Ең алдымен оқу орнының студенттеріне белгілі археологтар Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаев соңғы жылдары облыс аумағынан тапқан құнды жәдігерлері жайында лекция оқыды. Лекцияға келушілер оқу орнының дәлізіне қойылған Шіліктіден табылған Алтын адам мен Берелден шыққан жылқы экспозицияларын тамашалауға мүмкіндік алды.
«Лекцияны онлайн режимде облыстың 19 ауданының 5 мыңға жуық оқушылары мен студенттері тыңдады. Ерекше атап өтерлігі, ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлегеннің арнайы шақыруымен Барнаул қаласындағы Алтай мемлекеттік университетінің 40 студенті Өскеменге келіп, көрмені тамашалап, лекцияны тыңдады» деп жазыпты облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова өзінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Сонымен қатар бүгін осы университет қабырғасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 2 жылдығына орай өңірлік сапаршылар кеңесінің отырысы өтіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында облыстық Білім, Мәдениет, Туризм басқармаларының өкілдері баяндама жасады.
ӨСКЕМЕН