Әдебиет • 19 Қыркүйек, 2018

Таразитану қарлығаштары

973 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітапханада Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, драматург, киносценарист, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Əкім Таразидың 85 жылдық мерейтойына арналған «ТАРАЗИ ТАҒЫЛЫМЫ» халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның аясында «Әкім Тарази – кинодраматург. «Тұлпардың ізі»: сценарийден фильмге дейін» (авторы: кинотанушы, өнертану кандидаты, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Кинематографистер Одағының мүшесі Нәзира Рахманқызы Мұқышева)  және «Жазушы жаны. Әкім Тарази прозасындағы ұлт болмысы»» (авторы: ақын, журналист, өнертану ғылымдарының магистрі Ұларбек Нұрғалым) аты кітаптарының тұсаукесері өтті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақ ұлттық өнер университетінің қолдауымен жарық көріп отырған кітаптар таразитанудың алғашқы қарлығаштары болып есептеледі.

Таразитану қарлығаштары

Шет елден келген жазушылар мен ғалымдар, еліміздегі зиялы қауым өкілдері қатысқан шығармашылық кездесуді тарих ғылымдарының докторы, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жүргізді.

«Әкім Тарази – кинодраматург. «Тұлпардың ізі»: сценарийден фильмге дейін» атты зерттеу еңбегі Әкім Таразидің кинодағы шығармашылығына, соның ішінде қазақ киносының көрнекті туындыларының бірі – жазушының сценарийі бойынша 1964 жылы түсірілген «Тұлпардың ізі» фильміне (режиссері: Мәжит Бегалин) арналып отыр. Фильмнің негізгі діңгегі – сценарий. Кинотуындының болашақ тағдырын да шешетін сол сценарий. Кітап авторы осы ретте ең алдымен фильмнің әдеби сценарийіне аса көңіл бөлген. Автор әдеби сценарийдің өзі фильмге барар жолда өзгерді ме, жоқ па, оны қалай қабылдағанына, қандай пікірлердің болғанына, т.б. назар аударған. 

Аталмыш еңбекте Әкім Таразидің Жоғары сценарлық курста (1962) дипломдық жұмысы ретінде жазған «Жазирадан» бастап, «Жанарымда – Шолпан жұлдыз» (түпнұсқада «Вижу Венеру» деп аталады), «Жазира» (аздаған өзгерістер енген «Жанарымда – Шолпан жұлдыз» сценарийінің екінші нұсқасы) және өндіріске жіберілген соңғы нұсқасы – «Тұлпар» әдеби сценарийлері мен режиссерлік сценарий, фильмді түсіру және оны экранға қабылдау кезеңдері қарастырылған. Оған қоса әдеби сценарийдің барлық нұсқасы мен режиссерлік сценарий, фильм бойынша «Қазақфильм» киностудиясының сценарлық бөлімі мен Көркемдік кеңесінде өткен талқылау жұмыстары қамтылған.

«Жалпы деректі құжаттарға, архив материалдарына сүйене отырып, нақты бір фильмнің сценарийінен бастап, өндіріске жіберілуі, түсірілуі, экранға шығуы сияқты кезеңдер қамтылған еңбек бұған дейін бізде болған жоқ. Бұл – сондай форматтағы алғашқы кітап қой. Мұндай идея осыдан бес-алты жыл бұрын келген еді. Кітапты шығарудың сәті енді келді. Амандық болса, әлі алда осындай зерттеу жүргізетін қаншама фильмдер бар. Біз көбіне дайын фильмнің өзін көріп, соған баға беріп, талдау жасап жүрміз ғой. Ал оның өмірге қалай келгенінен бейхабармыз», дейді Назира Рахманқызы.

 Ал, «ЖАЗУШЫ ЖАНЫ. Әкім Тарази прозасындағы ұлттық болмыс» атты зерттеу кітапқа Әкім Таразидың «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз» романдары мен 5-6 повесть, әңгімелерін талдаған мақалалар еніп отыр.

Бұл кітаптың жазылу жайында автор: «Әкім Таразидың шығармашылығы бойынша жазылған бұл зерттеу еңбек ұлтымыздың болмысы жайына үңілу мақсатында қолға алынып еді. Ұлт болмысының өзгерісі әрине үлкен процесс. Оны тек қана тарихи фактілер арқылы ашып көрсету мүмкін емес еді. Бұл күрделі үрдістің құпиясына тереңірек бойлауға әдебиеттің, соның ішінде адам жанының терең қалтарыстарын шынайы образдар арқылы аша білетін прозаның орыны айрықша екендігін осы шығармаларды оқу барысында тіпті де анық түсіндім. Сондықтан да Әкім Тарази прозасын таңдадым» дейді. Бұл еңбекте автор аса күрделі қоғамдық жүйемен күреске түскен адам табиғатын, ұлт болмысын терең түйсініп, айшықты сомдаған жазушы-драматург Әкім Тарази прозасындағы кейіпкерлер бейесін мақал-мәтелдерімізде айтылатын қазақ болмысымен салыстыра зерттейді.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше