Қоғам • 03 Шілде, 2019

Жас отбасы – мемлекет тірегі

5357 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Халқымыз ежелден «Отан – отбасынан басталады» деп шаңырақтағы шаттыққа, жарымен жарасым табуға, жасыл құрақтай жайқалған ұл-қызына тәлім-тәрбие беруге, ағайын-туғанның арасында сыйластық орнауына айрықша мән беріп, отбасы құндылықтарын сақтап келеді. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен әр отбасы ата-баба дәстүрін жаңғырта отырып, қазіргі заманауи қоғамның қабырғалы институтына айналды. Соның ішінде жастардың әлеуметтік сұраныстарына толық жауап бере алатын мемлекеттік қолдау бағыттары айқындалды. Әсіресе, ана мен бала денсаулығы, жәрдемақылар жүйесі, оқу-тәрбие кешені жолға қойылды.

Жас отбасы – мемлекет тірегі

elitar.kz

Жаһандық сын-тегеуріндер уақы­тында отбасы институтын дамыту мен нығайту – ел бол­шағының жар­қын кепілі болмақ. Дәл осы кезеңде мем­ле­кеттік бағ­дар­ламалар тетігі арқылы қас­терлі құндылықтарымызға барынша көңіл бөлгеніміз дұрыс. Кез келген мемлекет отбасылық институттың жоғарыда біз атап кеткен баспалдақтары арқылы іргесін берік қалайды. Биыл Қазақстанда отбасы саны шамамен 5 млн-нан асады деген жа­ғым­ды ақпардың өзі жарқын болашағымызға жол бастар кемел келешекті көз алдымызға әкелді. Әлбетте, отбасының ең үлкен байлығы да, тірегі де ұрпақ. Сондықтан еліміздегі отбасы институтын нығайта түсу үшін демографиялық өсім өте маңызды бағыт болып қала бермек.

Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігінің дере­гіне сүйенсек, біздің мемлекетте 340 мыңға жуық көп ба­лалы отбасы бар. Бұл біз үшін үлкен қа­зы­на. Ұлт тірегі ана мен бала десек, атал­ған әр отбасында кемі 4-тен, тіпті кейбірінде 5-6 баладан өсіп келеді. Олар­дың арасында 8 мыңнан астамы – 29 жасқа дейінгі 4 және одан да көп ұл-қыздары бар көп балалы аналар екені қуантады. Қазақ мұндайда «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деп, әр баланың өз несібесі бар екенін айтып, балалы үйдің базар екенін жақсылыққа балаған.

Республикамызда көп балалы от­басылардың басым бө­лі­­гі күнгейдегі өңір­лерде тұра­ды, яғни Түркістан облы­сында 86 585 отбасы, Алматы облысында  40 218 отбасы және Жамбыл облы­сын­­да 30 040 отбасы. Жалпы, көп ба­ла­лы отбасы болудың демо­гра­фия­лық ықпа­лынан бөлек адам бо­йын­дағы ізгі қа­сиет­терге де үлкен септігі барын біздің ата-ба­ба­лары­мыз ежелден білген. Бұл тұр­ғыда қазақ ортасы көп балалы болу арқылы-ақ ата-анаға деген қамқорлық, ағайын арасындағы айырылмас татулық, бауыр-қарындасқа деген мейірім сияқты мо­ральдық құндылықтарды ұрпақ санасы­на қаншама ғасырлар бойы сіңіріп келді. 

Биылғы жылдың «Жастар жылы» деп жариялануында да үл­кен мән жатқаны белгілі. Әдет­те біз «жас келсе – іске» деп жатамыз. Олай деу үшін алдымен сол жастардың материалдық және моральдық бүтіндігіне жіті мән бергеніміз дұрыс. Мемлекетіміз бұл тұрғыда  әрбір қазақ­стандық жас өреннің қоғамдық-әлеу­меттік әлеуетін іске асыруға даңғыл жол ашы­п отыр. Жыл басында Жастар жы­лын өткізу жөніндегі жол картасы әзір­леніп, бекітілді. Сол жол картасында жастарды жұ­мыспен қамтамасыз етуден бас­тап, тұрғын үй мәселесін шешуге дейін­гі жан-жақты қолдауға бағыт­талған жоба­лар мен бағдар­ла­маларды қамтыды. Осы орайда министрлік отбасылық саясат сала­сында 17 жобаны іске асырып жатыр. 

Мәселен, биыл мемлекет жастарды баспанамен қамтама­сыз етудің тиімді тетіктерін қолға алды. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шым­кент қалаларында жыл сайын мыңға жуық арендалық тұрғын үй салынып, жас мамандарға бе­рі­летін болды. Бұл жастардың тек баспаналы болуы ғана емес, от­ба­сы құндылығын сақтауға үл­кен сеп, айрықша қамқорлық деу­ге бо­лады. Бүгінде көп жас от­ба­сы­ла­рдың баспана байбаламы­нан ара­лары ашылып, соңы сәтсіз қа­дам­дарға барып жататынын жасы­ра алмаймыз. 

