Әлем • 06 Шілде, 2019

Бұл – Қазақстанға көрсетілген құрмет

546 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық арена­дағы зор беделін көрсететін дәйектер көп. Соның бірі ретінде шетелдік бірқатар іргелі қа­лалардың көшелері мен түрлі нысандарына Елбасы есімінің берілуін айтуға болады.

Бұл – Қазақстанға  көрсетілген құрмет

Тұңғыш Президент есімімен аталады

Чешен Республикасының орталығы Грозный қаласындағы көшеге 2007 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының есімі берілді. Бұл шет мемлекеттегі Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен аталған алғашқы көше. Сондай ақ 2010 жылы Иордания астанасы Амман қаласының орталық даңғылдарының бірі Н.Назарбаевтың атымен аталды. Ал осы  жылдың 24 маусымында Түркия астанасы Анкарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа  «Түркі халықтарына сіңірген еңбегі үшін» ескерткіші орнатылды. Түркия елінде 
шетел президентіне тұрғызылған тұңғыш ескерткішті танымал мүсінші Гюрсель Чаталтепе жасаған. Анкарадағы  «Генч­лик парк» орталық жастар саябағына орна­тылған бұл ескерткіштің жалпы биік­тігі 5 метрден асады. Ал жеке мүсіннің биіктігі 2 метр 60 сантиметр. Ол таза қоладан жасалған, тұғыры мәрмәр.

Бүгінгі таңда Түркия Респуб­ли­ка­сының төрт даңғылына Елбасының есімі берілген. 2011 жылы әлемнің түкпір-түкпірінен туристер көп келетін Кападокия аймағындағы Невшехир қаласында еліміздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуына орай Нұрсұлтан Назарбаев атындағы тұңғыш даңғыл салтанатты түрде ашылды.  Ал Кыршехир қаласындағы Н.Назарбаев атындағы даңғылдың ашылу рәсімі 2012 жылдың қазан айында өтті. Сондай-ақ 2013 жылы Гебзе қаласындағы даңғылға және 2015 жылы Адана қаласындағы орталық көшелердің біріне Елбасы есімі берілді. Адана қаласындағы даңғылдың ашылуына қатысқан қала губернаторы Мұстафа Буюк «Қазақстан көшбасшысы – халықаралық ауқымдағы әйгілі тұлға. Оның елінің жарқын болашағы үшін қолға алған стратегиясын Түркияның негізін қалаған Мұстафа Кемал Ата­тү­ріктің ұстанымымен салыстыруға бо­лады. Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­шы­лығымен Қазақстан әлемнің көптеген елі үшін дамудың, бейбітшілік пен тұрақтылықтың символына айналды», деп атап өтті.

 

Татарстан тартуы

Осыдан төрт жыл бұрын, яғни 2015 жылдың 3 шілдесінде Татарстан ас­та­насы Қазан қаласындағы орталық кө­шелердің біріне Нұрсұлтан Назарбаев есімі лайықты деп танылды. Нақтылай айтқанда, Елбасының 75 жасқа толуына орай Татарстандағы қазақ ұлттық-мәдени автономиясының бас­тамасымен Қазан қаласындағы «Эспе­ранто» көшесінің атауы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есіміне ауыстырылды. Ел­басы есімінің дәл осы көшеге бері­­луінің өзіндік себебі бар. Бұл көше­де Татарстанның республикалық ха­лықтар достығы үйі орналасқан.

Нұрсұлтан Назарбаев атындағы кө­шенің ресми ашылу салтанатына қа­тысқан Татарстанның бұрынғы пре­зиденті Минтимер Шаймиев «Шын мә­­нінде, біздердің, бауырлас екі ха­лықтың тарихи байланыстарының ар­қасында әр уақытта да, тіпті тарихшылар тарихты жадыларына жіті түсіріп, тыңғылықты қарап шықса да, екі ел арасында ешқандай көңілге кірбің түсірер жайт болған емес. Кеңес Одағы күйрегеннен кейін татар халқына ең бірінші болып достық қолын ұсынған Нұрсұлтан Әбішұлы болғанын атап өткен орынды. 1996 жылы ТМД ел­дері арасындағы ең бірінші болып Қа­зақстан мен Татарстан арасында сауда экономикалық және саяси келісімге қол қойылған еді», дей келіп, Қазақстан мен Татарстан арасындағы достық жібі үзілмей, нығая беруіне тілектес екенін жеткізген.

Канадада – Виктория, Израильде –  Дональд Трамп

Қалалар мен мемлекеттерге ірі тұл­ғалардың, саяси қайраткерлердің, көш­басшылардың есімін беру үрді­сінің тарихы тым тереңде жатыр... Бүгінгі заманда да осынау дәстүр өз сабақтастығын табуда. Десек те, қазіргі таңда бұл сабақтастық көп жағдайда негізінен халықтың өз көшбасшысына деген құрметі шеңберінде жалғасып отырғандай.

Көрнекті тұлғалардың есімінің тек қалаларға ғана емес, мемлекеттерге де берілгендігін растайтын мысалдарға аз-кем тоқталсақ, Боливияның атақты қолбасшысы Симон Боливардың, ал Филиппин Испания королі ІІ Филипптің есімдерімен аталатыны еске түседі.

Әлемнің саяси, экономикалық, мәдени орталықтары саналатын бірнеше астана президенттер есімін иеленген. Оған мысал – Вашингтон. 1791 жылы АҚШ астанасына мемлекеттің бірінші президенті Джордж Вашингтонның есімі берілді. Шаһар бұған дейін Джорджтаун, Александрию деп аталатын екі қаладан тұрған. Жалпы, АҚШ-тағы 50 штаттың 11-і ірі тұлғалардың есімімен аталады. АҚШ-ты басқарған президенттердің атын алған қалалар да аз емес. Олардың қатарында Небраска штатындағы Линкольн, Миннесотадағы Рузвельт, Миссуридегі Джефферсон қалалары бар.

Осы орайда Санкт-Петербург қаласының атауына қатысты деректер назар аударарлық. Петр І негізін салған шаһарға патшаның есімі беріледі, бірақ КСРО құрылғаннан кейін қала Лениннің құрметіне Ленинград деп аталды. Алайда 70 жылдан кейін қалаға тарихи аты қайтарылды.

Канададағы Виктория, Конгодағы Леопольдвилль (қазіргі Киншаса) қалалары басқа елдің басшысына құрмет көрсету мақсатында атауы өзгертілген қалалар. Күні кеше Израиль үкіметі Голан жотасында АҚШ президенті Дональд Трамптың құрметіне Рамат-Трамп ауылы салынатынын мәлімдеген-ді. Румынияда Томирис ханшайымның құрметіне қойылған Тома қаласы бар.

Айта кетейік, КСРО кезінде қалаларға, облыстар мен аудандарға Коммунистік партия белсенділері, революционерлер, қолбасшылар мен саясаткерлердің атын беру дәстүрі болды. Осылайша КСРО-да көптеген қала­ларға Киров, Калининград, Ульяновск және т.б. осы іспеттес атаулар берілді. Кеңес билігі құлағаннан кейін Еуразия кеңістігіндегі біршама қалаларға тарихи атаулары қайтарылды.

Елі сүйген, елін сүйген азаматтардың атын тарихта қалдырудың мұндай жолы мұнымен шектеле қоймаған. Президенттердің құрметіне қала, көше, даңғылдан бөлек түрлі ғимараттар, тіпті техникалар да аталып жатыр. Бұл, әсіресе АҚШ-та жақсы дәстүрге айналған. Мысалы, CV-42 әуе кемесі Франклин Рузвельттің, CVN-79 ұшағы Кеннедидің атында. Халықаралық әуе­жай­ларға президент атының берілуі көп елде бұрыннан келе жатқан тәжірибе.

 

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»