Сұхбат • 12 Маусым, 2019

Әмбебап орталықтың әлеуеті мықты

637 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Былтыр Қарағандыда медицина саласы бойынша алдымен аталатын екі аурухана – Хафиз Мақажанов атындағы облыстық травматология және ортопедия орталығы мен облыстық медициналық орталық бірікті. Уақыт талабына сай жасалған бұл өзгерістің жай-жапсарын білу үшін біз Х.Мақажанов атындағы «ОТжОО» КМК-нің директоры-бас дәрігері Еркін-Дәуір Төлеуұлы ҚҰРМАНҒАЛИЕВКЕ жолығып, әңгімелескен едік.

Әмбебап орталықтың әлеуеті мықты

– Әңгімені облыс орта­лығын­дағы екі үлкен клиниканың бірік­ті­рі­лу жа­йынан бастасаңыз? Мұның се­бе­бі қандай?

– Иә, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың қаулысына сәй­кес, «Х.Мақажанов атындағы Облыс­тық травматология және орто­педия орталығы» КМК мен «Об­лыс­тық медициналық орталық» КМК-ні біріктіру жұмыстары жүр­гі­зілді. Денсаулық сақтау меке­ме­ле­рін біріктіріп, тұтас көп салалы стацио­нарға айналдыру әлемдік тә­жі­ри­беде бар үрдіс. Бұл, әлбетте, ха­лыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру үшін және мейлінше ыңғайлы ету, пациентті бағдарлау үшін жасалады. Басқаша айтқанда, пациент медициналық қызметтің барлық түрлерін, түрлі мамандардың кеңестерін бір ғана емдеу мекемесінен ала алады. Заманауи медицинаға жаңа ғимарат қажет. Біз­дің қазіргі ғимараттар өткен ға­сыр­­дың 1940-1960 жылдары салынған, ешқандай талаптарға жауап бере алмай­ды. Оларды қанша жамап-жасқап, күр­де­лі жөндеу жасағанмен, қазіргі қажет­ті­ліктерге икемдеу мүмкін емес. Тіпті 90-жылдары салынған ауру­ха­на­лардың өзі медицина саласының бүгінгі талаптарына лайық деп айту қиын. Енді біз екі клиниканы бір жаңа кешенді ғимаратта біріктіріп, айта­лық, Мәскеудегі Склифосовский атын­дағы институт тәрізді кез келген науқасты қабылдап, емдей алатын үлкен орталық құруға кірісіп жатырмыз. Әмбебап орталықтың әлеуеті де мықты болады. Келесі жылы жаңа орталық ғимаратының жобалық-сме­та­лық құжаттамасын жасап, 2020 жылы қаланың Оңтүстік-Шығыс тұр­ғын ауданындағы облыстық меди­ци­налық орталықтың аумағынан құры­лы­сын бастау жоспарланған. Екі меке­мені біріктіру әкімшілік-басқару шы­ғын­дарын да азайтары сөзсіз. Осы­лайша үнемделген қаражат жас маман­дардың еңбекақысын көтеруге жұм­салады. Яғни, медициналық қыз­мет көрсетумен қатар қаржы-шаруа­шы­лық қызметі де оңтайлана түспек.

– Біз білетін Хафиз Мақажанов атын­дағы аурухананың атағы алыс­қа кеткен. Әйгілі клиниканың осы атау­мен бүгінге дейін атқарып кел­ген қыз­метіне тоқтала кетсеңіз.

– Хафиз Мақажанов атындағы облыс­тық травматология және ортопе­дия орталығы халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп, қазіргі уақытта да игі жетістіктерімен танымал. Орта­лық травматология мен ортопедия сала­лары бойынша ересектерге де, бала­ларға да диагностика жасап, ем­дей­тін бірегей медициналық мекеме. Клиникада 14 ота залы жұмыс істейді. Сырқаттарға арналған 248 орын бар. Тәулік бойы жұмыс істейтін стационар бір жыл ішінде 9 мыңнан астам адамға жоғары деңгейде мамандандырылған меди­циналық жәрдем көрсетеді. Күн­діз-түні жұмыс істейтін жарақат бе­кеті жыл ішінде орта есеппен 18 мың­дай пациент қабылдайды.

