Аймақтар • 18 Маусым, 2019

Семейдегі Ұшақтар кентінің тұрғындарына жарық, ауыз су аса қажет

345 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семейдегі Ұшақтар, Ақсай шағын аудандарына соңғы кездері ауылдан келген халық көп қоныс аударып жатыр.

Семейдегі Ұшақтар кентінің тұрғындарына жарық, ауыз су аса қажет

Десек те, қала сыртында орналасқан Ұшақтар кентінің проблемалары да жетерлік. Ауыз су мен электр энергиясының жоқтығына міне, оншақты жылдың жүзі болыпты. Он жылдан бері қараңғылықта отырған халықтың зарын тыңдауға Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов бұл жолы өзі арнайы барды.  «Су жоқ, жарық жоқ қалай өмір сүрмекпіз» деп назаланды әкімді көрген халық.

-Қала әкімінің еңбегін жоққа шығарғымыз келмейді, сіздер жаңа мектеп салып бердіңіздер, оған үлкен рахмет,-деді Ұшақтар кентінің тұрғыны Селиха Қалиева,-бірақ, ойлаңыздаршы өздеріңіз, жаңа технологиялы мектепті салдыңыздар. Қаланың орталығында мұндай мектеп жоқ, деп мақтана аламыз. Мектептің озық тапсырмаларын орындау үшін балаларымыз, немерелеріміз үйге келеді. Келсе «свет»жоқ! Компьютер қоса алмайды. Түстен кейін оқитындарға тіпті қиын. Қыста қараңғыда қайтады. Келсе жарық жоқ. Қыста таң кеш атады. Үлгермейді сабақ қарап, кіимдерін жинап, шаштарын тарап. Міне, осыдан кейін сіздер, бала неге нашар оқиды дейсіздер?! Су тағы жоқ. Жақында ғана бірнеше үй бірігіп, өз күшімізбен су кіргізгендей болдық. Қалған үйлер тосып отыр. Құбырлар бар. Бірақ, олар бізден шеткері тұста, Юность ауданы тұсында ғана тұр.

Тұрғындармен кездесуге келген  «СМФ Мехколонна №59» ЖШС Бас директоры Петр Раденков әлеуметтік инфрақұрылымдық мәселелер бойынша келісімшарт тез арада жасалса, проблемалар қараша айына дейін шешіліп қалатындығын, құрылыс жұыстарына кем дегенде бес-алты ай қажеттігін айтты. П. Раденков қала басшысы Ермак Сәлімов өзі тікелей келіп, елмен жүздесіп отырғандықтан да проблемаларыңыз бұл жолы назардан тыс қалмайды деп сендірді.

Қала әкімі Ермак Сәлімов болса, бюджеттен тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жөндеу үшін қаражат қарастырылғандығын айтып өтті.  Тұрғындардың тағы бір реніштері, автобус қатынасы нашар. Бекітілген бір-екі автобус аялдамаға жетпей, бұларды сырт айналып кете барады екен. Содан балалар мектепке жете алмайды.

-Оқу жылы басталысымен Семейде құрастырылып, жаңадан пайлалануға беріліп жатқан автобустар сіздерге де нақты жұмыс кестесімен жүріп, келетін болады,-деді қала әкімі Ермак Сәлімов,-қараша айында су мен жарық мәселесі де оңтайлы шешімін табады деп сеніңіздер.

Әкімнің уәдесін естіген халық «тосқаннан басқа амалымыз қайсы» десті. Кездесуде тағы да басқа көптеген проблемалар қозғалды.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА

СЕМЕЙ