Барлық жұмысқа тиянақтылық, ынта мен ыждағаттылық тек еңбекақы лайықты деңгейде төленгенде ғана болатыны белгілі. Бәріміз де күнкөрісіміздің жалғыз көзі – еңбекақымыздың жоғарылау болғанын қалаймыз. Ұзақ жылдар мәдениет саласында еңбек етіп келе жатқан біздің де арманымыз сол, еңбекақымыз лайықты, тұрмыстық деңгейіміздің жақсы болғаны.
Жолдаудың «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» атты бөлімінің төртінші тармағында Президент біз туралы арнайы айтқан екен. Ол өзінің сөзінде: «Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ» деді. Қандай нақты, дөп айтылған сөздер. Басқа салалардың еңбекақылары азды-көпті көбейіп жатқанда біздікі үнемі бір орыннан қозғалмайтын еді. Ал тұтыну тауарлары мен кызметтердің бағалары күннен-күнге артып барады. Соның салдарынан өзіміздің тұрмыстық ахуалымыздың төмендеп бара жатқанын сезінуші едік. Енді Президент осыны атап көрсетіп, «келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуі керек» деп нақты тапсырма берді. Біз осыған қатты қуанып қалдық. Президент нақты айтқаннан кейін еңбекақыларымыз да лайықты деңгейге көтерілер деген үміттеміз.
Әсемгүл ҚЫДЫБЕКОВА,
«Абылай хан
резиденциясы» музей кешені директорының орынбасары
Петропавл