Парламент • 08 Қазан, 2019

Бағдарлама баспана мәселесін толықтай шеше ала ма?

1368 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын іске асыру барысы туралы жан-жақты талқыланды.

Бағдарлама баспана мәселесін толықтай шеше ала ма?

Биыл жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасы бекітіледі

Алқалы жиында Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко «Нұрлы жер» бағдарламасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен әзірленгенін, бұл халықтың жаппай тұрғын үйге қол жеткізуінің тиімді жолы болғанын атап көрсетті.

– «Нұрлы жер» бағдарламасы бірден пайда бола қойған жоқ. Тұңғыш Президенттің тапсырмасымен тұрғын үй кешені және азаматтарды қолдау шаралары жүйелі түрде дамып жатыр. Баспанамен қамтуды көбейту үшін 2005-2007 жылдарға ар­налған тұрғын үй құрылысы мен 2010-2014 жылдары құрылыс материалдарын өндіру жөніндегі бірқатар бағдарлама сәтті іске асырылды. «Нұрлы жол» және өңірлерді дамыту, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламалары орындалды. 2015-2017 жылдары 16 525 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді, оның ішін­де 5663 жеке үй салынды, – деді В.Божко.

Сонымен қатар вице-спикер 2019 жылы бәрінен бұрын көп балалы аналарға пәтер берілгенін, кезекте тұрғандардың 922-сі үйлі болғанын айтты. Бұған қоса, ата-ананың қамқорлығынсыз өскен балаларға 518 үй берілген. «Нұр­лы жер» бағдарламасы заң­ды түрде ашық кезек қалыптас­ты­руға және кезекте тұрған адам­дарға пәтерлерді әділетті бөлу­ге негізделген. Жалпы, биыл елі­мізде 4537 адам пәтерге қол жет­кізген.

Депутаттар алдында Ин­дус­трия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылу барысы мен алдағы жоспарлары туралы баян­дады. Оның айтуынша, 1991-2018 жылдары республикада 1,3 млн азамат үйлі болған. Әлеу­меттік тұрғын үймен 160 мың отбасы қамтамасыз етілді, 63 мыңнан аса үлескердің тұрғын үй мәселелері шешілді.

– Азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы іске асырылып жатыр. Осы бағ­дарлама тұрғын үйдің қолже­тімділігі мен құрылыс секторын қолдаудың әртүрлі тетігін ұсынады. Бағдарламаның басты ерекшелігі мен мақсаты – мем­­лекеттің тұрғын үй құрылы­сына мүмкіндігінше аз қатысуы, нарықтық тетіктерді дамы­ту. Бұған жеке инвестиция­лар тарту арқылы және халық­тың жинақтары есебінен қол жеткізуге болады. Барлы­ғы 2017-2018 жылдары қаржы­ландырудың барлық көздерінен 23,7 млн шаршы метрден аса тұр­ғын үй салынды, 1,9 трлн теңге инвестиция тартылды. 214 мыңнан аса азамат өз тұрғын үй жағдайын жақсартты. 2018 жылы рекордтық 12,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бір тұрғынға шаққанда 0,68 шаршы метр құрады. Бұл – ТМД елдерінің ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіш, – деді Б.Атам­құлов.

Сонымен қатар министр бағдарлама аясында орындалатын жұмыстарға тоқталды. Осы жылы 13 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй немесе 118 мың тұрғынжай салынады. Мем­лекеттік инвестиция есебінен 1,7 млн шаршы метр пайдалануға беріледі, бұл 30 мыңнан аса мұқтаж азаматты тұрғын үймен қамтамасыз етеді.

2019 жылы халықтың әлеу­мет­тік жағынан осал топтарын 6002 жалға берілетін пәтермен қамтамасыз ету жоспарланған. Сондай-ақ Елбасының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін 40 мың жалға берілетін тұрғынжай немесе жыл сайын көп балалы отбасылар үшін
6 мың пәтер салу көзделген. Осы мақсат үшін 7 жылдың ішінде 350 млрд теңге қарастырылған.

Тұрғын үй кезегінде 38 мың отбасы тұр. 3 өңірде – Түркістан (5937), Алматы (5093) облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында (3409) көп балалы отбасылардың саны көп. Көп балалы отбасылардың тұрғын үй мәселелерін тез арада шешу үшін мамыр айынан бастап барлық қаржыландыру көздерінен 3046 баспана берілді. Әкімдіктердің деректері бойынша биыл көп балалы отбасыларға 8 мыңнан аса пәтер берілмек.

– Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасын іске асыру аясында жылдың соңына дейін жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасы бекітіледі. Бұл 5 міндетті қамтиды: бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру, халықты сапалы ауыз сумен және су бұру қызметтермен қамтамасыз ету, коммуналдық секторды жаңғырту және дамыту, тұрғын үй қорын күрделі жөндеу және жаңарту, құрылыс саласын дамыту. Осының шеңберінде қазақстандықтар табыс деңгейіне сәйкес тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бағ­дарлама жобасында елімізде бұ­ған дейін қолданыста болған тұрғын үй бағдарламаларының бар­лық аспектілері мен ар­тық­шылықтары қарасты­рылады, – деді министр.