Қа­зір­гі клиника зама­науи технологиялармен толық жабдықталған, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің деңгейі аса жоғары. Айта кету керек, Қарағанды облысында егде жастағы адамдарға жо­ғары мамандандырылған ме­ди­циналық көмек көрсетуді орта­лық­тан­дыру бағдарламасы қолға алынған. Біздің клиникаға жеткізілген егде жандардың жамбас буынын эндопротездеу, бұғаттайтын интомедулярлық остеосинтездеу оталары шұғыл түрде жасалады.           

Клиника құрамында, сонымен қатар күндізгі стационар жұмыс іс­тей­­ді. Мұнда дәрігердің тәулік бойы қадағалауын қажет етпейтін, алайда, тағайындалған ем шараларын үйде жасата алмайтын пациенттер емделеді. Олар ауруханаға күндізгі уақытта келіп, қажетті емін алған соң үйлеріне қайтып отырады.

Мамандандырылған, жоғары технологиялы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыра түсу мақ­са­тында 2016 жылдың көктемінде Теміртау қаласының орталық ауруханасынан біздің орталық травматология өз бөлімшесін ашты. Ал биылғы наурыз айында осы бөлімшенің базасында нейрохирургиялық көмекке басымдық берілген политравма бөлім­ше­сі жұмыс істей бастады.

Қарағанды облысында қазіргі уақытта жарақаттану, суицид және улану кездерінде медициналық көмек көрсетудің біріктірілген үлгісін енгі­зу бойынша Жол картасы жүзеге асырылуда. Осы бағдарламаның үйлес­тірушісі біздің Х.Мақажанов атын­дағы клиника болып отыр. Облыста травматологиялық көмек көрсетілуінің барысына бақылау жасап, мониторинг жүргізу үшін Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен, облыстық травматология және ортопедия орталығының базасында 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Ахуалдық орталық жұмыс істей бастады. Біздің клиника өңір халқына травматологиялық және ортопедиялық көмек көрсету бо­йынша монополист болып табылады. Аурухана жергілікті халыққа ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінен келетін жандарға да қызмет көрсетеді.

– Клиникадағы жұмыстар бары­сы­ның келешегі қандай? Екі емдеу мекемесінің қосылуы медициналық қыз­метті дамытуға қаншалықты тиімді?

– Клиникаларды біріктіру өңірі­міз­де нейрохирургия, неврология, офтальмология және тағы да басқа салаларды дамытуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жас мамандарды тартуды көздейтін кадрлық саясатты жүзеге асыру жұмыстары жүзеге асырылуда.

Бір ғана мысал, былтыр Х.Мақа­жа­нов атындағы клиникаға бұған дейін елордадағы жетекші клиникада еңбек еткен гинеколог дәрігер жұмысқа тұрды. Бүгінде ол гинекологиялық патология кезінде қолданылатын аз инвазивтік операция әдістерін белсенді түрде енгізе бастады.

Клиниканы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұ­мыс­тары да толастаған емес. Эпи­леп­сия және паркинсон ауруларына ота жасауға қажетті жабдықтарды жет­кі­зуге келісімшарт жасасып қой­дық.

Алыс-жақын шетелдерден шақы­рылған мамандар облыстағы дәрі­гер­лер үшін пациенттерді тасымалдау, бір мезетте көп адамға медициналық жәрдем көрсету, қабылдау бөлімінің жұмысын «Триаж» халықаралық стандартына сәйкес ұйымдастыру жолдары бойынша шеберлік дәрістерін өткізеді. Сонымен қатар клиниканың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары үшін сапа менеджменті жүйесін жақсарту бағытындағы семинарлар ұйымдастырылады. Бұл шаралардың бәрі, әлбетте, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға септігін тигізері сөзсіз.

