Руханият • 18 Қыркүйек, 2019

Қорқыт ата кітабы

54095 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

«Қорқыт ата кітабы» – түбі бір түркі халықтарының ортақ әдеби жәдігер­лерінің бірі, адамзаттың асыл мұрасы ретінде әлемдік дең­гейде зерттелген туынды. Не­гі­зі­нен батырлық жырлардың жи­­нағы болып табылатын бұл жаз­­ба мұраның Дрезденде және Вати­канда сақталған негізгі екі нұс­қасы, сонымен қатар үшінші – Дрез­ден нұсқасының көшірмесі саналатын Берлин нұсқасы бар.

Қорқыт ата кітабы

Бірінші нұсқа Дрезден король­дік кі­тапха­насында Х.Флейшер каталогы бо­йынша 86-нөмірмен тіркелген, араб әріп­терімен жа­зыл­ған 153 парақтық қол­жаз­ба. Қолжазбаның бірінші пара­ғын­да шы­ғарманың аты «Китаб-ы Деде Кор­­кут ала лисан-и таифе-и Оғузан» (Оғыз тай­па­сының тілін­дегі Қорқыт атам кітабы) деп көрсетілген. Бұл нұсқа төмен­дегідей 12 жыр­­дан тұрады: 1. Дерсе хан ұлы Бұқаш хан жыры; 2. Салор Қазанның үйінің ша­был­ғаны туралы жыр; 3. Қам Бөрінің ұлы Бамсы Бей­рек туралы жыр; 4. Қазан бектің ұлы Ораз бектің тұтқын болғаны туралы жыр; 5. Дұқа Қожа ұлы Делі Домрұл туралы жыр; 6. Қаңлы Қожа ұлы Қан Тұралы туралы жыр; 7. Қазылық Қожа ұлы Йегенек туралы жыр; 8. Бисаттың Төбекөзді өлтір­гені туралы жыр; 9. Бегіл ұлы Әмірен туралы жыр; 10. Үшүн Қожа ұлы Секрек туралы жыр; 11. Салор Қазанның тұтқын болып, оны ұлы Ораздың құтқарып алғаны туралы жыр; 12. Іш Оғыздың Сырт Оғызға жау болып, Бейректің өлгені туралы жыр.

Дрезден қолжазба нұсқасының әр беті 13 жолдан тұрады. Мәтінде көбіне дауыс­ты дыбыстарды біл­діретін белгі – харакат қойыл­маған. Сонымен қатар жырлар­дың тақырыбы да, жырмен баяндалған тұстары да жеке, бө­лек жазылмаған. Тек әр жырдың тақырыбын ғана ірілеп, қоюлап жазған.

Дрезден нұсқасын ең алғаш ғылымға танытқан Х.Ф. фон Диц. Ол Төбекөзге қа­тыс­ты жырды неміс тіліндегі аудармасы­мен бір­ге жариялап, Қорқыт атаға да біраз тоқталған. Диц Төбекөз бен Гомердің «Одис­­сеясындағы» Полифемді салыстырып, Қорқыт ата кітабындағы жырдың көлем­дірек екеніне назар аударып, мұны гректер Шы­ғыстан алған деген пі­кір айтады.

Екінші нұсқа Ватикан кітапха­насында түрікше жазбалар арасында 102-нөмірге тіркелген 107 парақ бұл жинақ екі бөлімнен тұрады. Жинақтың 2а-58а парақ­тары ара­сындағы «Хикайе-и Ла­тифе-и Ужубе ве Махжубе-и За­рифе» деп аталатын бірінші бөлімі парсы тілінен түрік тіліне аударылған хикаялардан тұрады. Жинақтың 58в-108а парақтары арасындағы екінші бөлімінде «Хикайет-и Оғызнаме-и Қазан бег ве ғай­­ры» (Қазан Бек және басқаларының оғызнама хикаялары) деген атпен Қорқыт ата жырлары берілген. «Қорқыт ата кітабының» бұл нұсқасы 6 жыр­дан тұрады. Қолжазбаның 106-107 парақтары жоқ. Дрезден нұсқасы секілді бұл нұсқаның да әр беті 13 жолдан тұрады. Тіл­дік ерекшеліктері жағынан ескі осман тіліне жақын. Бұл қол­жазба, Дрезден нұсқасымен салыстырғанда көлемі шағын болғанымен, бастан-аяқ харакат қойылып жазылған. Осы себепті зерттеушілер Дрезден нұсқасындағы түсініксіз, күмәнді жолдарды оқып, аударуда осы нұсқаға жүгініп отырған.

