Бұл біздің, тарихшылар мен шығармашылықтағы қаламдастарымыздың аға ұрпақ алдындағы қарызы да, парызы да еді. Зерделі де ойлы зерттеуші Ілияс Манашұлы Қозыбаевтың ағымдағы жылы жарық көрген «Большой террор» в Казахстане» атты монографиялық еңбегін оқып шыққанда маған жоғарыда аталған үміт төбесін көрсеткендей әсерде болдым.
Мәселе, мынада. Біз, тарихшылар қауымы қазақ қоғамының алыстағы емес, кешегі ХХ ғасырда жүріп өткен жолына сын көзбен қарап, қорыту ісінде кешеуілдеп келеміз. Уақыт тез, арыны қатты судай бір орында тұрмайды. Қоғамға қажет сөз өз уақытында айтылғаны жөн. «Айтылмаса сөз өледі» дейді халық. Ел тағдырына қатысты сөз бүгін айтылмаса тағы бір он жылдан соң әсерлі күш-қуатын жоғалтып алуы әбден мүмкін.
Бұл арада сөз тарихшы тарапынан айтылатын пікір жөнінде. Тарихшының сөзі тарихи фактілерден туындайды, соларға сүйенеді. Тарихи құбылыстар мен процестерді қалпына келтіруге (реконструкция) мүмкіндік беретін фактілер жиынтығынсыз тарихи еңбек тумайды. Саяси репрессия тарихы да осы қатал заңдылыққа бағынады. Отан тарихында бұл тақырыптың ұзақ мерзім жетімсіреп жатқандығы оны зерттеуге алуға мүмкіндік беретін архив қорларының зерттеушілердің қолы жетпейтін сейфтерде сақтаулы жатқандығында еді. І.Қозыбаевтың еңбегімен танысып, ХХ ғасырдағы қазақ тарихына қатысты бұл советтік құжат сақтау жүйесінің іргесінің сөгілуі мүмкін-ау деген ойда қалғанымызды жасыра алмадық. Сонымен, отандық тарихнамаға келіп қосылған бұл қомақты еңбектің жаңалығы неде?
Біріншіден, І.Қозыбаевтың монографиялық зерттеуі Қазақстан қоғамының советтік кезеңде басынан өткізген трагедиясы – саяси репрессия тарихын жүйелі түрде және жинақтау тұрғысынан ғылыми талдауға алған алғашқы еңбек. Біздің байқауымызда бұл еңбек тек Қазақстан көлемінде ғана емес, жалпы бұрынғы советтік Орталық Азия ауқымында аталған тақырыпқа жазылған алғашқы көлемді зерттеу жұмысы болса керек. Яғни, осы еңбектің жарық көруіне байланысты көрші және туыс елдер тарихындағы репрессия тақырыбын осындай кең көлемде және ауқымда қорытуға алғашқы қадам жасалынды деп айтуға негіз бар.
Екіншіден, тарихи зерттеу жұмысының құндылығы алдымен оның фактологиялық негізінің күш-қуатымен, байлығымен анықталмақ. Кітаппен танысу барысында автордың алған тақырыбына байланысты еліміздегі архив қорларындағы материалдарды жақсы білетіндігі және оларды кәсіби тұрғыдан тамаша меңгере алғандығы байқалады. Бұл ретте, әсіресе, қоғамның өткен ғасырдағы саяси-әлеуметтік тарихына қатысты материалдар шоғырланған Президент архивінің орнын ерекше бөліп атап, кітапта осы орталықтағы бар тақырып ауқымындағы құжаттарды ұтымды айналымға тартылғанын айтқан жөн.
Бұл тақырыпқа біраз жылдан бері мен де қалам тартып келемін. Менің еңбектерім басым түрде бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архив қорларындағы жеке тергеу материалдарына сүйенген. Яғни, мен бұл мәселеге репрессия құрбаны болған жеке тұлғалардың тағдыры тұрғысынан келемін. Ал Ілияс Манашұлы кітабында еліміздегі репрессия тарихын зерттеу ісінде қорыту және жинақтау әдіс-құралдарына басымдық береді. Яғни, зерттеу объектіне байланысты «Большой террор» ғылыми сұранысқа сәйкес өз уақытында жазылған жұмыс болып табылады.
Зерттеуде мамандар тарапынан да, сондай-ақ оқырман қауым тарапынан да ерекше қызығушылық тудыратын бір жағдайға назар аудармау мүмкін емес. Ол кітапқа дерек көзі ретінде тартылған В.К.Лазарев, Ф.Г.Савинский және З.А.Исмагилов сияқты соғыс және еңбек ардагерлерінің репрессия тарихына қатысты естеліктері мен архив қорларына өткізген материалдары. Еңбекқор және тынымсыз ізденісте жүретін автордың бұл дерек көздерін өз орнында үлкен шеберлікпен айналымға тарта білгенін айта отырып, сонымен бірге әсіресе, Зәкуан Исмагилов сияқты азаматтың жеке қорындағы құжаттық материалдардың Ілияс Манашұлы зерттеуіне ерекше мазмұн және сипат беріп тұрғандығына көңіл аудармау мүмкін емес.
Ілияс Манашұлы еңбегінің бір жерінде «архив революциясы» деген ұғымға тоқталып, бұл үрдістің біздің отандық тарихнамаға жете қоймағандығына өкініш білдіретіндігін байқатады. Ал шын мәнінде өзінің осы зерттеуі арқылы, әсіресе, З.Исмагиловтың жеке қорындағы құжаттық материалдарды айналымға тартуы арқылы әлгі «архив революциясын» бізге де жеткізгендігін өзі де аңғармай қалған сияқты. Ал бұл құжаттық материалдардағы негізгі нәрсе, әрине, осы уақытқа дейін зерттеушілердің қолы жетпей келген репрессия технологиясын түсінуге жол ашатын фактілік материалдар еді. Репрессия механизмі мен технологиясы жөнінде ресейлік және еуропалық авторлар біршама жазды, ал қазақстандық авторлар үшін бұл тақырып белгілі дәрежеде жабық болып келді. З.Исмагиловтың бізге жеткізген материалдары советтік құпия полиция тарапынан кезінде Қазақстан қоғамына жасалған бұл қиянатты өте нанымды әрі дәлелді деңгейде ашып көрсетеді. Бұл құжаттық материалдармен таныса отырып мұндай қисапсыз және шексіз қиянаттың адам баласына жасамауын тілейсің, сонымен бірге ол жасалған қиянаттың ертелі-кеш, әйтеуір бір ашылатындығына көз жеткізгендей боласың.
Қазақстандағы саяси репрессияның өзара байланысты екі сүйенетін тірегі болды. Ол таптық және ұлттық ұстанымдар. Яғни, репрессияға алынған тұлға әлеуметтік тегіне байланысты ауқатты тап өкілі ретінде немесе советтік интернационализмге қарсы қазақ ұлтшылы ретінде айыпталды. Құжаттық материалдар бұл айыптаулардың ешқандай да негізсіз екендігін, айыпталып атылып кеткендердің де немесе лагерь мен абақты азабын көріп, аман оралғандардың да таптық немесе ұлттық жіктелуден жоғары тұрғандықтарын, ал ондай таптық немесе ұлттық жіктелуді жоюдың ең дөрекі және арнайы әдіс-құралдарын қоғамдық қатынастарға енгізген большевиктік идеология екендігін біздің кешегі тарихымыз көрсетіп берді. Большевизм енгізген бұл тәртіпті жаңа замандағы инквизицияның нақты көрінісі демеске шараң жоқ. Аса құрметті Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, совет өкіметі күшпен енгізген социалистік тәртіп пен онымен ере келген репрессиялық шаралар қазақ қоғамы үшін «шақырылмаған, жат жаулық пиғылдағы қонақ» орнында болды.
І.Қозыбаевтың зерттеуінде осы уақытқа дейін бұл тақырыпқа арналған еңбектерде кездесе бермейтін тың фактілер мен тұжырымдар аз емес. Бір-екі мысал келтірумен шектелейін. 1919 жылы мәскеулік орталық билік Қазақ қоғамын советтік өкімет жүйесіне даярлау ісін жүктеп Қазақ әскери революциялық комитетін құрып, іске қосады. Іс жүзінде бұл қазақ қоғамын басқаруға жіберген алғашқы үкімет еді. Оған жетекші етіп С.С.Пестковскийді тағайындайды. С.С.Пестковский бұл шешімге келіспей, қазақтардың арасынан біреуді тағайындауды ұсынады. Сонда қазақ делегациясы өздерінің арасында алауыздықтың басым алуына байланысты бірінші басшының «сырт» адамнан болғандығын қалайды. Өкінбеске шараң жоқ! Ахаң, А.Байтұрсынұлы тұрғанда, оның тұлғалық қасиетіне тоқтай алмаған қазаққа не айтасың?! Осы алауыздық кейінгі тарихымызда да әлденеше рет қайталанбады ма?
Кітапта сталиндік жүйе жағдайында жетекші партия мен НКВД органдары қызметінің өзара кірігіп кеткендігі туралы фактілер мен талдаулар келтіріледі. Мұндай сюжеттер Голощекин, Мирзоян және Скворцов биліктеріне байланысты аз кездеспейді. Бұл үрдіс советтік биліктің алғашқы күнінен соңғы күніне дейін үзіліссіз жүріп отырды. Басқаша айтқанда, осы жүйе советтік биліктің ғұмырының 70 жылдан астам уақытқа созылуын анықтаған негізгі фактілердің бірі болды.
Зерттеушілер арасында тақырыпқа байланысты осы уақытқа дейін анықтауға берілмей келе жатқан мәселе – ол репрессия құрбандарының саны. Автор еңбегінде бұл мәселені айналып өтпей, арнайы қарастырған. Бұл ретте осы уақытқа дейін еңбектен еңбекке көшіп жүрген сан мынадай: республикада репрессияға тартылған адамдардың жалпы саны – 103 мың, ал олардан ату жазасына кесілгендер – 25 мың. Бұл сан да дәл емес. Сотқа тартылғандардың жалпы саны 118-120 мың деген де мәлімет кездеседі. Мұндай маңызды мәселеге байланысты дәлдіктің жоқтығы, әрине, үлкен өкініш тудырмай қоймайды. Яғни, репрессия құрбандарының саны мен әлеуметтік құрамын нақты анықтауға байланысты зерттеу жұмыстарына қажеттілік әлі де бар, алда өз жалғасын табуға тиісті.
Сол сияқты І.Қозыбаев ресейлік зерттеуші О.Б.Мозохиннің көрсетулеріне сүйеніп «үлкен террор» тұсында, яғни 1936-1938 жылдар аралығында Қазақстанда 45 563 адамның тұтқындалғанын келтіреді. Ал осы тұтқындалғандардың әлеуметтік құрамы тұрғысынан кімдер екендігін біз білмейміз, яғни бұл мәселе де арнайы зерттеуді талап етеді.
І.Қозыбаев зерттеуінің тағы бір ерекшелігіне тоқталып өту парыз. Ол республикада «халық жауларын» жазалау процесінде ерекше көзге түскен Саенко, Павлов, Кальнинг сияқты НКВД офицерлері туралы осы уақытқа дейін көпшілікке де, мамандарға да аса көп мәлім емес мәліметтердің берілуі. Біз кітаптан олардың сұрқия портретін көргендей сезімде қалдық. Жалпы мұндай кітап елімізде тарих ғылымының жаңа сапа мен дәрежеге көтеріліп, өз міндетін абыроймен орындай алатындығының көрінісі. Тек тарихшы мамандар үшін ғана емес, жалпы оқырман қауым үшін, әсіресе, білім жүйесінде өз орнын табатын мұндай кітаптың аз ғана тиражбен (500 дана) жарық көруі, әрине, реніш тудырмай қоймайды.
В.И.Ленин революция өзін-өзі қорғай алуы қажет деген ұран тастап, бұл ұстанымын нақты «әрекеттерімен» бастап берді. И.Сталин көсемнің бұл ұранын абсурдтық деңгей-дәрежеге жеткізіп, жеке адам, халықтар теңдігі туралы ұлы идеяны іске асырудың ең сорақы да ауыр үлгісін көрсетті. І.Қозыбаевтың іргелі де байсалды еңбегімен танысып шығып біздің жасаған тұжырымымыз осы еді.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ
академик