Аймақтар • 12 Сәуір, 2019

Атырауда көпқабатты тұрғын үй шатырының құлауына байланысты арнайы кеңес құрылады

1053 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеңес мүшелері шатырды қалпына келтіру және келтірілген шығындарды өтеу мәселесін қарастырады, деп хабарлайды Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Атырауда көпқабатты тұрғын үй шатырының құлауына байланысты арнайы кеңес құрылады

Атырауда қатты жел салдарынан көпқабатты үй шатырының құлауына орай Атырау қаласы әкімдігінде арнайы кеңес құрылады. Жаңа құрылған кеңес мүшелері биік ғимараттың шатырын қалпына келтіру, келтірілген шығынды реттеу, сондай-ақ, төтенше жағдайлардың салдарын жою мәселелерімен айналысады. 

Жел салдарынан 125 текше метр болатын шатыр құлап, 3 көлік иесі зардап шеккені белгілі. Оқиғадан кейін жол учаскесі жабылды, автобустар мен автокөліктер айналма жолмен жүріп жатыр.

 - А. Құнанбаев көшесі,  19 мекен-жайында орналасқан үй 2012 жылы терможаңғыртудан өткен. Жөндеу-қайта қалпына келтіру жұмыстарының кепілдік мерзімі 2014 жылы өтелген. Сондықтан, бұл жағдайда мердігер мекемені кінәлай алмаймыз. Шатыр құлауына байланысты барлық мәселелерді заң тұрғысынан құрылған арнайы кеңес шешеді,- деп хабарлады Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев.

Айта кетейік, бүгін 12 сәуір күні түс уақытында А.Құнанбаев көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйдің шатыры құлады. Шатырдың бір бөлігі төменде тұрған үш көлікке және өтпелі жолға құлады. Төтенше жағдай кезінде қаза болғандар және зардап шеккендер жоқ.

Атырау