Қоғам • 01 Қазан, 2019

Сенім кеңесі өркениетті жолмен өзгерудің өзегі болуға тиіс

299 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Ел өміріндегі маңызды мәсе­лелерді талқыға салып, стра­тегиялық жобаларды саралауға, осыларға қатысты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеуге бағыт­талған Ұлттық сенім кеңесінің құрылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда ай­қын­далған міндет­тер мен бастама­лардың жүйелі жүзеге асуын нақ осы кеңес шеңберінде дамыту қажеттігін баса айтқан еді. Осы орайда Президент жанынан құры­л­ған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, белгілі саясаттану­шы Расул Жұмалыны әңгімеге тартқан едік.

Сенім кеңесі өркениетті жолмен өзгерудің өзегі болуға тиіс

– Ұлттық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Көкейде жүрген біраз дүние қаузалды. Соның бәрін саралай отырып кеңес мүшесі ретінде, саясаттанушы ретінде қандай ой түйдіңіз?

 – Әу баста қоғамда да, сараптамалық орталарда да күмән-күдік көп болды. Меніңше, бұл күмән әлі де толықтай сейіл­ді деп те айтуға келмес. Алғашында кеңес құрамына мүше болып енген азаматтардың көңілінде де секем бол­ғаны рас. Себебі бұған дейін осыған ұқсас форматтағы көптеген жиындар көңілден шықпаған-ды. Басы жап-жақсы басталып, соңы құмға сіңген судай бос әңгіменің айналасынан ұзай алмаған, талай басы бар, аяғы жоқ басқосулар жұртшылықты күмәнді ойға жетелеген еді. Бұл тұрғыда жер туралы комиссия жұмысын, демократия мәселелері бо­йынша кеңес секілді діттеген межесіне жете алмаған бірқатар жобаны мы­сал­ға келтірсек жеткілікті. Қалай дегенде де елімізде саяси транзит басталды. Көптеген оң өзгерістер байқалуда. Олай дейтінім мемлекеттің саяси тұ­рақ­тылы­ғына нұқсан келтіретіндей шие­леністі жағдайлар болған жоқ. Меніңше мұның ең жағымды тұсы осы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Прези­дент ретінде жасаған мәлімде­мелері көпшіліктің ойында жүрген нақты проблемалардың тамырын тап басқандай көрінді. Ендігі кезекте демократияға қатысты, биліктің халыққа жақын болуы тұрғысында, сайлаулардың әділ өтуі жөнінде, елдің әлеуметтік жағдайын жақсартудың айналасындағы нақты қолға алынған шаралар нәтижесін берсе игі. Шын мәнінде мемлекеттің алдында үлкен міндеттер тұр. Шешімін күткен түйіндер де аз емес. Оны оңтайлы реттеу үшін тың талпыныс қажет. Қуан­татын мәселе, қазір қоғам оянып келеді. Белсенділік арта түсті. Мұны соң­ғы сайлаудан да байқауымызға бола­ды. Наразы топтар өз ойын ашық білдіре бастады. Ең бастысы, осы мақсат-бағдарларды мә­мі­лемен еңсеру, өркениетті жолмен өз­герту, тұрақтылыққа нұқсан келтір­мей алға басу қағидасы көзделіп отыр.

Осы ретте халық пен билік арасын­дағы мәселелерді жолға қоюға тиіс қоғамдық кеңес, тәуелсіз баспасөз, тәуел­сіз сот сынды институттар бар. Деген­мен оларға деген халықтың сенімі төмен. Халық пен билік арасына дәнекер бола алатын, шын мәнінде нақты көпір қыз­метін атқара алатын тірек керек бол­ды. Осыны жіті түсінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұрт көңіліндегі сенім­ді қайтаратын алаң ретінде ұлттық сенім кеңесін құру қадамына барды. Түйіндеп айтқанда кеңестің мақсаты – қор­да­ланған мәселелерді оңтайлы, бейбіт жолмен шешу, жұртшылықты тату­лық пен ынтымаққа ұйыстыру. Ме­нің баға­лауымда Президенттің коман­дасы Ұлт­тық кеңесті жай популизм үшін не­месе әйтеуір жағдайды уақытша қа­лып­та ұстай тұрайық деген оймен емес, ел дамуына бастайтын нақты страте­гия­лық қадам ретінде ұстанып отыр. Бай­кот жариялап, шет қалғанмен мәселе ше­шіл­мейді. «Ешқандай сенім жоқ, бәрі бекер, тек қана көшеге шығып митинг ар­қылы мәселені шешеміз» деу бола­ша­ғы бұлыңғыр қате ұғым. Олай жалғаса берсе, мұның арты жақсылыққа апармайды.

