Спорт • 22 Қазан, 2018

Ерлан Серікжанов: Токиоға нағыз мықты балуан барғаны дұрыс

497 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дзюдодан Бакуде өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бір күміс пен бір қола медаль еншіледі. Әйелдер арасында Галбадрах Отгонцецег үздік үштіктен көрінсе, ерлер сынында 66 килодағы Ерлан Серікжанов финалда белдесті. Ересектер сапында алғашқы чемпионатында-ақ айтарлықтай жетістікке жеткен Ерланды құттықтап, жанкүйерлер қауымына жақынырақ таныстыруды жөн көрдік. 

Ерлан Серікжанов: Токиоға нағыз мықты балуан барғаны дұрыс

– Финалдық белдесуде қай тұста қателестім деп ой­лайсыз?

– Қателікті жасаған өзім. Асығыстық таныттым. Жапон ба­­луанын тезірек ұтсам деген ұм­­тылысым тізгінді қарсы­ла­­сымның қолына беріп қоюы­ма әсер етті. Негізі мұн­­­­дайда ба­йып­­пен әдіс жасап, керек кезде са­бырлық та­­­нытқан дұрыс. Бұл өзіме сабақ болды. Әйтпесе оны жақ­­сылап зерттеп, барынша дайындалғанмын.

– Биылғы жылдың бас­ты бәсекесі Азия ойындары бол­­­ғаны анық. Бастапқыда осы аламаннан қалыс қал­ға­­­­­­ны­ңызға ренжіген жоқсыз ба? 

– Рас, сары құрлық Олим­пиа­дасының беделі әлем чемпиона­тынан жоғары. Екі маңызды доданың өткізілу уақыты тым жақын болған­дықтан бапкерлер бастапқыда-ақ бізді екіге бө­ліп, кімнің қай турнирде бақ сы­най­тындығын айтты. Бұл – мен үшін ерлер құрамасы сапын­дағы алғашқы әлем чемпионаты. Сондықтан бапкерлердің осындай аламанда ел намысын қорғауды маған тапсырғаны үлкен қуаныш. Ойда тек үмітті ақ­тап шықсам деген тілек тұрды. 

– Сіздерге қан­дай міндет жүк­телді?

– Алтын медаль алу туралы жоспар болған. Ғұсман Қыр­ғызбаев алғашқы орыннан басты үміткер еді. Өкінішке қарай, бұйырмады. Өзге балуандар да жүлдегерлер қа­та­­рынан көрінеді деп үміт­тендік. Алайда Қазақстан құ­рамасы бір күміс және бір қола медальға қол жеткізді. 

– Былтырғы бірінші­ліктен Қазақ­станның ерлер құра­масы жүлдесіз қайтқан. Би­ылғы нә­ти­жеге бапкерлер қанша­лық­ты риза?

– 2015 жылы Астанада біздің жігіттер қоржынға бір ал­тын мен бір күміс сал­ған. Со­дан бері бапкерлер құ­рамы ауысты. Ол кісілер жат­­тығуға өзгерістер енгізіп, жаңа әдістермен даярландық. Жос­пар толық орындалған жоқ. Дег­енмен оған әсер еткен әлгін­дей факторлар бар. 

– Қай белдесуіңіз сіз үшін қиын соқты?

– Мұндай додадағы қар­сы­­ластың қай-қайсысы да осал емес. Дегенмен ширек финалда әлемдік рей­тинг­­­тің көшбасшысы Тель Фли­кермен жолымыз түйісті. Ал финалдық жолдама са­рапқа салынған айқаста моңғолиялық Херленгд Ган­болдпен күрестім. Ол – өте тәжірибелі әрі мықты балуа­н. Жеңімпаз негізгі уақыт тұр­мақ, қосымша уақытта да анық­талған жоқ. Сонан соң Golden Score беріліп, сол кезде күрес тізгінін қолыма алдым. Сөй­те тұра біраз күш жұмсауға тура келді.

– Командаластары­ңыз­дың өнеріне қандай баға бе­ресіз? Мықты екендік­те­рін дә­лелдеу үшін не жетіс­педі?

– Әлем чемпионатына Қа­зақстан құрамасы да мық­­тыларын алып барды. Бап­керлер штабы тактиканы дұ­рыс құрып, даярлық жоғары деңгейде  ұйымдастырылды. Жігіттердің барлығы бабында барған. Тек бап пен бақ қатар шаппаған шығар. Мұндайда сәт­тіліктің де орны бөлек. Сон­дықтан ешкімді кінәлай алмайсың.

– Өзіңіздің дзюдомен таныс­тығыңыз қалай бас­талып еді?

– 2005 жылы Шығыс Қазақ­стан облы­сы­ның Үржар ауданына қарасты Үржар ауы­­лында Айдар Қайыр­баев ағамыз дзюдо үйір­месін ашты. Сол кезде 10 жасар мен Айдар ағайдың шәкірті атандым. Бастапқыда бірнеше рет бокспен шұғылдансам деп ұмтылып көргенмін, бапкерлер жасымның да, денемнің де кішкентайлығын айтып үйірмеге қабылдамай қойды. Нағашы ағаларым күреспен айналысқан. Есімді білгелі спорттан өзге жол көрген жоқпын. Ата-анам да соны сезген болар, жолымды бөгеген жоқ. Міне, 13 жылдан бері бапкеріммен бірге жұмыс істеп келеміз. Айдар ағам спортта ғана емес, өмірде де ақылын айтып, бойымды сенімсіздік биле­ген кезде жігерлендіретін сөздер табады. Жарысқа қаты­сатын ақшам жоқта өзінің қалтасынан төлейтін. Маған, менің болашағыма шынымен де сенді. Ол кісімен жолы­ғуымның өзі Алланың маған берген бағы шығар деп ойлаймын.

– Еліміздегі бәсеке жағы қалай? Сіздерге босаңсуға мүмкіндік бермейтін жас­тар бар ма?

– Елдос Сметов, Рус­там Ыбраев пен Азамат Мұқа­нов секілді ағаларымыз халық­аралық ареналарда атой салып жүр. Соларға ұқсасам деген жастар өсіп келеді. Тиісінше бәсеке де мықты. Бұл өте жақсы. Себебі бәсе­ке бар жерде шынайы мық­тылар анықталады. Менің салмағымда Елдос Жұмақанов – басты қарсыласым. Ерлан Жақсыбеков, Омар Қыр­ғыз­баев секілді балуандар да оңай шағылар жаңғақ емес. Айта берсек, «сен тұр, мен атайын» дейтін спортшылар жетерлік.

– Токио Олимпиадасы жа­қындап қалды. Төрт­жыл­­дықтың бас додасына қатысу кез келген спорт­шы­ның арманы. Бап­кер­лерге шынайы мық­тыны анық­тау қиынға соға­тын тә­різді ғой...

– Олимпия ойындарына ұпай жинауды енді бастап жатырмыз. Қазақстан атынан Токиоға кім барса да, ең бастысы жүлде алып, ел үмітін ақтауы керек. Іріктеу кезеңдері аға-іні болып сыйласып жүрген біздің қарым-қатынасымызға еш кедергі түсіре алмасы анық. Жапония астанасында шынайы мықты бақ сынаса, оған ешкім ренжи қоймас. Оны анықтайтын бапкерлер құрамы бар. Уақыттың еншісіндегі дүние ғой.

Мәдина АСЫЛБЕК,

журналист