– Заман талабына сай клини­ка­дағы мамандардың біліктілігін арт­тыруға көңіл бөлініп отыратын болар?

– Әрине. Қызметкерлердің кәсіби деңгейін жоғарылатып отыру – клини­ка­ның негізгі мақсаттарының бірі. Біздегі әр маманның өз еліміздің ғана емес, шет мемлекеттердің де үздік клиникаларында біліктілігін арттыру мүмкіндігі бар. Қызметкерлеріміз халықаралық конференцияларға белсенді атсалысады. Клиникамыздың өзінде де семинар, тренинг, шеберлік дәрістерін ұйымдастырып, еліміз бен шет мемлекеттерден маңдайалды ма­ман­дарды шақырамыз. Мұның бәрі ғылыми-тәжірибелік тұрғыдан өсуіне оң ықпалын тигізіп келеді. Клиника Қарағанды мемлекеттік меди­цина университетімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Аурухана базасында жалпы хирургия және травма­тология кафедралары жұмыс істейді. Оларда студенттер, интерндер мен резиденттер дәріс алады. Қазіргі уақытта, үшжақты келісім негізінде, травматология-ортопедия, реаниматология-анестезиология, сәулелі диагностика, хирургия мамандықтары бойынша резидентурада 16 адам оқып жүр. Орталық, сонымен қатар Қарағанды облыстық жоғары медбикелік колледжінің база­­сы болғандықтан, ортаңғы меди­ци­налық қызметкерлерді, әсіресе травма­то­логиялық бейімдегі медбикелерді даярлау ісіне үлес қосып отыр.

Қарағанды облысы бойынша травматология мәселелерінде әдістемелік орталық болып табылатын біздің клиника облыстың басқа клиникаларына жаңа технологиялар енгізу шара­ларымен де шұғылданады. Бұл іске жұмылдырылған жоғары білікті мамандардың екеуі медицина ғы­лым­да­рының докторы болса, сегізі – медицина ғылымдарының кандидаты.

– Медицина саласындағы басшы, білікті маман ретінде мемлекеттік цифрландыру бағдарламасына деген көзқарасыңыз қандай?

– Қарағанды облысының денсау­лық сақтау басқармасы, «Цифр­лы Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ла­ма­сы­ның шеңберінде, елімізде алғаш болып емдеу мекемелерінде Кешенді медициналық ақпараттық жүйені қолға алды.

Облыстағы стационарлар аурулар тарихы мен амбулаториялық карта­ларды электронды форматта тол­тыра бастады. Осы бағдарлама арқылы медициналық қызметкерлер қағаз­бастылықтан құтыла бастады. Бұл қыруар уақытты үнемдейді. Пациент­тер­дің ауру тарихын жүргізу көп жеңілдеп, оларды керек кезінде жедел тауып алуға болады. Дәрігерлер пациент туралы мәліметті электронды денсаулық паспорты арқылы біле алады. Пациенттер де дәрігердің қабылдауына электронды сервис арқылы өз бетінше жазылып, алдын ала белгіленген уақытта келіп, кезексіз кіре алады.

Цифрландыру бағдарламасының аясында «ДамуМед» мобильдік қо­сым­­шасы, яғни, пациенттің жеке каби­неті жасалған. Сол арқылы қабыл­дау­ға алдын ала жазылуға, дәрі­гер­ді үйге шақыр­туға, лабораториялық зерт­теу нәтижелерін, рецептер, ең­бек­­ке жарам­сыздық парағын алуға болады. Ақпа­раттық жүйе меди­ци­­на­лық көмек сапа­сын арттырып, медициналық қызметкерлердің жұмыс тиімділігін арт­тыруға едәуір ықпал етті.

– Хафиз Мақажанов атындағы орта­лықтың арнайы сайтында осы кли­никада емделген жандардың риза­шы­лығын білдіріп жазған хаттары мыңдап саналады екен. Халықтың ықыласы мен батасынан үлкен баға болмас. Әрдайым осы биіктен түспей, жұмыстарыңыз жемісті бола берсін!

 

Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

 ҚАРАҒАНДЫ