Спорт • 02 Сәуір, 2019

Бокс: Бакуде сегіз жүлде алдық

616 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әзірбайжанның бас шаһары – Бакуде өткен «Ұлы Жібек жолы» халықаралық турнирінен Қазақстанның боксшылары сегіз жүлдемен оралды.

Бокс: Бакуде сегіз жүлде алдық

Айтулы жарыстың ақтық сынында алты жерлесіміз айқасқан еді. Өкінішке қарай, солардың арасынан тек біреуі ғана суырылып шықты. Ол – Шалқар Айқынбай. 49 кило салмақта өнер көрсеткен қандасымыз финалда өзбекстандық Нодирджон Мырзахметовтан басым түсті. Қалған боксшыларымыз шешуші тұста тегістей ұтылды. Атап айтсақ, Олжас Байниязов (52 кило) пен Оразбек Асылқұлов (56 кило) ринг қожайындары Юсифзада Масуд пен Тайфур Әлиевке, Мәулен Өскенбек (69 кило) пен Данила Семенов (+91 кило) Өзбекстанның өкілдері Икболджон Холдаров пен Обиджон Тақыровқа және Сабыржан Бекбергенов (64 кило) ресейлік Алиша Шарифовқа есе жіберді. Ал Ермек Мәдиев (49 кило) пен Алмасбек Әлібеков (64 кило) қола медальді қанағат тұтты.

Жалпы командалық есепте Әзірбайжан құрамасы озды. Олар төрт алтын олжалады. Өзбекстанның өрендері үш салмақ дәрежесінде топ жарды. Қазақстан, Ресей және Марокконың әнұраны бір-бір реттен шырқалды.