Бүкіләлемдік тәжірибеге шолу жа­са­сақ, қантөгіс пен революция еш­кім­­ді ұшпаққа шығарған жоқ. Аран­дату­шылар бар, айдап салушылар бар, осылардың сойылын соғып барымыздан айырылып қалмау қажет. Дәл осы ұстанымдарды назарға ала отырып кеңес құрамына мүшелікке ендік. Кеңеске кірген өзім секілді азамат­тар­дың мақсаты да осы. Мейлінше осы кеңестің құрамында жүріп ел тағды­рына қатысты мәселелерге титтей де болса өз септігімізді тигізейік деген үміт­пен ұйымға мүше болдық. Негізгі ұстаным – «жоқтан бар жақсы». Билік ел­дегі проблемаларды өркениетті жолмен шешуге мүмкіндік тудыратын осын­дай алаң ұсынар болса, неге оны тиімді пайдаланбасқа. Алғашқы отырыс мәреге жетті. Ашық әңгіме, жақсы талқы болды. Мейлінше маңызды мәселелер көтеріліп, ұсыныстар айтылды.

Әрине Ұлттық сенім кеңесі Пар­ламент сияқты заң қабылдайтын, иә болмаса Үкімет мүшелерін шақырып алып сұрақ қоятын лауазымға ие емес. Дегенмен Мемлекет басшысы бастап, қалың жұртшылық қостап отырған құрылымның болашағынан мол үміт күтуге болады деп сенемін.

– Кеңестің бірден-бір мақсаты – қо­ғам дамуын қалыптастыру, яғни әлі де ақсап жатқан салаларды аяққа тұр­­ғызу. Президент кейбір салаларға тү­бе­­гейлі реформа қажеттігін, бұл ретте аза­­маттық қоғамның пікір-тіле­гі, ұсы­­ныс­ы міндетті түрде ескерілуі ке­рек­­ті­­гін айрықша атады. Сіздіңше, ең ал­­ды­мен қай салаға жаңашылдық керек?

– Қай саланы алып қарасақ та шеші­мін күткен мәселе табылады. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, әлеу­мет­тік, бюджеттік, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау сынды негізгі сала­лардың бәріне тың серпі­ліс қажет. Тұрақтылықтың азаюы, наразы­лық­тың көбеюі, шығынға бату, кәсіпорын­дардың жабылуы, қылмыс деңгейінің артуы қоғам дамуын тежейді. Солардың ішіндегі ең келелісі саяси реформа. Ұлттық сенім кеңесінің құрамына енген 44 мүше саяси модернизация, әлеумет пен руханият, экономика мен қаржы секілді үш топқа бөлінгенін білесіздер. Соның ішінде мен саяси бөлімге кірдім. Басқа да білікті саясаткерлер мен баспасөз мамандары, оппозиция өкілдері мен саясаттанушылар бұл бағыттың құрамына енді. Біз әзірге бес басымдықты алға тарттық. Яғни, бес түрлі заңға өзгерту енгізуді ұсындық. Сөз болып отырғаны сайлау, саяси пар­тиялар, баспасөз, жергілікті өзін өзі басқару және шерулер мен митингілер мәселесін қамтыған заңдар.

Мәселен, әділ сайлауларсыз біз демократияға жете алмаймыз. Әділ сайлаусыз Парламентке шын мәнінде халықтың қалаулылары келмейді. Қоғамның сеніміне лайық, қолынан іс келетін тәжірибесі мол адамдар келгенде ғана түрлі кездейсоқ жолмен немесе тамыр-таныстықпен өту әрекеті тыйылады. Саясатта алға басу үшін оны жігерлі, мықты, ақылды адамдар жүргізуі керек. Олар саяси бәсекелестіктің бәсі жоғары болғанда ғана билік басына келеді. Яғни, бәсеке барлық саланы қозғаушы күш. Қарапайым экономиканың өзінде бәсе­келестік арқылы сапа өседі, нарық­та мықты өндірушілер пайда бола­ды, әлсіздер шығынға ұшырап, мық­тылар суырылып алға шығады. Өмір­дің өзі бәсекеден тұрады. Саяси бәсе­ке­лестік болу үшін саяси партиялар болуы шарт. Саяси партиялар туралы заңды қайта қарау қажет. Осы тақы­леттес тақырыптарды қамтыған өз ұсы­ныстарымызды ортаға салдық. Кеңес­тің алғашқы отырысы барысында бұл заңдар қандай талаптарға сай болуы керек, олардың философиясы қандай деген сауалдарға жауап беретін өз ой-пікірімізді білдірдік. Қажет болса заңдардың редакциясын жасауға дайынбыз. Арамызда халықаралық саланың мамандары, заңгерлер бар. Тіпті мемлекеттік құзіретті мекемелермен сол заңдарды талқылауға, Пар­ламенттің алдына шығып қорғауға да әзірміз. Әзірге біздің тарапымыздан ал­ғаш­қы отырыста көтерілген мәселе осы.