Ватикан нұсқасындағы жырлар: 1. (Дер­се) хан ұлы Бұқаш хан туралы хикая; 2. Бам­сы Берік туралы хикая; 3. Салор Қазанның үйінің шабылғаны туралы хикая; 4. Қазан бектің ұлы Ораз хан­ның тұтқын бол­ға­ны туралы хикая; 5. Қазылық қожа ұлы Йеге­нек бек туралы хикая; 6. Сырт Оғыздың Іш Оғызға дұшпан болып, Беріктің опат бол­ғаны туралы хикая.

Жырлардың тақырыбынан да көрі­ніп тұрғандай, Ватикан нұсқасында, негізінен Қазан бекке қатысты жырлар алынған. Бірақ Дрезден нұсқасымен салыстырғанда, бұл нұсқада Қазан бекке қатысты жырлардан «Салор Қазанның тұтқын болып, оны ұлы Ораздың құтқарып алғаны туралы жыр» енбей қалған.

Ватикан нұсқасын ғылымға ең алғаш танытқан кісі – Этторе Росси. Алдымен ша­ғын мақала (1950), ал кейіннен Қорқыт ата туралы көлемді зерттеу жазып, Ватикан нұс­қасымен бірге жариялаған (1952).

Э.Росси 364 беттік еңбегінің бірінші («Кі­ріспе») бөлімінде «Қорқыт ата кіта­бы­на», оның Дрезден, Берлин және Ватикан нұсқаларына, Қорқыт атаның аңыздық тұлғасына, жыраулық дәстүрге, жырда баян­далған географиялық аймақ­қа, жыр­дағы әдет-ғұрыптарға, діни наным­дарға және т.б. мәселелерге кеңірек тоқ­талған. Екін­ші бөлімде Ватикан нұс­қа­сындағы ал­ты жырдың, сонымен қа­тар Ватикан нұс­қасында жоқ Дрезден нұсқасындағы алты жырдың аудармасын берген. Үшінші бөлім­де Ватикан нұсқасының факсимилесін, ал төртінші бөлімде Ватикан нұсқасының түрікше-италиянша сөздігі мен т.б. мағлұ­маттарды берген.

Көлемі жағынан шағын, ұзақ уақыт ға­лымдардың назарынан тыс қалған Ватикан нұсқасы ХХ ғасырдың соңына қарай қар­қынды зерттеле бастады.

Ал үшінші нұсқа негізінен Дрезден қол­­жазбасының көшірмесі болып табылады. Ол Берлин корольдік кітапханасының Вильгельм Пертч дайындап, жариялаған каталогында 203-нөмірмен тіркелген. 34 па­­рақтан тұрады, әр бетте 34 жолдан жа­зылған. Зерттеушілер бұл нұсқаны Дрезден нұсқасынан көшіріп, Берлин кітапханасына тапсырған кісі Г.Ф.Диц болуы тиіс деген пікір айтады.

Түрік зерттеушісі Килисли Ахмет Ры­фат­тың 1916 жылы «Китаб-ы Деде Кор­­кут ала лисан-и таифе-и Оғузан» деген атпен араб әліппесімен жариялаған еңбегі осы Берлин нұсқасы негізінде дайындалған. Сондай-ақ Килисли Ры­фаттың бұл еңбегі «Қорқыт ата кіта­бына» қатысты Түркиядағы ең алғашқы еңбек.

