Медицина • 07 Наурыз, 2019

«Харекет» қоры алты баласы бар анаға  баспана сыйлады

1186 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы аналар кеңесінің кеңейтілген отырысында республикалық «Харекет» қоры алтын құрсақты анаға пәтер кілтін салтанатты түрде табыстады.

«Харекет» қоры алты баласы бар анаға  баспана сыйлады

Жиын барысында нәзік жандылардың қоғамда алатын орны жайлы  «EXPO&WOMEN» халықаралық ұйымының директоры Ләззәт Асқарова,  «Тектану» академиясының өкілі Әлия Сағымбаева  әңгімеледі.

«Харекет» қайырымдылық қоры 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді.  Осы аралықта  79 отбасына баспана сыйлаған. 80-ші бақыт кілті алты баланың анасы  Гүлмира Рахымжанова ға бұйырды. Отағасыдан  айырылғалы  тағдырдың ауыр тауқыметін көп  тартыпты. Бүгінге дейін үй жалдап келген.

Шара барысында жасыл экономиканың қолшаған ортаға, биосфераға әсері, оны дамытудағы әйелдердің рөлі , қосатын үлесі де баяндалды.  Л. Асқарованың айтуынша, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін әйел заты тумысынан табиғатқа жақын, екеуі егіз ұғым іспеттес.

Ал,тегін білмеген тексіздердің саны көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірген Ә. Сағымбаева тектану ғылымы алдында тұрған міндеттерге тоқталды.

«Бүгінгідей жахандану заманында ата-бабаларымыз мирас етіп қалдырған салт-дәстүрлер жұтылып барады. Отбасылардың  ажырасуы, үлкендерді сыйламау секілді әлеуметтік проблемалардың түп тамырына үңілсек,  ұрпақтар арасындағы сабақтастық тамырынан ажырап қалғанымызды көрсетеді», деді ол.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы