Әдебиет • 02 Қазан, 2019

Абылай Мауданов. Күз суреттері

3596 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Абылай Мауданов.  Күз суреттері

Күз суреттері

 

Сары шал-күз қайыңды тағы құшты,

Сұлу сүйген шалыңның бағы күшті.

Кеудемдегі сыңсытып сағынышты,

Айдынынан аққулар тағы да ұшты.

 

Қабағында сұр белдің бүгін кірбің,

Тобылғының түнерген сырын білгін.

Жылытуға әлемді әлі жетпей,

Сығырайып тұр әні, бұлыңғыр күн.

 

Ойлағаны-ау береке тозғаны деп,

Маң далада қобыздай боздады үлек.

Сай-сүйекті зарлы үні сырқыратып,

Жүректегі мұң-шерді қозғады кеп.

 

Дайындалып бар әлем алда қысқа,

Еркеліктің ауылы қалды алыста.

Сарнап ала жөнелді ол да желмен,

Жасыл құрақ айналған нар қамысқа.

 

Іздегендей паналар жылы шуақ,

Бозторғай тұр бұтақта бүрісіп ап.

Дүбір аңсап саяқтар елеңдейді,

Ашылғандай далада тынысы нақ.

 

Түссе екен деп қаңтарға төлім күйлі,

Қыр кезуден бақташы ерінбейді.

Қарға біткен топтанып, татуласқан,

Ұшса-қонса - іргесі бөлінбейді.

 

Қоңыр белден қоңыр мұң байқалады,

Қурай шерткен күйден жан жай табады.

Қара отқа шайлығып қарай алмай

Тана-кербез тоқтықтан найқалады.

 

Қоңыр саулық көзіне ешкіні ілмей,

Қырға беттеп барады кешті білмей.

Тон жамылған шопанға тобылғының

Түбі жылы - кәдімгі пеш түбіндей.

 

Шын ызғарын әлі де батыра алмай,

Тез ауды күн төбеден жатып алмай.

...Қоңыр күз тұр момақан, жарасымды,

Нілдей бұза салуға дәті бармай.

                                

Күрең күз                                                                                     

 

Астық әкеп құйды да қамбаға асыл,

Айналысар басқа ісі қалмағасын.

Көрші атайдың кіріп ап ауласына

Күзеп жатыр күз келіп алма ағашын.

 

Күн де бүгін айрықша күліп атты,

Ала қарбыз талайды ыңырантты.

Қулығын бұл қарашы қауындардың,

Иығына балалардың мініп апты.

 

Тоңғақтығын қоймапты-ау қияр әлі,

Кімнен осы қызанақ ұялады?

Қырық киім киінген қырыққабат

Ақ жұмыртқа сияқты ұядағы.

 

Күте-тұғын сағына ел өте бір,

“Сабан тойы” шадыман мереке бұл -

Қырман басын аралап күрең күз жүр,

Күрең күзге мінгесіп береке жүр. 

 

                 Мен туған жер

 

Мен туған жер – тау, тас, теңіз, ормансыз,

Ормансыз да болған жоқпын қорғансыз.

 

Пысық бол деп шыңдаса өзі өкпегі,

Кішік бол деп  тәлім берді көкпегі.

 

Бал деп сордым удай ащы шиесін,

Сол арқылы білгем дәмнің киесін.

 

Шіліңгірде сая еткем жыңғылын,

Ақ балықтай айдынына сүңгідім.

 

Бал қымыздың келтіретін күтімін,

Тобылғының жұттым жұпар түтінін.

 

Құба белін құла тайым шаңдатқан,

Қойлыбайдың қобызындай сарнатқам.

 

Күзде қырда көн етікпен дым бастым,

Бұлт астында құс үнімен сырластым.

 

Адал бол деп үндеп қыстың ақ қары,

Аязы кеп ақ жүзімді қақтады.

 

Кең қиырға суардым да көзімді,

Қара жерден үйрендім мен төзімді.

 

Асқақтықты ұғып өстім аспаннан,

Менің сөйтіп ақ сапарым басталған...

 

                 Құралай салқын

 

Қыдырып жүрсе қыратта нұр-арай шалқып,

Шыдаса нетті ніл аспан жыламай сәл күн.

Шешегін жұлып солдырып қызғалдақтардың,

Соғушы еді қыр жақта құралай салқын.

 

Жиыла қалған ене-бұлт иіп қырдағы,

Несібе бұл деп іштен ой түйіп бір бәрі.

Қырылады-ау деп қызғалдақ қамықпас ешкім,

Қуанар аман өргенге киіктің лағы.

 

Майда қылығың айналса майталман жырға,

Арман жоқ әнмен сезімін айта алған ұлда.

Айналаңа үр сән беріп, көз жауын алып,

Үлбіреп өстің гүлдей боп жайқалған қырда.

 

Көрген жан сені болғандай абдырап әлек,

Таза едің таңның ұқсайтын ақ нұрына бек.

Жаңа көктеген шағыңда махаббат деген,

Құралай-салқын соқтықты тағдырыңа кеп.

 

Табиғаттың да қызына қысымы көп-ті,

(Әлсіз, нәзікке кім, қашан кішілік етті?)

Төбеден төккен тамшылар сабағыңды отап,

Бүйірден желі гүліңді ұшырып өтті.

 

Тақырға айналып түкті қыр, із қалмақ түгіл,

Сезе алмас ешкім орнында сыздар жатты зіл.

Аз ғана күнгі шуаққа шешегін жайған

Кете де барды құрбан боп қызғалдақ-ғұмыр.

 

Алдамшы деген рас-ау, сірә, жайсаң күн,

Түсінбедім мен табиғат бұл қандай салтың?.

Көктемгі шуақ, көк белде төлдеген киік,

Қыз махаббаты. ...Құралай-салқын.

 

          Құстар кетіп барады

 

Кіреуке күзгі аспанда тымаураған,

Құстар кетіп барады тыраулаған.

Қаптай ұшқан құстардың легі мынау,

Қатар ұшқан ұшақтан бір аумаған.

 

Көк аспанға бір сәтке көрік беріп,

Көз ұшында жоғалды, кеміп-кеміп...

Базарынан айырылып бір-ақ сәтте

Көлі жатыр, әнекей, көбіктеніп.

 

Көл көрікті, әрине, құсыменен,

Көкбет толқын не берер сұсыменен.

Кетті олар қайрылмай «құс жолымен»,

Дәл мен тұрған төбенің тұсыменен.

 

Ал мен қалдым амалсыз дөң басында,

(Ей, күз, сенен күткенім сол ма, сірә?!)

...Үй үйрегі бейшара барқылдайды,

Көбік шайған кемерін көл басында.

 

  Құс кеткесін тағы да қыс келеді-ау...

 

Құстар кетіп барады...

Шұбап тағы,

Көлі қалды артында жылап тағы.

Жағалауда жабырқап мен де қалдым,

Екеумізді ешкім де жұбатпады.

 

Жұбатпады, тірі жан қой демеді,

Қалтыратты суық жел бой денені.

Желден ыққан жөңкіліп бұлтқа ұқсап,

Сапырылып санаңа ой келеді.

 

Ой келеді санаңа сапырылып,

Келер күннен не күтер пақыр-үміт.

Көлден кеткен құстарын қимады ма,

Аласұрып долы жел жатыр ұлып.

 

Ышқынады жел-долы ішін тартып,

Алды көлдің келген күз құсын тартып.

...Құс кеткесін тағы да қыс келеді-ау,

Бір өкініш барады ішім шарпып...

 

Ақ жауын толастамай сіркірейді

 

Ақ жауын толастамай  сіркірейді,

(Қажеті жоқ қайырды кім тілейді...)

Желкемнен жұтардай боп кетпей қойды-ау,

Қаралы қарашаның бұлты үрейлі.

 

Ақжауын. Ағыл-тегіл селдетеді,

Жұлқылап тереземді жел кетеді.