«Қорқыт ата кітабына» Х.Ф.Диц, Э.Рос­­­си, Килисли Рыфаттан бастап көп­те­­­ген іргелі зерттеу жасалды. Г.Ф.Диц­тен ке­йін ұзақ уақыт зерттелмей қалған «Қор­қыт ата кітабы» туралы ма­ңызды ма­қа­ла­лар мен еңбектерді В.Бартольд жаз­ды. Сонымен қатар орыс ғалымдары Туман­ский, В.М.Жирмунский, А.Н.Кононов, А.Ю.Якубовский жазба ескерткішке қатыс­ты маңызды зерттеулер жасады. Бұл орайда Х.Г.Короглының зерттеулерін де ерекше атап өтуге болады.

Түркияда Килисли Рыфаттың жоғары­да аталған араб әріптерімен жарық көр­ген еңбегінен кейін 1938 жылы Ор­хан Шаик Гөкйайдың «Дедем Коркут» атты кітабы жа­рық көрді. Бұл еңбек «Қорқыт ата кіта­­бының» Түркияда латын әріптерімен ба­сылған алғашқы басылымы болып табы­­лады. Орхан Шаик Гөкйай Берлин нұс­қасы мен Дрезден нұсқасын салыстыра отырып дайындаған осы зерттеуінде өзіне дейінгі зерттеулерді толық қамтуға тырыс­қан, сон­дай-ақ Ресей Археологиялық қоғамы­ның Шығыс бөлімінің басылымдарында жария­ланған Қорқыт ата кесенесінің екі суретін жариялаған.

Мухаррем Эргин жазба ескерткіштің Дрезден нұсқасы бойынша дайындаған еңбегінің І кітабын 1958 жылы, ал ІІ кітабын 1963 жылы жариялады. М.Эргин І кітапта Дрезден нұсқасын Ватикан нұсқасымен салыстыра отырып транскрипциясын жа­са­ды, айырмашылықтарды сілтемеде көр­сетіп отырды. Сонымен қатар І кітаптың соңында екі нұсқаның да факсимилесін жа­риялады. ІІ кітабында грамматикасына қатысты зерттеулері мен қолжазба мәті­нін­дегі сөздердің тіркеме-көрсеткішін (ин­дек­сін) берді. Бұл еңбек «Қорқыт ата кіта­бының» текстологиясына арналған басты еңбектердің бірі болып табылады.

О.Ш.Гөкйай 1973 жылы «Дедем Корку­дун китабы» (Қорқыт атамның кітабы) ат­ты еңбегін жариялады. О.Ш.Гөкйай мың беттен асатын бұл еңбегінде Дрезден нұс­қасын Ватикан нұсқасына жүгіне отырып түзетіп оқыған, сондай-ақ аталмыш жаз­ба жәдігердің зерттелу тарихы, тарихи оқи­ғалармен байланысы, шығарманың емлесі, тілдік ерекшеліктері, әдеби сарындары, шығармада баяндалатын әдет-ғұрыптар, киімдер, тағамдар және т.б. жөнінде мол мағлұматтарды қамтыған.

«Қорқыт ата кітабына» қатысты Әзер­бай­жанда шыққан Хамит Араслының 1939 жылы жарық көрген мәтін мен ша­ғын сөздіктен тұратын «Китабы Деде Кор­кут» атты кітабын, сондай-ақ осы жаз­ба жәдігер бойынша зерттеулер жүргіз­ген М.Г.Тахмасиб, Ш.А.Жәмшидов, Ә. Де­мир­чизаде, Ф.Зейналов және т.б. ғалым­дар­дың еңбектерін атап өтуге болады.