– Соңғы уақыттары қоғам тың бетбұрыстарға қадам басып, бірқатар әлеуметтік мәселелердің оң шешімін тауып отырғанын көріп отырмыз. Сіз бұған не айтасыз?

– Президенттің өзінің көтерген ұраны «Күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет». Соның бағдарын Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында айқындап көрсет­ті. Жол­дауда қамтылған мәселелерді оң бас­тамалар деп айта аламыз. Оның ішін­де халық пен биліктің жақын болуы, шенеуніктердің ашықтығы, баспа­сөзге, шерулерге қатысты түрлі кедер­гі­лердің алынып тасталуы секілді бірқатар мәселелерді айрықша атауға болады. Мик­робизнесті салықтар мен қисынсыз тек­серістерден босату, мұға­лім­дердің жалақысын екі есеге дейін ұлғай­ту секілді әлеуметтік маңызды мәселе­лерді қам­тығаны көңіл қуантады. Және ең бастысы, сөз бен істің арасында сабақ­тас­тық бар. Жемқорлықты жүген­деу, ысы­рап­шылдыққа бой алдырмау, билік басындағы азаматтардың елмен етене жақын болуы Президенттің негізгі принциптеріне айналып отыр. Оны бір ғана мысалмен айта кетуге болады. Мемлекет басшысы Ақтауға жасаған сапарында жергілікті әкімдіктегілердің «Тоқаевты қолдаймыз», «Жаңа Прези­дентіміз жасасын» деген сарында ілін­ген банерлерді, жазбаларды алғызып тастады. Бұл – қарапайымдылықтың қарапайым ғана мысалы.

Елді дүрліктірген Арыстағы жағдай­дың алғашқы күні-ақ өзі ел ішінен табылып, қасірет шеккен халыққа үл­кен демеу жасады. Ең бастысы, ол ха­лық­аралық жағдайларды терең сезіне­тін, әлемдік деңгейде ойлай алатын тұлға. Мұның барлығы тактикалық емес, стратегиялық тұрғыдан жасалып отыр­ған іс. Ұлттық кеңестің мақсаты да осын­д­ай дәнекерлікке ие болу болса, екін­ші жағынан халықтың қолдауына ие болу.

– Жастар еліміздің болашағы деп жата­мыз. Сол жастар өз әлеуетін толық пайдалана алып жүр ме? Кері­сінше біз жігерлі жастарымыздың ақыл-білімін қаншалықты мемлекет игілігіне бағыттай алып отырмыз?

– Адам баласының ақыл-ойының қабілеті асып-тасатын, ең бір ғылыми жетістіктерді еңсеретін, табысқа жететін жас – ол жиырма мен отыз бес жастың аралығы. «Талаптың аты арындап тұрған» бұл кезең өмірдің нағыз қуатты да шуақты сәті. Нағыз реформа жасайтын, қоғамды алға жетелейтін, өмірді өзгертетін ол – жастар. Бұл табиғаттың заңдылығы. Көптеген елдер жастардың осы қасиетін жақсы бағалап, олардың әлеуетін ел дамуына тиімді пайдаланады. Әлемдік тәжірибеде өзінің жастарына жағдай жасаған мемлекеттер түбі кемелденеді. Жастарына білім беретін, бәсекелестікке жетелейтін, жұмыс орнымен қамтитын елдер тарихта кейін қалып көрген емес. Мәселен, Американы, Еуропаны алып қараңыз. Олардың алға озуына баспалдақ болып, мәселесін шешіп отырған осы жастар. Бұл тұрғыда Марк Цукерберг, Джобс сияқты жас­тайынан әлем таны­ған тұлғаларды алға тартсақ та жет­кілікті. Керісінше кейбір мемлекеттер жастарына жағдай жасауды соңғы мәсе­ле ретінде ысырып қояды. Мұндай жағдайда жастар алға жетелейтін күш емес, революциялық зор толқынға айналады.