Баспана беруден бөлек жас ма­ман­дарға тұрғын үй беруге ба­ғыт­талған кәсіпорындар мен жұ­мыс берушілерді ынталандыру ша­ра­ларын әзірлеу қарас­тырылып отыр. Яғни, жеңілдікті ипотека­лық бағ­дарламалар бойынша тұр­ғын үй са­тып алу үшін бастапқы жар­наға па­йыз­сыз несие беру де көзделген.

Басында баспанасы бар жас мамандар ештеңеге алаңдамай, ел мүддесі үшін жұмыс істейтіні белгілі.

Ең негізгі мәселе – өмірде күр­делі жағдайға душар болған топ пен көмекк­е мұқтаж жандардың қатарға қосылуын­да мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары. Қазір атаулы әлеуметтік көмекті мемлекеттен 280 мыңнан астам отбасы алады. Биыл Қазақстанда балалы отбасыларды қолдауға 67 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Елімізде ата-аналар мемлекеттік жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер алады, жұмыспен қамтуға жәр­дем­десу жөніндегі шараларды және салық салу кезінде жеңілдіктерді пайдаланады. Барлық әлеуметтік төлемдер жыл сайын инфляция деңгейіне индекстеледі. Айта кету керек, әлеуметтік қолдау мынадай отбасы санаттарына: бір жасқа дейінгі балалары бар аналар мен отбасыларға, одан кейін көп балалы отбасыларға, мүгедек балалары бар отбасыларға, аз қамтылған отбасыларға, асыраушысынан айырылған және балаларды қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа алған отбасыларға көрсетіледі. 

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көп балалы отбасылар мен мүм­кіндігі шектеулі жандардың борыш жүктемесін азайту жөніндегі Жар­лыққа қол қойды. Бұл көптеген ел тұр­ғын­­дары­­ның әлеуметтік ахуалын оңал­ту­ға жа­салған батыл қадам­дар­дың, оң шешім­дердің біріне айналғаны сөзсіз. 

Біздің жаңа қоғам осы ретте тағы бір тамаша үрдісті қолға алып келе жатқанын айта кетуіміз керек. Бүгінгі таңда әр өңірде көп балалы ана мен мұқтаж жандарды қолдауға бизнес өкілдері қосылып отыр. Мысалы, қала ішіндегі жолаушылар көлігінде (таксиден басқа) тегін жол жүру; біржолғы ақшалай төлем (2,5 АЕК); бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақтану; колледждерде балаларды тегін оқыту; қаланың жоғары оқу орындарында тегін оқу және т.б. көмек бе­рілді. Аз қамтылған отбасыларға, соның ішінде көп балалы отбасыларға ком­муналдық қызмет шығын­дары отбасы табысының сегіз пайызынан асатын болса, тұрғын үй көмегі қарастырылған.

Мемлекетіміздің осынау орасан зор игіліктері, әрине жеміссіз емес. Жастарымыз бүгінде бос отырған жоқ. Студенттер альянсы, Жастар конгресі сияқты түр­лі ұйымдар мемлекеттің бір кір­­піші болып қалануға барын са­­лып келеді. Бір ғана мысал айта­­тын болсақ, жақында ғана Арыс­тағы апат кезінде еріктілер жа­сағы құрылып, көшірілген қала тұр­ғындарына қажетті көмек көрсету үшін Шымкент қаласына барды. Енді Арыс қаласын қалпына келтіруге қолғабыс жасайтын арнайы отряд құру жоспарланып отыр.  Бұл әлбетте біз сөзіміздің ба­сын­да айтып кеткен отбасында беріл­ген орынды тәрбиемен келген тамаша тағылымның тартуы. 

Биылғы Жастар жылы – тәуел­сіздік жылдары жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік жас­тар сая­сатының бас­ты оқиғасы. Бұл оқиға жастарға қолдау көр­сету мен жағдай жасауға жа­ңа серпін береді. Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін­де аталған құндылықтарды бекі­те түсуге ерекше назар ауда­рып отыр. Осы және басқа да өзекті мемлекеттік әлеуметтік қол­дау аясындағы іс-шаралар легін жүйелі түрде орындау үшін қар­қынды жұмыс жүргізілуде. Себебі дәстүрлі құндылықтарға сүйен­ген, әлеуметтік тұрмысы жақ­сы, келешекке деген сенімі зор ша­ңы­рақтың босағасы да берік болады. Ал осындай ішкі тіні мықты, ынтымақ-бір­лігі бе­кем, экономикалық жағы­нан әлеуетті отбасылар жиылып кел­генде қуатты қоғамды қалып­тас­ты­ра­тыны дәлелдеуді қажет етпейді. Демек, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да мемлекет пен қоғамның мүдделі тараптарының қатысуымен жүйелі түрде жал­ғасын таба бермек. 


Дәурен АБАЕВ,

Ақпарат және қоғамдық даму министрі