Қазақ ғалымдарынан Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Х.Сүйіншалиев, Р.Бердібаев, Ш.Ыбыраев өз зерттеулерінде «Қорқыт ата кітабын» әдеби мұра тұрғысынан қарас­тырып, сүбелі ой-тұжырымдарын білдірді. Қорқыт ата мұрасын мен де ешқашан назарымнан тыс қалдырған емеспін.

«Қорқыт ата кітабын» зерттеу жұмыс­тары ХХІ ғасырда жаңа белеске көтеріліп, іргелі зерттеулермен толықты. Жазба жә­дігердің транскрипциясы, бұрын дұрыс оқылмаған, түсініксіз тұстарына қатысты жаңа зерттеулер жарық көрді.

2001 жылы Семих Тезжан мен Хендрик Бушотен «Қорқыт ата кітабының» Дрезден және Ватикан нұсқаларының транскрипцияларын алғаш рет жеке жариялады. Бұл еңбекте Дрезден мен Ватикан нұсқаларында анықталған қолжазба қателері көрсетіліп, олар сөздердің транслитерациясы және ескертпелер түрінде берілді. Сонымен қатар С.Тезжан сол жылы жарық көрген «Қорқыт ата оғызнамелеріне қатысты ескертпелер» атты еңбегінде қолжазба мәтініндегі көп­теген тілдік мәселені шешуге сеп болар­лық пікірлер білдірді. Бұлар «Қорқыт ата кі­табын» зерттеу мәселесінде үлкен кем­шіліктің орнын толтырған, қолжазбаны оқып, дұрыс транскрипциясын жасау бағы­тын­дағы маңызды еңбектер болды.

2005 және 2016 жылдары Садеттин Өз­челик «Қорқыт ата кітабына» қа­тыс­­ты зерттеу еңбектерін жариялады. Бұл еңбек­тер­де Дрезден нұсқасының факси­милесі, тран­­скрипциясы, сонымен қатар, қолжазбада қам­тылмаған, қате жазылған, түсініксіз сөз­дерге қатысты түзетулер жасалып, түсі­ніктемелер, мәтіндегі сөздер мен сөз тір­кес­терінің сөздігі, индексі берілді. Әсіресе, түпнұсқа мен транскрипцияның қатар берілуі қолжазбаны салыстыра оқуға да ыңғайлы жағдай туғызды. Сондай-ақ бұл өзінен бұрынғы зерттеу еңбектеріндегі мәселелерді де ескере отырып, қолжазба мәтінін жаңаша оқуы, тиісті түзетулерді жасауы жағынан елеулі еңбек болып табылады.

2006 жылы Осман Фикри Серткаяның Дрезден нұсқасының «Кіріспе» бөлімінің транскрипциясы мен осы бөлімге қатысты пікір-ескертпелерін қамтитын еңбегі жарық көрді.

Ал Мустафа Синан Качалин алдымен (2006 ж.) Ватикан нұсқасының транскрипциясын, түсініктемелерін және сөздігін қам­титын зерттеу еңбегін, кейіннен (2017 ж.) аталмыш нұсқамен қатар Дрезден нұс­қасының да транскрипциясы мен сөзді­гін, сондай-ақ В.Рубеннің «Қорқыт ата кіта­бын­дағы» жырларға қатысты 1944 жылы Хель­синкиде жарық көрген мақаласының түрік тіліндегі аудармасын және т.б. қосымша мағ­лұматтарды қамтитын көлемді зерттеу еңбегін жариялады. М.С.Качалин бұл зерттеулерінде Дрезден нұсқасымен салыс­тырғанда Ватикан нұсқасының артық­шы­лықтары мен басымдықтары мәселесіне, қолжазбалардың хатқа түскен кезеңдеріне қатысты назар аударарлық маңызды пікір­лерін де білдірді.

Кейінгі кезеңдерде жарық көрген бұл еңбектердің барлығы «Қорқыт ата кітабы­ның» қолжазба нұсқаларын дұрыс транскрипциялау, түзетіп оқу, мәтіндерді түсіну үшін маңызды қадамдар болды.

