XVII ғасырдың 20-жылдарының аяғына қарай Ташкент билеушісі Тұрсын ханның Есім ханға қарсы бүлігін жаныштауға қатысқан. Бұл тарихи оқиғаны Марғасқа жыраудан қалған: «Ей, Қатағанның ханы Тұрсын, Кім арамды ант ұрсын», деген өлең жолдары дәлелдей түседі. Бұл Марғасқа жыраудың қысқа қайырымды толғауынан үзінді. Толғау Қазақстан Ғылым академиясы Əдебиет институтының қолжазбасынан алынып, 1967 жылы «Ертедегі əдебиет хрестоматиясына» енгізілген.
Ойшыл, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жазбаларында: «Қатағанның хан Тұрсын, Қай кеткенді ант ұрсын», деп келтірілген. «Еңсегей бойлы ер Есім» атты жеті мың жолдық жырды тұңғыш жырлаушы Марғасқа жырау деген деректер кездеседі. 1938 жылы халық ақыны Қазанғап Байболұлы он баспа табақ етіп дастанды жазып шығарған. Жырдың қолжазбадағы нұсқасын 1941 жылы Қазақ Ғылым академиясының Орталық кітапханасына (№513) ақын Омарбай Малқаров тапсырған. Жеті мың жолдық жырды тұңғыш жырлаушы Марғасқа жыраудың шығармасындағы басты кейіпкер – Есім хан туралы мәлімет жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында кездеседі.
Марғасқа жыраудың рухани мұрасы толықтырылып, көлемді еңбек жарық көрсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Әділбек ӨМІРЗАҚОВ