05 Ақпан, 2019

Қазақтың қара есептері

826 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақтың қара есептері

22-ЕСЕП:

Екі достың малы

Қыс қыстауы көрші екі дос болыпты. Оның бірін­шісі жыл сайын қысқа қарай екі мая, ал екіншісі бір мая шөп дайындайды екен. Бірінші көршінің малдары жинаған шөпті төрт айда тауысса, екінші көршінің малдары да бір мая шөпті төрт айда тауысады екен. Бірақ бір жылы екінші көршінің шөбі байқаусызда түгелдей өртеніп кетіпті. Амал жоқ, бірінші көр­ші екінші досына қол ұшын созып, досының малдарын өзінің екі мая шөбіне салады. Сұрақ: екі достың бар малы екі мая шөпті қанша уақытта жеп тауысады және олар қыстан аман-есен шыға ала ма?

23-ЕСЕП:

Әйтеке бидің енші бөлуі 

Әйтеке бидің бәйгенің алдын бермейтін 20 сәйгүлік тұлпары болыпты. Би қар­тайып дүниеден өтер алдында, «тұлпарлардың екі­ден бірін өзімнің балала­рым, төрттен бірін – наға­шы жұртым, ал бестен бі­рін – қайын жұртым ен­ші­лікке алсын!» деп ама­­нат қалдырыпты. Би дү­ние­ден өткен соң балалары тұлпарлардың екіден бі­рін (10 тұлпарды), нағашы жұрты – төрттен бірін (бес тұл­­парды), қайын жұрты – бестен бірін, яғни төрт тұл­парды бөлісіп алады. Бар­лығы 19 тұлпар. Бір тұлпар неге бөліске түспей қалды?

24-ЕСЕП:

Алдаркөсе мен Шығайбай

Алдаркөсе асығыс шаруасымен бара жатып Шық бермес Шығайбаймен жолы­ғып қалады. Шықаңның қуа­нышы қойнына сыймай отыр екен. Алдекең мән-жайын сұраса: «Көптен бері менен 10 сом қарыз алып қайтара ал­май жүрген көршім бар еді, соны бүгін өсімімен 13 сом қай­тарып алдым. Соған кө­ңілім толып отыр» деп мақ­таныпты. Сонда Алде­кең: «Егер ол қайтара ал­май жүрсе жағдайы бол­маған шығар. Көршіні мәж­бүрлеу күнә. Ана өсім қы­лып алған үш сом саған жақ­сылық әкелмейді, оны оған қайтарып бер» дей­ді.  Шығайбай келіседі де үйі­нен үш сом алып шығады. Бірақ ақшаны қайтаратын кезде іш­тарлығы ұстап, көршіге бір сом қайтарып береді де, екі сом­ды қалтасына жасырып қа­лады.  

Шығайбай есептей келіп: «Көршіден 13-1=12 сом алдым, енді оған жа­сы­­­рып қойған 2 сомды қоссам барлығы 14 сом бо­лады. Демек, тағы да 1 сом қосымша пайда түсті қал­­тама» деп қуанады. Ал­дар­көсе шаруа­­сын бітіріп қай­та оралып келе жатып, тағы да Шығайбаймен кездеседі. Ол алғашқыдан да зор мәз-мейрам болып отыр екен. Алдекең мән-жайын сұраса, ол: «Көршіге 3 сом емес, 1 сом қайтарғанын, осы се­бепті ол көршіден 13 сом емес, 14 сом алып, 4 сом үс­теме пайда түсіргенін айтады. Сонда Алдаркөсе: «Енді көршіге артық 4 сом­ның 1 сомын тағы да қай­тарып берсең, онда қанша үстеме пайда көрер едің» десе, Шығайбай біраз ойланып: «Қазір көршіге ар­тық 4 сомның 1 сомын қай­тарып беріп, қалған 3 сомды өзіме қалдырсам, онда көршіден 14-1=13 сом алар едім де, оған жаңағы 3 сомды қоссам барлығы 16 сом болар еді, демек, үстеме пай­да 6 сом болады» дейді. Сон­да Ал­даркөсе, «көршіңе қайта-қай­та бір сомнан бере бергенше бірден 2 сомды берсең пайда одан да көп болар еді» дейді. Шығайбай оған келіседі де артық 4 сомның 2 сомын көршіге, ал қалған 2 сомды өзіне алып қалады. Сонда Шығайбай көршіден қанша сом алып, қанша үстеме пайда көрді?

Ескерту: 

Есеп жауаптарын info@egemen.kz мекенжайына жолдауларыңызды өтінеміз.

Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»