Қолжазбаның палеографиялық ерек­шеліктері, мұқабасында жазылған кейбір мәліметтерді назарға алғанда «Қорқыт ата кітабының» жалпы хатқа түскен кезеңі шамамен ХV-ХІV ғғ. деп болжанады. Дегенмен, жырдың тілі ХІІІ-ХІV ғасырдың тілдік ерекшеліктерін де сақтап қалған. Сонымен қатар жырларда оғыздар мұсылман ретінде баяндалғанмен, олардың тұрмыс-тіршілігін баяндайтын тұстарда ислам дініне жат нәрселердің суреттелуі (оғыз бектерінің шарап ішуі, Делі Домрұлдың Әзірейілмен айқасы, т.б.), сондай-ақ моңғол тілінен енген сөздердің едәуір мөлшерде кездесуі, оқ дәрілі қарулар туралы еш баяндалмай, садақ, найза, жебе, гүрзі, сүңгі секілді көне қару түрлерінің ғана кездесуі бұл жырлардың ертеректе туып, қалыптасқанын көрсетеді. Сонымен қатар жырларда Қазылық (Қазы­ғұрт) тауы, Көкшетау, Арқа бел, Алатау, Қаратау, Қарашық, Түркістан секілді Сыр бойы мен қазақ жеріндегі жер-су атауларын сақталып қалуы, олардың жырларда жиі аталуы осы пікірді қуаттай түседі.

Негізінде бұл жырлар бір кездері оғыз-қыпшақ жұрты қатар көшіп-қонып жүрген ата қоныс – Сыр бойында туып, ғасырлар бойы жырланып, кейін оғыздармен бірге көшіп, жаңа сюжеттер, жаңа оқиғалар қосылып, толығып, түрленіп, Анадолыда хатқа түскен болуы тиіс. Жырдың баяндалу сипатының өзі көне жыраулық дәстүрді айқын көрсетеді. Әрбір елеулі оқиғадан кейін Қорқыт ата келіп сөз сөйлейді, жыр жырлайды, бата береді. Ал Делі Домрұл, Төбекөзге қатысты жырлар тіпті ертеректе шыққан тәрізді.

«Қорқыт ата кітабының» Дрезден нұс­қасы, жоғарыда айтып өткеніміздей, оғыз батырларының қаһармандықтарын дәріп­тейтін он екі жырдан тұрады. Бұл жырлар­да оғыз ерендерімен қатар, оғыздардың тұр­мыс-тіршілігі, әдет-ғұрыптары, діни се­нім­дері және т.б. туралы мол мағлұматтар беріледі.

Сақталып жеткен жалпы жыр саны он екі болғанымен, жырларда батырлық қасиет­тері, ерекшеліктері айрықша сипатталып өтетін «ашуы келгенде, қара тас­­ты күл-тал­қан қылған, қара мұртын желкесінде жеті жерден түйген, ерендердің аждаһасы» Қазан бектің бауыры Қара Гөне; «Дербенттегі темір қақпаны теуіп ашқан, алпыс тұтам ала найза ұшында дұшпанын бақыртқан» Қиян Салжұқ ұлы Делі Дұндар; «темір садақты Қыпшақ Мәлікке қан құс­тырған, астындағы аты алтын алқалы» Қара Гөне ұлы Қара Бұдақ; «алпыс мың кәпірге қан құстырған, ақбоз атының жалында қар тұрғызған» Ғапілет Қожа ұлы Шер Шәмседдин; «алпыс ісек терісінен тон тіксе тобығын жаппайтын, алты ісек терісінен құлақшын тіксе құлағын жаппайтын, қол-аяғы тіректей» Қазан бектің нағашы ағасы, ат жақты Аруз Қожа; «Пайғамбардың жүзін көрген, Оғызға келіп, сахаба болған, ашуы келгенде мұртынан қан шыққан, қанды мұрт» Бүгдіз Емен; «Айғыр Көздер суында ат жүз­дірген, елу жеті қамалдың кілтін алған, Сопы Сандал Мәлікке қан құстырған» Ейлік Қожа ұлы Алып Эврен (Өрен); «Үш күн жау көрмесе қан жылайтын» Тоғсын ұлы Рүстем; «Жердің бір шетінен екінші шетіне жетем деген» Соған Сары; «екі қамал мұнарасына атқан қайың оғы (жебесі) қайта келмейтін» Жауырыншы ұлы Ел Алмыш секілді оғыз ерлері туралы да әуелде жеке жырлардың болуы әбден ықтимал. Өкінішке қарай, олар туралы жырлар сақталмаған.