Кезінде Араб еліндегі «Араб көк­темін» туындатқан орта немесе аға буын өкілдері емес, жастар болатын. Мұндай жағдай Мысырда да, Тунисте де болды. Яғни, қамқорлық болмаса жас­тар өркениетті күш емес, төңкерісшіл топқа айналады. Бізде де жастарды қолдайтын түрлі ұрандар ортаға тасталады. Биылғы жыл Жастар жылы болып жарияланды. Десе де бұл қолдаулар науқаншылдыққа айналмай кешенді түрде жүйелі жалғасын тапса игі. Ең алдымен жастарға әлеуметтік жағдай жасалуы керек. Статистикаға үңілсек өзінің болашағын шет мемлекеттермен байланыстыратын жастардың дені артқан. Олардың басым көпшілігі қатарынан дараланып шыққан ең білікті жастар. Мәселен, Парламентті, министрлер корпусын алып қарасақ, ондағы жастардың үлес салмағы тым аз. Тіпті жоқтың қасы. Қабілетті, ақылды, тәжірибелі жастар жетерлік. Оларға сенім арту керек.

– Біздегі модераторлардың сала­лық тақырыптарға бейімделуі тұрғы­сын­да не айтасыз? Мәселен, сізді Ор­талық Азия елдері интеграциясына маманданған саясаттанушы ретінде танимыз. Бірақ түрлі тақырыпта қалам тербеп, байлам айтып жүрсіз. Бұл салалық тақырыпқа тереңнен дендеуіңізге кедергі келтірмей ме?

– Әрине келтіреді. Кез келген мемлекетте мамандар сол елдің, қоғамның сұранысына қарай икемделуі керек. Мысалы, белгілі бір елге жылына жүз экономист керек, мың инженер керек деген сияқты нақты сұраныс болуы шарт. Бізде де мұндай сұраныс бар. Бірақ өкінішке қарай, білім беру саласында осы екі араны жалғап, қажет­тілік пен сұранысты өтеп тұратын байланыс жоқ. Статистикаға үңілсек, жоғары оқу орындарын бітіріп шыққан жастардың 50 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Оның ішінде сіз айтқан саясаттанушылар секілді басқа да мамандықтың өкілдері бар. Ол мамандықтар бойынша орын таба алмайды. Саясаттанушы мамандар бізге қаншалықты деңгейде керек екендігінің санын мен нақты айта алмаймын. Бәлкім, көп мөлшерде, сіз айтқан ауқымда керек емес те шығар. Есесіне бізге инженерлер, технологтар, IT мамандар керек. Ол саладағы оқу орындарының жетіспеуі өз алдына, ашығын айту керек, білім беру мекемелерінің сапасы да төмен.

Сөзімізге тұздық болсын, біздегі бірде-бір жоғары оқу орны әлемдік рейтингте алғашқы екіжүздікке кірмейді. Бұл да білім саласына түбегейлі реформа қажет екенін айғақтап тұр. Билік барлық іске араласа бермеуі керек. Яғни, мемлекет барлық салада «балаға тамақ шайнап бергендей» бәрін дайындап беруге міндетті емес. Мүмкіндігінше мұны жекеменшікке, азаматтардың өзінің белсенділігіне аудару керек. Барлығын шектеп қою, барлығын реттеп отыру мемлекеттің ғана жауапкершілігі емес. Мемлекет, біріншіден, қауіпсіздікке, стратегиялық бағыттарға жауап беруі тиіс, екіншіден, азаматтардың өміріне, дамуына тең жағдай жасап, әділ ойын ережелерін ұстануы керек. Қалғанын бәсекелестік шешсін. Әлемдегі ең үздік 200 университеттің санатына кіретін Оксфорд, Гарвард, Стаффорд секілді тағысын тағы озық оқу орындарының 90 пайызы жекеменшік білім ошақтары. Меніңше, білім беру саласын қайта ырықтандыру күн тәртібінде тұрған мәселе. Жастарды нарыққа жақын мамандықтарға бейімдеу қажет.

 

Әңгімелескен

Арман ОКТЯБРЬ

 

АЛМАТЫ