Ала жаз бір тамбаған қырсық аспан,

Керегі жоқ кезінде көлдетеді.

 

Жалықтым, жауын неге тоқтамайды,

Жанымды жебір ойлар ноқталайды.

...Сен келсең, ей, күз, бәрі мұңға батып,

Неліктен өткеніне көп қарайды?

 

Бұл, бәлкім, табиғаттың тосын ісі,

Бірақ та ұнамайды осынысы.

...Жоқ әлде күзге айналып тына ма екен,

Көктем мен жайсаң жаздың қосылысы.

 

          Қаралы қайың

 

Аппақ қайың айырылып ажарынан,

Тұла бойы төккендей азалы ән.

Кешегі өрт кетті айырып көрігінен,

Кетті айырып барынан, базарынан.

 

Кеше ғана ол көрікті, еңселі еді,

Бүгін, міне, қайғыдан теңселеді.

Самал желмен сыбырлап, сыр шаша алмай,

Күйе шалған иегін кемсенеді.

P.S.

Болмаса да татқаным - бәрі балдай,

Сала көрме бұл сынды уайым, Алла-ай!

...Қарап тұрып жүрегім қалтырады,

Сары аязы қаңтардың қарығандай.

 

          ...Күзді сағынам

 

Аязды қыстан қалтырап денем,

Арқадан көктем қақпады мені.

Жазыма үміт артып-ақ кеп ем,

Жаздан да жанның таппадым емін.

 

Ләззат таппадым қыз құшағынан,

Қалғандай көштің шетінде жетім.

Кіреуке-кірпік күзді сағынам,

Қоңыр мұң деген досым келетін.

 

Құсы жоқ көлім, жағаңа келіп,

Сабыр табамын сабама келіп.

Келерін күздің ерте ойлағанда,

Қызығын жаздың бағалар да едік.

 

Өмірге айтар өкпе, наз емес,

Отты жырымды көсеп көремін.

Құс қайтқан шақта (көктем, жаз емес),

...Бәлкім, «есеп берермін».

  

Қанатында қаздардың қалғиды өлең...

 

Тыраулады тырналар...

Тізді нала,

Құбыланы бұлт жапты қызғыл ала.

Көрпе астында жылаған жетім қыздай

Сібірлейді білдіртпей күзгі дала.

 

Іркес-тіркес, кір-кір бұлт іреңінен ап,

Сұры қашқан аспан тұр, міне, жылап.

Бұлт астында барады ноқат көшіп,

Аспанның да екен-ау жүрегі дақ.

 

Сұр тұманмен тұншыққан төңірегі,

Иен даланың күрт тынып, долы желі. 

Ажал күткен жаралы жауынгердей

Аспан ғана болымсыз демігеді.

 

Мұнар-патша маңайды паң билеген,

Күй тұншыққан, әрине, ән күйреген.

...Қаламынан ақынның үркіп, қашып,

«Қанатында қаздардың қалғиды өлең».

 

Жайқалған астық - ел бағы

 

Жайқалған астық - ел бағы,

Жымиып жатыр сары бел.

...Тауыпты жұмыс жел-дағы,

Жапырақ жинап, әбігер.

 

Тегене майды арқалап,

Өзіне-өзі болса таң –

Айналған семіз марқаға

Кішкентай ғана қошақан.

 

Өлең-шөпке кеп жүз аунап,

Қаңбақты қуған жортақтап.

Баладай аңқау бұзау да

Кем емес жұнттай торпақтан.

 

Едіреңдеген “ұрыншақ”,

Ойқастап белде шабады.

Көктемгі құйттай құлыншақ

Болыпты асау жабағы.

 

Таңдана қарап аймаққа,

“Сағыз шайнаған” жотада

Теңескен жардай тайлаққа

Маймақ аяқ бота да.

 

Сарапта өзің түсініп,

Жануарларды көргенде.

Тұңғыш қыс – бірінші сынып,

Оқушы сынды төлдер де!

 

Абылай МАУДАНОВ,

Қостанай