Осы секілді мәселелерді назарға алғанда, бір кездері Сыр бойында қатар көшіп-қонған оғыз-қыпшақ тайпаларында ортақ жырланған осы бір жазба ескерткіштің Ана­долы жеріне тек жұрнағы жетіп, хатқа түскен тәрізді.

Жалпы Қазақстанда «Қорқыт ата кіта­бы» әдеби мұра ретінде зерттелгенімен, күні бүгінге дейін бұл жазба ескерткіш қазақ тіліне түпнұсқадан аударылмай келді. 1986 жылы фольклоршы-ғалым, профессор Ә.Қоңыратбаев пен М.Байділдаев «Қорқыт ата кітабын» орыс тілінен аударып жариялады (1986). Кейіннен Б.Ысқақов, Ш.Ыбыраев түрік тілінен аударды (1994, 1999). Әрине, бұл әдеби аудармалар жырлардың мазмұны, сюжеті, идеясы және т.б. мәселелер тұрғысы­нан көптеген зерттеуге арқау болған елеу­лі еңбектер болғанымен, тілдік тұрғыда түп­нұсқаның бастапқы қалпын сақтай алмаған.

Әсіресе, Ә.Қоңыратбаев пен М.Байділ­даевтің орыс тілінен аударып жариялаған нұсқасында қазақ тілінде сақталып қалған көптеген түркілік элемент түпнұсқадан ауыт­қып, орыс тіліндегі аударманың ықпа­лы­­мен жазба ескерткіштің тілі мен қазір­гі қазақ тіліне ортақ бастапқы пішінін сақ­тамай, бұрмаланып аударылған. Тіпті кей жолдары еркін аударылған. Сондай-ақ жер атауларында да орыс тіліндегі аударманың ықпалымен бұрмалаушылықтар орын алған. Мәселен, түпнұсқадағы Қазылық тауы Кав­каз деп аударылған.

Ал Б.Ысқақов пен Ш.Ыбыраевтың тү­рік тілінен аудармасы түпнұсқаға жақын аудар­ма болғанымен, жырдың кей тұстары ықшамдалып, аударылмай қалып кеткен, ал кейбір тұстары басқаша мағынада ауда­рылған. Мысалы, кіріспе бөлімде (D.3а) Қорқыт атаның Осман әулетіне қатысты айтқан сөздері, қолжазбаның D.32b бетінің 11-жолы мен D.33а бетінің 6-жолы арасында ат жақты Аруз Қожа мен қанды мұрт Бүгдіз Еменді суреттеген сегіз-тоғыз жол ауда­рыл­май қалған. Сонымен қатар жырдың әр­түрлі бөлімдерінде түпнұсқадан ауытқып, мағынасы басқаша аударылған тұстар да кездеседі.

Қысқасы, «Қорқыт ата кітабының» қа­зақ тіліндегі аудармалары кітаптың орыс және түрік тілдеріндегі аудармаларын негіз­ге ала отырып жасалған әдеби аудар­малар болғандықтан, түпнұсқадан ауытқу­шылықтар мен бұрмалаушылықтарға жол берілген. Десе де, кейбір кемшіліктеріне қарамастан, бұл аудармалардың ұзақ уақыт үлкен қажеттіліктің орнын толтырған маңызды еңбектер болғанын атап өткен жөн.

