Аймақтар • 20 Мамыр, 2019

Қазақстан хризотилі Роттердам конвенциясының сынағынан өтті

914 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл – 2019 жылдың мамырында Женевадағы Роттердам конвенциясы тараптарының ІХ конференциясында бірқатар елдер, соның ішінде Қазақстан хризотилдің ерекше қауіпті химиялық заттар тізіміне енгізілуіне қарсы екендігін білдірді.

Қазақстан хризотилі Роттердам конвенциясының сынағынан өтті

Хризотилді жақтаушылардың күш салуы арқасында хризотил асбесті 2019 жылы Роттердам конвенциясы №3 қосымшасына («Тыйым салу тізіміне») кезекті мәрте (жетінші рет) қосылмайын болды. Женевадағы мәжіліске қатысушы елдер аталмыш мәселені 2021 жылға қалдырды, деп ақпарат таратты бүгін Қазақстан баспасөз клубы.

Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Сирия, Зимбабве, Венесуэла, Пәкістан, Куба, Үндістан және Иран бірдей ұстанымдарын білдірді. Басты дәлел – минералдың қауіптілігін ғылыми түрде дәлелдейтін айғақтың жоқтығы. Қытай, Бразилия, Индонезия, Филиппин елдері хризотилді №3 қосымшаға қоспаған жөн деген ұстанымын білдіріп, дауыс беруден бас тартты.

«Бұл өте ауыр сынақ болды. «Тау зығырына» қарсы тарап бізге қарсы бүкіл күшін бағыттады. Осыған қарамастан, бұған дейін осы мәселеге қатысты нақты ұстанымы болмаған бірқатар елдер бүгінгі күні хризотилдің «тыйым салынған тізімге» енгізілуіне қарсы екендігін көрсетіп отыр. Біздің пікірімізше, бұл адам санасындағы өзгерістердің орын алып жатқандығын айғақтайды: бұл қымбат әрі жасанды заттың орнына, табиғи әрі қолжетімді минералды қолдануға қайта оралуды меңзейді», – деді «Хризотил» Кәсіподақ ұйымдары халықаралық альянсының кеңесшісі Дмитрий Селянин.

Қазақстан атынан Энергетика министрлігі және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері кірген делегация қатысты.

«ҚР үкіметінің сындарлы әрі салмақты ұстанымы, салалық министрліктердің үйлестірілген өзара әрекеттестігі халықаралық алаңдарда дұрыс ұстанымды жеткізуге мүмкіндік береді. ҚР үкіметінің Роттердам конвенциясы аясындағы осындай жұмыс жүргізуінің нәтижесінде отандық хризотил саласы тұрақтанып қана қоймай, кәсіпорындардың дамуы үшін жағдай жасалып, келешегі кеңейіп отыр. Ең бастысы, хризотил өндірісінде еңбек ететін он мыңдаған адам сенімді түрде еңбек етіп, өз отбасын қамтамасыз етуге және келешекке сеніммен қарап өмір сүруге мүмкіндік алып отыр», – деді өз кезегінде Хризотил қауымдастығының өкілі Дәурен Мөңкебаев.

Еуроодақ елдерінің хризотил саудасына бүкіл әлем бойынша тыйым салуға ұмтылуы экономикалық мүддеге байланысты жасалып отыр, өйткені ең қолжетімді сол себепті ең көп сұранысқа ие табиғи талшықты нарықтан шығарып тастау хризотилдің орнын басатын қымбат талшықтарды жасап шығаратын өндірушілерге жол ашады. Ал бұл өндірушілердің көпшілігі Еуроодақ аумағында орналасқан. Бүгінгі күні хризотилді қолдану – көптеген елдер үшін өмірлік маңызға ие мәселе. Хризотилден жасалған арзан құрылыс заттары (шифер және құбырлар) бүкіл әлем бойынша миллиардтаған адамды баспанамен және таза ауыз сумен қамтамасыз етіп отырғандықтан, бұл таңғаларлық жайт емес.

Қазақстан – Орта Азиядағы жалғыз хризотил-асбест шикізат базасы бар (Қостанай облысы, Жітіқара қ.) мемлекет. Бүкіл әлем бойынша хризотил-асбест өндіретін бірегей кен орнының саны бар-жоғы төртеу ғана (екеуі Ресейде, Бразилияда және Қазақстанда). Қазақстан жылына 200 мың тоннаға жуық хризотил-асбест өндіреді: 95%-ы экспортқа шығарылса, 5% ел ішінде тұтынылады. Кен қоры көптеген жылдар бойы (100-ден аса жыл бойы) жұмыс жасау үшін жеткілікті. Хризотилмен байланысты үш өндірісте (1 асбест тау-кен байыту комбинаты және Шымкент пен Семейдегі 2 асбест-цемент зауыты) 3,5 мыңға жуық адам еңбек етеді. Комбинат Жітіқараның қала құрушы кәсіпорны болып табылатындығын ескеретін болсақ, бұл мәселе 40 мыңнан аса адамның мүддесін қозғайды. Қазақстандағы хризотил-цемент саласы жыл сайын 20 млрд. теңгеге жуық хризотил-асбесттен жасалған тауар өнімін (хризотил-асбест, шифер және құбырлар) шығарады.

ҚР Премьер-Министрінің 2008 жылдың 24 желтоқсанындағы № 20-5/81 кеңесінде қабылданған шешімге сәйкес хризотилдің қолданылуын бақылайтын саясат ресми түрде бекітілген. Сонымен қатар, 2011 жылдың қаңтарында Қазақстан Халықаралық еңбекті қорғау ұйымының 1986 жылғы «Асбестті қолдану кезінде еңбекті қорғау туралы» №162 конвенциясын ратификациялаған. Құжат хризотил өнеркәсібінде еңбек ететін жұмысшылардың денсаулығын қорғап, тұрақты даму үшін маңызды әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.


АЛМАТЫ