 Бюджет қажеттілікке қарай бөлінуі қажет

Мәжіліс депутаты, Эконо­ми­калық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұр­тай Сабильянов «Нұрлы жер» бағдарламасы тұрғын үй құ­ры­лысы индустриясын дамы­туға серпін бергенін, дегенмен халықтың тұрғын үйге қолже­тімдігі мәселесі әлі де толық ше­шіл­­мегенін, сондықтан қосымша шаралар қабылдау қажеттігін мәлімдеді.

– 2017-2019 жылдары «Нұр­лы жер» бағдарламасының шең­бер­інде жалға берілетін және кре­диттік тұрғын үйді салу мен сатып алуға 414 млрд теңге бөлінді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында тұрғын үй мәселелерін шешу шараларын көздеп, жақында жария еткен Жолдауында мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді. Әйтсе де уәкілетті орган берген деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда 512 мың азамат тұр­ғын үй алу кезегінде тұр, оның ішінде 30 мыңға жуығы бұл ке­зекте тұрғанына 10 жылдан аса уақыт болған. Үй кезегін­де тұрған 200 мыңнан аса азамат не­месе 40%-ы халықтың әлеумет­тік жағынан әлсіз тобына жа­тады. 2017 жылдан 2019 жыл­ғы 1 шілдеге дейін 30 мың аза­мат тұрғын үй алған. Бұл – кезекте тұрған жалпы адам саны­ның 6,3%-ы ғана. Ал осы мер­зімде мемлекеттік инвестиция есебінен 53 мыңнан аса тұрғын үй салынған. Бұл халықты тұр­ғын үймен қамтамасыз ету бо­йынша қосымша шаралар қа­былдау қажет екенін айғақтайды, – деді депутат.

Осы тұста Н.Сабильянов «Нұр­лы жер» бағдарламасын іске асырудағы негізгі мәселелерге тоқталды. Ол ең алдымен кезекте тұрған мұқтаж азаматтардың тұрғын үймен жеткілікті түрде қамтылмау мәселесін қозғап, бюджет қаражатын өңірлердің қажеттіліктерін ескермей бөлу үдерісі жалғасып жатқанын атап өтті. Мәселен, Алматы облысында 48 мыңнан аса азамат кезекте тұр. Соңғы үш жылда бұл өңірге бар болғаны 18,7 млрд теңге ғана бөлінген екен. Ал кезекте тұрған адамдар саны одан екі еседей аз (26 мың адам) Қостанай облысына мемлекеттік бюджеттен 26,8 млрд теңге бөлінген. 35 мың адам кезекте тұрған Қарағанды облысына 19,5 млрд теңге қаржы бөлінген.

Сонымен қатар осы бағдар­лама бойынша шағын, моноқа­лаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда жеке тұрғын үйлер салу қарқыны баяу жүргізілуде. Мұндай аймақтарда кезекте тұрғандар саны – 210 мың адам. Бұл – кезекте тұрған жалпы адам санының 40%-ы. 2,5 жыл ішінде оларда барлығы 188 үй (5 мың пәтер) салынған.

Бұған қоса, соңғы бес жылда бюджет қаражаты есебінен бірде-бір тұрғын үй салынбаған аудандар да бар екен. Мысалы, Түркістан облысының Сарыағаш ауданында 4 мыңға жуық азамат кезекте тұр. Бірақ соңғы 10 жылда бұл ауданда тұрғын үй салынбаған және кезекте тұрған тек 36 адам ғана тұрғын үй алған. Ақмола облысының Шортанды ауданында 600 адам кезекте тұрса да, 2013 жылдан бері онда тұрғын үй мүлдем берілмеген. Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында
1 мыңға жуық адам кезекте тұр. Мұнда да соңғы 25 жылда бірде-бір көппәтерлі жаңа тұрғын үй салынбаған.

Сондай-ақ бірқатар Мәжі­ліс депутаты тұрғын үймен қам­­та­масыз етудің басқа да мә­се­лелерін көтеріп, жиынға Үкі­меттен келіп отырған минис­тр­лерге және өңірлер әкімдік­терінің өкілдеріне сұрақ­тарын қойды. Ай­талық, Индус­трия және инфра­құрылым­д­ық да­му министрінен мәжіліс­мен Ша­кир Хахазов индустрия­лық-инновациялық даму бағ­дар­­ламасы бойынша салынған зауыттар неге тұрғын үй салу процесіне толық тартылмағанын және жергілікті атқарушы органдар не істеп жатқанын сұрады.

Ал депутат Тұрғын Сыздықов Қарағанды облысы және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдіктеріне қарата сөйлеген сөзінде аталған аймақтарда жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамту көрсеткіші төмен екенін баса айтты.

Бұған қоса Шаймардан Нурумов жаңартылған «Нұрлы жер» бағдарламасында «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын қарастыру жайын сұраса, Май­ра Айсина жастарды жалға бері­летін тұрғын үйлер неліктен тек қана Нұр-Сұлтан, Алматы жә­не Шымкент қалаларында жос­пар­ланғанын білгісі келді.

Отырыс соңында күн тәр­тібіндегі тақырып қызу талқыға түскеннен кейін айтылған сын-ескертпе қаперге алынып, ат­қарушы билік органдарға қарата ұсынымдар қабылданды.