Жалпы алғанда, жазба ескерткіштің әдеби аудармасы оның мазмұнын, сюжетін, идеясын жеткізгенімен, бай тілдік материалын түпнұсқадағыдай нақты ашып бере алмайды. Сондықтан қандай да бір жазба жәдігердің транскрипциясы тілдің қалыптасып, даму кезеңдерін, тарихи грамматикасын, тілдік қорын т.б. зерттеу тұрғысынан ерекше маңызды. «Қорқыт ата кітабының» осы күн­ге дейін қазақшаланған нұсқалары, жоғарыда айтып өткеніміздей, еркін аударма сипатында болды. Ал еркін аудармалар тілдік зерттеулерге негіз бола алмайды. Қазақ­станда «Қорқыт ата кітабының» күні бүгінге дейін транскрипциясының жасалып, басылмауы ‒ тіліміздің тарихи тереңдерінде тұнып жатқан мол тілдік деректер мен бай материалдың әлі де игерілмей жатқанын көрсетеді. Мысалы, «Қорқыт ата кітабында» жалпы алғанда сегіз мыңға жуық сөз бен сөз тіркесі кездеседі. Бұл – тұтас бір халықтың тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-сана­сын, наным-сенімін, бастан өткерген тарихын көрсететін мол тілдік материал деген сөз. Сондай-ақ жазба жәдігерде сақталған қыпшақ тілінің элементтері, жер-су атаулары, әдет-ғұрып, салт-дәстүр жөнінде мәлімет беретін сөздер мен тіркестер жырдың пайда болған географиясын анықтауда да маңызды рөл атқарады. Сондықтан, «Қорқыт ата кітабын» түпнұсқа факсимилесінен оқып, транскрипциясын жасау; алдыңғы транскрипцияларда басқаша оқылған күмәнді сөздерді қайта оқып, жаңаша түсініктеме беру; жырдағы қыпшақтық элементтерге баса назар аударып, ана тілімізге аудару, яғни қазақ тілінде жаңашалау, кітаптың сөздігін құрастыру тарихи-салыстырмалы тіл зерттеулері үшін ғана емес, сонымен қатар этнолингвистикалық, этнографиялық т.б. зерттеулер үшін де маңызды рөл атқарады.

Өз басым Түрік қағанаты заманынан жеткен көне жәдігерлерімізді сонау 1960-жылдардан бері зерттеумен келемін. Сол ізде­ністерім мен зерттеулерімнің же­місі ретінде біраз еңбектер жарық көр­ді. 1967 жылы Б.Кенжебаев және Х.Сүйін­ша­лиевпен бірлесе дайындаған «Ертедегі әдебиет нұсқаларында» көне түркі жазба ескерткіштеріне қатысты бөлімді жазып, Орхон жазба ескерткіштерінің транскрип­циясы мен аудармасын бердім. 1969 жылы «Көне түркі әдебиет нұсқалары және олар­дың қазақ әдебиетіне қатысы» атты канди­даттық диссертациямды қорғадым. 1985 жылы қазақ әдебиетінің түптегі тұ­нық бастауларынан қазіргі әдебиетке дейін­гі кезеңдерін қамтыған зерттеулерім ‒ «Асыл арналар» басылды. 2005 жылы Қ.Сарт­қожа­ұлымен бірлесе дайындаған, байырғы түркі ескерткіштерінің жаңа транскрипциясы, аудармасы мен түсініктемелері қамтылған «Орхон ескерткіштерінің толық атласы», 2013 жылы менің жетекшілігіммен «Батыс түрік қағанаты» атты көлемді еңбектер жарық көрді. 2018 жылы Халықаралық Түркі Академиясы менің «Ұлы дала әдебиеті» ат­ты үлкен монографиямды жарыққа шы­ғар­ды. Бұл еңбектер талай тілдік зерттеулерге негіз болып, ғылыми айналымға түсті. Осы тәжірибелеріме сүйене отырып, соңғы төрт-бес жылда «Қорқыт ата кітабының» Дрезден нұсқасын тұңғыш рет қолжазбаның факсимилесінен транскрипциялап, қазақ тіліне (PhD докторы Г.Шадиевамен бірге) жаңашалап шықтым.

