Таңдай қағасыз да ойланасыз. Ойлана келе сауал туындайды? Қазақтың әрбір ауылынан атойлаған батырлар шықса, қалмақтар мен жоңғарлар қазақ даласында неге ат ойнатып, әмірін жүргізген? Тіпті Қоқан, Хиуа хандығының атқосшыларына дейін неге қазақ ауылдарына қоқаңдаған? Әрине, қалың бұқара үшін атқа қонған, туған даласының ұлтарақтай жерін қалың жауға бермеймін деп атқа қонған ерлердің болғандығына сөзіміз жоқ. Ал енді бүгінде ру-рудың, аталастарын атқа қондырып, баһадүр атандырып, барлығын батыр деп қабылдау санаға сыймайды-ау, кешіріңіз. Жол бастаушыны қол бастаушы деп көрсету, сатқындарды батыр деп бағамдау қаншалықты дұрыс әрекет?
Аңыз арқылы өрілген, «дейді-дейді екен» әңгімесінің ішінен батыр бабаларының ерлігін айнытпай табатын, оның батырлық, әулиелік, көріпкелдік қасиеттерін елінің азаттығымен астастыру қабілеті, шеберлігі алаш ұрпағына ғана тиесілі болса керек-ті. Әсіресе «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ауыл дәрежесіндегі батырлар мен ақындарды халықтық деңгейге көтеруге деген жанталасқан тірлікті құптай қою қиын.
Арғы тарихты қозғамай-ақ, бертіндегі кейбіреулерінің іс-әрекетіне өзіміз куә болған, кеңестік дәуірдегі қызмет жасаған, совхоз директоры, партия комитетінің хатшысы болғандардың барлығы елі үшін аянбай еңбек етті дегенге не дерсіз. Газет-журналдарда жарияланған мақала кейіпкерлерінің еңбек жолына үңілсеңіз, Қазақстанда баяғыда-ақ «жұмақ» орнаған екен. Кейіпкерлердің барлығы дерлік халқына қалтқысыз қызмет жасапты. Совхоз басқарғанда да, аудан басқарғанда да, облыс тізгінін қолға ұстағанда да, министр болған кезде де адалдық принципінен әсте айнымаған. Пендешілікке бас ұрмаған, жеке басына қатер төнсе де халқы үшін алған бағытынан қайтпапты-ау қайтпапты. Құдай-ау, сонда Кеңес Одағы тұсында қазақтың аузынан ақ майы ағып өмір сүрген бе? Егер солардың барлығы елдің қамын ойлайтын болса, қазақтың тілі босағаға шығып қалар ма еді? Әлгі қаһарман-кейіпкерлер өмір сүрген қоғамда 700-ге жуық қазақ мектебі жабылып, қазақтың саны өз жерінде 40 пайызға дейін құлдыраған жоқ па? Сонда ұлты үшін жанын шүберекке түйген тұлғалар қайда жүрген? Болмаса ауылдан келген ағайындар қалаға «пропискаға» тұра алмай сандалып жүрер ме еді?
Билік тізгінін ұстаған азаматтардың абыройын асқақтатуға ықпал ететін тағы бір амал – көздің жауын алар ғимараттар, қалалар салдырғандығы. Кейіпкерлердің осыған қандай қатысы бар екенін түсінбейсің. Өйткені ол Мемлекеттік жоспарлау комитетінің жобасына сәйкес алдына ала бес жыл бұрын жоспарланып қойылмай ма? Жарайды, қалаларда салынған көзді арбайтын сол ғимараттарда кімдер жұмыс істеді? Жаңадан салынған қалаларда, оған қоса сол қалаларда салынған үйлердің қызығын басқа ұлттардың өкілдері көрді емес пе? Қазақтан шыққан басшылардың барлығы бірдей қайраткер болса, қазақ халқының әлеуметтік, демографиялық жағдайы құлдырап, ұлттық кадрлардан тапшылық болмас еді ғой. Тұлғалардың еңбегін бағалауға келгенде бұра тартпай, әрқайсысына лайықты бағасын бергенде ғана әділеттілік салтанат құрады емес пе.
Әділеттілік демекші, екінің бірі Жұмабек Тәшенов емес қой, елдің аумағын бөлшектеуге қарсы шығып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы сынды лауазымды қызметін тәрк ететін. КСРО-ның тізгінін ұстаған Н.Хрущевке: «Никита Сергеевич, егер Жоғарғы Кеңес әр республиканың жерлерін жергілікті органдарынсыз шеше беретін болса КСРО-ның және ұлт республикаларының Конституциясын жою керек қой. Ал ол Конституциялардың баптарында әр ұлт республикасы өзінің тарихи жеріне, ондағы байлығына өз меншігім деп пайдалануға құқы бар. Оны өзгертуге ешкімнің, ешбір органның құқы жоқ» деп айтқан да Тәшенов.
Екінің бірі Жұбан Молдағалиев емес қой қасқайып тұрып, Желтоқсан көтерілісінде ұрпағының соққыға жығылғанын көргенше «соғыста өлгенім артық еді» дейтіндей. «Кейде тіпті басшы жолдастардың қазақ жастарының Республика жоғары оқу орындарындағы саны, айталық, орыс студенттерінен көп екен дегені кінәлағандай, тіпті министрлікке ескерткендей естіледі. Ал олар Қазақстанда көп болмағанда, қайда болмақ?» деп Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбинді сұрақ астына басқа кімнің дәті барды екен?
Қалай болғанда да, халқына қорған болған осындай тұлғалардың өмірі кейінгі буынға өнеге. Ендеше, кейіпкерлерді креслосына қарап емес, елге сіңірген еңбегіне қарап нағыз мемлекетшіл тұлғаларды ғана насихаттағанымыз жөн болар!
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»