткі­зіледі. Тазартылған биогаз ком­прессормен газ құбыры арқы­лы қа­зандыққа жіберіліп, электр энер­гиясы өндіріледі. Кешенде саға­тына 300 кВт электр қуаты алы­нады.

 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы