Қоғам • 04 Қыркүйек, 2019

Реформалар мен өзгерістердің берік базисі

946 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы ел өміріндегі маңызды оқиға болды.

Реформалар мен өзгерістердің берік базисі

Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігін алған кезден бастап халыққа арналып жасалатын Жолдаулар жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар мен трансформациялардың мызғымас базисі мен катализаторына айналды.

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жол­дау­лары мемлекеттілікті нығай­ту, заманауи үлгідегі тиімді экономика құру, қоғамды одан әрі демократияландыру, әлеу­мет­тік қатынастар жүйесін үйлес­тіру үшін алғышарттарды үдету жө­ніндегі реформаларға сүйенеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы қалып­тас­қан мемлекеттің жетістіктерін одан әрі дамытуға және арт­ты­руға бағытталған. «Қазір бізге тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр. Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақ­тап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз», – деп атап өтті Президент.

Ол бұрын қабылданған стра­тегиялық құжаттарды іске асы­руға да, сондай-ақ жаңа әлемде табысты бейімделуге, дамудың жаңа сапасын қалыптастыруға да бағытталған.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пре­зиденттік кезеңімен тұспа-тұс келген сыртқы және ішкі өз­ге­ріс­тердің барлық әртараптан­ды­рылған кешені қазақстандық қоғамның шынайы болмысын ескере отырып, әлеуметтік қа­тынастар саласына түзетулер енгізу қажеттігін де алға тартты.

Құжат қыркүйектің басында Парламенттің кезекті сес­сия­сының ашылуында халыққа жария етілді және кезекті саяси маусымның басталуымен тұспа-тұс келді.

Бұл құжаттың мән-маңызын арттыра түсетін Жолдаудың бір­қатар ерекшеліктерін атап өткен жөн.

Жолдауда Мемлекет басшы­сы­ның сайлау алдындағы бағдар­ла­масында белгілеген бірқатар бастамалары мен ұсыныстары көрініс тапты.

Тұтастай алғанда, Жолдауда бес маңызды бағыт айқындалған. Бұл заманауи тиімді мемлекет құру, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, серпінді және инклюзивті экономиканы қалыптастыру, әлеуметтік жаңғыртуды жүзеге асыру, қуатты өңірлерді қалып­тастыру.

Осы бағыттардың барлығы бо­йынша нақты міндеттер анық­талды. Бұл жерде бірер сәттерді бөліп көрсетудің маңызы зор.

Біріншіден, Президент саяси жүйенің эволюциялық дамуы­ның маңыздылығына тағы да назар аударды. Талқандалған жүйесіз ырықтандыру ішкі саяси жағдайдың тұрақсыздануына және тіпті мемлекеттілікті жо­ғал­тып алуға әкеліп соқтырады. Сондықтан біздің жолымыз – саяси реформаларды алдыға шығып жүгірмей-ақ, дәйекті, табанды және ойластыра отырып, жүзеге асыру.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қоғамдық-саяси реформалар жасау қажеттігінің барған сайын өсіп келе жатқанын өте әділ атап өтті. Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет – бұл біз жедел қар­қынмен жетуді көздейтін мақсатымыз.

Жолдауда азаматтардың бар­лық сындарлы сұраныстарына же­дел және тиімді жауап бере­тін «Еститін мемлекет» тұжырым­дамасын жүзеге асыру міндеті қойылды. Осындай пәрменді тетіктердің бірі ротациялық қағидат бойынша жұмыс істейтін қоғамдық сенімнің Ұлттық кеңесі болуға тиіс.

Жолдауда азаматтардың бар­лық конструктивтік сұраныс­тарына жедел және тиімді жауап беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндеті қойылды. Осындай пәрменді тетіктердің бі­рі ротациялық тәртіп бойын­ша жұмыс істейтін Ұлттық қо­ғам­дық сенім кеңесі болуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Мемлекет басшысы ретінде елімізде көппартиялылықты, саяси бәсекелестікті және пікір плюрализмін дамытуға ықпал етуді тікелей міндеті деп білетіні туралы маңызды мәлімдеме жасады.

Азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдардың қарау сапасы туралы мәселе тағы да көтерілді. Бұл ретте олардың са­ны­ның өсуі мемлекеттік орган­ның жұмысындағы жүйелік мә­селе ретінде айқындалып отыр­ғаны айтылды.

Ел Президенті елде бейбіт ми­тингілерді еркін өткізуді қол­дайтынын айтты. Егер олар заң аясынан шықпайтын және азаматтарымыздың тыныш­ты­ғын бұзбайтын болса, оларды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Және мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс. Бұл ретте заңсыз әрекеттер мен бұзақылықтар жасауға тыйым салынатын болады.

Президент қоғамның мем­ле­кеттік тілдің рөлін арттыру мәселесіндегі сұраныстарына ден қойды. Қазақ тілінің рөлі күшейе түсетін болады, оның ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезі де келеді. Алайда бұл үшін барлығымыз бірге жұмыс істеуіміз қажет. Әрине мұның бәрі орыс және басқа тілдерді қолдану аясын тарылту дегенді білдірмейді.

Екіншіден, азаматтардың құ­қықтары мен қауіпсіздігін қам­тамасыз ету шеңберінде Пре­зидент қоғамда үлкен резонанс тудырған аса өрескел, келеңсіз жағдайларға жедел ден қойды.