Қолжазба нұсқаны оқып, транскрипциясын жасау барысында Орхан Шаик Гөкйай, Мухаррем Эргин, Садеттин Өзчелик, Мус­тафа Качалин, Семих Тезжан мен Хен­дрик Бушотеннің еңбектері ескерілді. Кей тұстарда сол еңбектерге жүгіндік. Негі­зі­нен өз тәжірибемізге сүйендік. Бұл ескерт­кішті оқуда, жаңашалауда көбіне Орхон ес­керткіштерін қазақшалаудағы тәжірибемді көп пайдаландым.

Жалпы Дрезден нұсқасында қолжазба қателері айтарлықтай баршылық. Қол­жаз­бада бір сөз кей тұстарда екіге бөлініп, ал кейде екі сөз бірігіп жазылған, сондай-ақ кейбір сөздер, соның ішінде жалқы есімдер де әр жерде әртүрлі жазылған, әріп қателері де жиі кездеседі. Бұларды қолжазбаның транскрипциясында, сондай-ақ сілтемелерде көрсетіп отыруға тырыстық.

Қолжазбада осындай қателіктердің орын алуы, бірізді болмауы бұл нұсқаның да­йын қолжазба нұсқадан емес, жыр жырлап отырған бір немесе бірнеше жыршының аузынан жазылып алынған болуы тиіс деген ойға жетелейді. Әрине, бұл мәселелерді анықтап, айқындау келешектің ісі.

Бізде көне жәдігерлерді жоғары оқу орын­дарының шәкірттеріне түпнұсқадан оқытып талдату, тілдік зерттеулерде кеңінен пайдалану, ғылыми айналымға ендіру мәселесі кенжелеп келеді. Көне жәдігерлерді оқыту мәселесі оларды таныстырумен, мазмұны, идеясы, ерекшеліктері туралы жалпы мағлұматтар берумен шектеледі. «Қорқыт ата кітабының» түпнұсқадан тұң­ғыш рет аударылған бұл нұсқасы сол олқы­лықтардың орнын толтырар деген үміттемін.

Осылайша, алғашқы жырлары біздің болжауымызша сонау VІІІ ғасырларда туып, ғасырдан-ғасырға ауызша жырланып, заманына сай өзгеріп, толықтырылып, түрік жұртымен бірге көшіп, Анадолы же­рінде хатқа түскен «Қорқыт ата кітабы» елі­мізде тұңғыш рет түпнұсқадан оқылды. Қорқыт ата жырлары стилі, көркемдігі тұрғысынан әртүрлі. Соған қарағанда бұл жырлар кезінде бірнеше жыраудың аузынан жазылып алынған тәрізді. Кітаптағы қыпшақ тілінің ерекшеліктері де толық сақталды. Ендігі жерде «Қорқыт ата кіта­бының» транскрипциясы мен қазақ тілін­де жаңашаланған нұсқасының ғылыми айна­лымға түсетініне және жаңаша талдау жұмыс­тарының жүргізілетініне, сөйтіп қазақ тілінің тарихи даму сатыларын айқындау, тарихи грамматикасын, тілдік қорын зерттеуге, жырды әдеби тұрғыдан тануда ықпал ететініне күмән жоқ.

Бұл еңбек келешекте ортағасырлық өзге де құнды жәдігерлеріміздің транскрипцияларын жасап, қазақ тіліне сай жаңашалауға түрткі болады деген үміттемін.

Мырзатай Жолдасбеков