«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған фестиваль Ұлытау аудандық мәдениет үйінде өткен «Едіге тау – ескі жұрт ескерткіші» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталды. Жиыннан соң қонақтар Едіге тауына барып, қатпарына тарих тұрған қасиетті мекенмен танысты.
Түс ауа дәстүрлі және бард әндері байқауының іріктеу кезеңінде өнерпаздар бақ сынасты. Кеш түсе жастар үшін «Алтыбақан әндері» мерекесі ұйымдастырылып, алтыбақан тепкен жастар шырқаған қазақтың халық әндері Ұлытау аспанында қалықтады.
«Көкмайса» этнофестивалінің екінші күні қонақтар театрландырылған көріністердің куәсі болды. Мұнан соң қолданбалы өнер бойынша шеберлік сыныптар, садақ ату, қатын күрес, аударыспақ, теңге алу, асау үйрету сынды ұлттық сайыстар ұйымдастырылды. Кешке қарай ән байқауының шешуші сайысына жолдама алған орындаушылар өнер көрсетті. Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер жиналған қауым құрметіне гала-концерт қойды.
Фестивальдің соңғы күнінде қонақтар мен қатысушылар қасиетті Ұлытау тауларына салт атпен саяхат жасап, тарих тұнған өлкенің ауасымен тыныстады. Сондай-ақ, бұл күні көкпар, қыз қуу, аламан бәйге ұйымдастырылып, фестивальдің жабылу салтанаты өтті.
Еске салсақ, «Көкмайса» этнофестивалі алғаш рет 2018 жылы Жезқазғаннан 160 шақырым жердегі Кененбай көлінің жанында өткен еді. Ұйымдастырушылар «Көкмайса» этнофестивалі Ұлытау ауданының туристік әлеуетін арттыруға сүбелі үлес қосады деп сеніммен айтады. Расында да, сырттан келген меймандардың риза көңіл, ыстық ықыласты лебіздеріне қарап, бұл рухани тұрғыдағы маңызды шараны шетелдік қонақтарды қазақ халқының тарихымен және мәдениетімен таныстырудың ұтымды және өте көрнекті мүмкіндігі деп айтуға толық негіз бар.
Қарағанды облысы