Ол Парламентке және Үкі­метке шұғыл түрде жыныстық зор­лық-зомбылық, педофилия, есірт­кі тарату, адам саудасы, әйел­дерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және жеке адамға, әсіресе балаларға қарсы ауыр қылмыстар үшін жазаны қатаңдатуды тапсырды.

ІІМ-ді реформалау бойынша кешенді жұмыс жалғасады. Соның арқасында полицияның мемлекеттің күштік құралы ретіндегі бейнесі біртіндеп өтіп, ол азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оларға қызмет көрсету жөніндегі органға айналатын болады.

Таяуда Арыс қаласында бол­ған оқиғалар Қарулы күштерде проблемалар жинақталып қалға­нын көрсетті. Осыған байланыс­ты жаңа тұжырымдама негізінде жауынгерлік қабілетті әскерді қалыптастыру міндеті қойылды.

Үшіншіден, Жолдауда сер­пінді және инклюзивтік эко­номиканы дамыту және әлеу­меттік саясатты жаңғырту жө­ніндегі шаралар белгіленген.

Президент ұсақ және шағын бизнес компанияларын 3 жыл мерзімге негізгі қызметінен са­лық төлеуден босатудың заңна­малық негізін әзірлеуді тапсырды. 2020 жылдың қаңтарынан бастап ұсақ және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық тыйым салу туралы шешім күшіне енеді.

Президент пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жер­лерін алып қоюға кірісуді тап­сырды. Бұл шара ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізуді көздейді.

Квазимемлекеттік компаниялар құруға мораторий енгізу туралы бұрын қабылданған шешім қи­сынды түрде жалғасын тапты. Үкіметке Есеп комитетімен бірге бір ай мерзімде мемлекеттік хол­дингтер мен ұлттық компания­лардың тиімділігіне талдау жүр­гізуге тапсырма берілді.

Бұған дейін 2020 жылдың
1 қаңтарынан бастап әрбір жұмыс беруші міндетті 10 пайыздық жарналардан басқа, қызметкердің еңбекақысының қосымша бес пайызын БЖЗҚ-ға аударуға міндетті деп жоспарланған бола­тын. Мұндай шара іскер ортада қызу талқылауға түсіп, соның ішінде көптеген сын пікір­лер айтылды. Президент Үкіметке 5 пайыз мөлшерінде қо­сым­ша зейнетақы аударымдарын ен­гізуді кейінге, 2023 жылға дейін қалдыруды тапсырды. Осы уақыт ішінде Үкімет, бизнес өкілдері мен сарапшылар келісілген бір шешімге келулері тиіс.

Жыл соңына дейін Үкімет жұмыс істейтін азаматтардың өздерінің жинақталған зейнет­ақы қаражатының бір бөлігін мақсатты пайдалануы, мысалы, тұрғын үй сатып алу немесе білім алу үшін пайдалану мәсе­лесін пысықтауы тиіс. Бұл халық­аралық тәжірибеге сәйкес келетін, уақыты келген шара. Ол азаматтарымызды қолдаудың маңызды амалы болуы тиіс.

Осылайша, Жолдауда халық­ты толғандыратын көптеген сұ­­рақ­­тарға жауаптар берілді. Бұл – қа­зіргі трендтер тудырып отыр­ған нақты іс-қимыл бағдар­ламасы.

Бұл ретте барлық осы ба­сым­дықтарды іске асырудың негізін біздің басты құндылықтарымыз болып қала беретін азаматтық татулық, ұлтаралық және кон­фессияаралық келісім құрай­тын болады. Президент атап өт­кендей, бірлікті одан әрі ны­ғайту жөнінде нақты шаралар қабылдануы қажет. Қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі рөлін нығайта отырып, біз этносаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі сақтауға тиіспіз. Ел бірлігі – оның көптүрлілігі екендігі бұл мәселеде біздің бағыт-бағдарымыз болып қала береді.

Жолдауда азаматтық қо­ғам­ды дамытуға ерекше назар ау­дарылды. Бұл мәселедегі басым­дықтар Азаматтық қоғамды да­мыту 2025 жылға дейінгі тұ­жы­рымдамасында көрініс табуы керек.

Азаматтық татулықты, қоғам­дық келісімді, жалпыұлттық бірлікті берік әлеуметтік-эконо­микалық негізде нығайту және дамыту қажет. Осыған байланыс­ты «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдау мемлекеттің халық бір­лігі мен әлеуметтік әділдікті нығайтуға алған бағытын айқын көрсетіп отыр.

Сондықтан алдағы кезеңде жаңа Жолдауды ілгерілету мен іске асыруға қатысу Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің басты бағыттарының бірі болады.

Орталықтағы және жергілікті жерлердегі ҚХА-ның барлық құрылымдары да Президенттің бастамаларын ілгерілету мен түсіндіруге, сондай-ақ жаңа міндеттерді іске асыруға белсенді түрде қосылады.

Жолдауда жаңа бағдарлар берілген. Енді мемлекеттік органдарды, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдерін бұл процеске белсенді түрде тарта отырып, алға қойылған міндеттерді табыс­ты іске асыру үшін құқықтық, ұйымдастырушылық және бас­қа да қажетті жағдайларды жа­сау­дың маңызы зор.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі