Қазақстан • 21 Қазан, 2019

Робот-техника үйірмелері қажет пе?

1370 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары елімізде балаларға арналған түрлі үйірмелердің саны көбейіп кетті. Олардың арасында мектеп оқушыларына робот-техникасын үйрететін сабақтар аса танымал. Бүгінгі жастарға бұл саланы мектеп қабырғасынан бастап меңгеру неліктен маңызды? Ата-ана баласын робот-техника үйірмесіне беру туралы ойлануы керек пе?

Робот-техника үйірмелері қажет пе?

Өткен ғасырда дүниеге келіп, еліміз тәуелсіздік алған тұста есейген балалар бос уақытын далада өткізсе, бүгінгі жағдай мүлдем басқа. Қазіргі оқушылардың күні таңертеңнен кешке дейін жоспарланып қойған. Әрбір ата-ана баласының бос уақытын тиімді пайдаланып, түрлі үйірмеге жібергенді құп көреді. Бұрындары ән-би, спорт секциялары танымал болса, қазір бұл тізімге логика, менталды арифметика, робот-техника, жылдам оқу, шешендік өнер, актерлік шеберлік, журналистика, шет тілдерін және өзге де салаларды меңгеруге арналған түрлі курстар қосылған. Осылардың ішінде робот-техникасына деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Әзірге ата-аналардың бәріне бірдей таныс емес бұл үйірмеде қатысушылар немен шұғылданады деген сұрақтың пайда болуы заңдылық. Себебі тек соңғы жылдары робот-техникамен айналысатын балалардың саны едәуір көбейіп, республикалық деңгейде мемлекет тарапынан байқаулар жарияланып жүр. Ал үздіктері Google секілді ірі технология компаниялары ұйымдастыратын халықаралық байқауларда топ жарып келеді.

Мамандардың айтуынша, сыныпта робот жасауды үйрену оқу­шы­ларға ғылым, технология, ин­женерия және математика (STEM) сабақтарын одан әрі жақсы тү­сінуге көмектеседі. Ал болашақ туралы болжамдардың барлығы ро­боттардың кейбір мамандық ие­лерін толығымен алмастыра ала­тынын айтады. Бұл үрдіс қазір­дің өзінде басталып кетті. Сон­дықтан болашақ мамандар бәсе­кеге қабілетті болуы үшін, еңбек күші болатын роботтардың қалай жұмыс істейтінін түсінуі үшін қазірден бастап робот-техника негіздерімен таныс болғаны абзал.

Елімізде оқушыларға осы саланы үйрете бастаған алғашқы оқу орындарының бірі Назарбаев зияткерлік мектептері болды. Барлық өңірлерде робот-техника сыныптары оқу бағдарламасына кірмесе де, жоғары сыныптар үшін міндетті сабақ, ал баста­уыш сынып оқушыларына үйірме негізінде өтеді. Ұстаздар сыныптарда барлық құрал-жабдықтар мен қажетті құрылғылар жеткілікті екенін айтады. Балалардан тек қызығушылық пен бейімділік талап етіледі. Талдықорған қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің робот-техника пәнінің мұғалімі Ни­ко­лай Авдюниннің айтуынша, барлық балада бірдей қызығу­шы­лық бола бермейді. «Бір сыныпта оқитын оқушылардың жартысы ғана қызығушылық танытуы мүмкін. Ал осы саланың негіздерін үйреніп қана қоймай, жобалар жасап, жарыстарға қатысатындар саны одан да аз болады. Бұл – қалып­ты жағдай. Біздің мектепте ро­бот-техника үйірмесі бірінші сы­ныптан бастап бар. Жалпы үйір­меге барғысы келетін балаларға 3-сыныптан бастап шұғылдануға кеңес береміз», дейді Н.Авдюнин. Маманның сөзіне сенсек, цифрлы технология  өмірдің барлық салаларына еніп жатыр. Ал болашақ жастарға сол өзгерістерді түсіну өте маңызды. Таңдаған мамандығына қарамастан кез келген қызметкер озық технологиялармен жұмыс істеуге, өздері жасап, еркін қолдана алуға қауқарлы болуы шарт. Сон­дай-ақ Н.Авдюнин робот жасау ар­қылы балалардың логикалық ойлау қабілеті мен механизмдер жұмы­сын түсінуге ықпал ететін инже­нерлік қабілеттері дамитынын айтады. Бұл қасиеттер бола­шақта кез келген маман иесін қа­тар­лас­та­рынан айшықтап тұратыны сөзсіз.

Робот-техникасымен айналысатын балаларға мемлекет тарапынан да үлкен қолдау көрсетіледі. Болашақта жастар елімізде робот өндірісін қолға алып, Қазақстанды Орталық Азияда digital державаға айналдырады деген сенім бар. Осы мақсатта «ҚазРоботикс» қазақ­стандық білім беру және спорт­тық робот-техника федерация­сы құрылды. Ұйым жыл сайын өңірлерден үздік жобаларды іріктеп, республикалық жарыс ұйымдастырады. Ал үздік атанғандарға әрі қарай қолдау көрсетіп, халықаралық байқауларға қатысуына немесе инвесторлар табуына қол ұшын береді. Осы салада кәсібилігін арттырып, білікті маман боламын деушілерге елордада тамаша мүмкіндіктер ашылады. Мектеп түлектері биыл алғашқы студенттерін қабылдаған Астана IT университетінде ақпа­раттық-коммуникациялық технология, киберқауіпсіздік, телекоммуни­ка­ция мамандықтары бойын­ша жоғары білім алуларына бо­лады. Ал жобаларды жас өнертап­қыштардың ордасына айналған Astana Hub халықаралық IT стартаптар технопаркінің алаңында жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Осылайша осы саланы таңдаған балаларымыз қайда қызмет ете­ді деп алаңдаған ата-аналар бола­шақтың цифрлы технология ен­шісінде екенін еске алып, маман­дық таңдауда қалыптасқан қағи­далардан ада болғаны жөн.

Бүгінде мектеп оқушыларына робот-техникасын үйрететін жеке­меншік орталықтардың саны өте көп, төлемақысы да әртүрлі. Кейбір үйірмелердің бағасы қолжетімді болғанымен, кейбіреулері ата-ананың қалтасына салмақ түсіреді. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарайтын Оқушылар сарайында робот-техника үйірмесін жүргізетін Мармалад Жәнібектің айтуынша, саны көп болғанымен, сапасы сын көтермейтіндері жетерлік. Соңғы трендке ілесіп, ақша табудың қамын ойлайтындары да жоқ емес. Ол бұл саланы дамытудың маңызы зор екеніне сенеді. «Болашақта робот жасауды балаларға жүйелі түрде үйретсек, еліміздегі барлық саланың, соның ішінде, ғылым, медицина, өнеркәсіп өндірістері заманауи талаптарға сай дамиды», дейді Ж.Мармалад. Елордалық жастар үшін Оқушылар сарайында арнайы робот-техника үйірмесі жұмыс істейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, астаналық жастардың қызығушылығы өте жоғары. Үйірменің жалпы 800-ге жуық қатысушысы бар екен. «Көп балалы отбасының, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі, ата-анасы қайтыс болған немесе қамқоршысы жоқ, дарынды балаларды тегін оқытамыз», дейді Оқушылар сарайының ғы­лыми-техникалық бөлімінің жетек­шісі Бағлан Жүкенова. Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев «Төр­тін­ші өнеркәсіптік революция жағ­дайындағы дамудың жаңа мүм­кін­діктері» атты халыққа жолдауында Оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3Д принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфра­­құрылымдары бар балалар тех­нопарктері мен бизнес-инкуба­­торларының желісін құру керек­тігін айтқан еді. Сондай-ақ Ел­басы агроөнеркәсіп саласында ақылды технологияларды, жүр­гізушісі жоқ техника, «Үлкен деректер» (Big data), смарт си­ти тұжырымдамаларын жүзеге асы­рудың мыңыздылығы туралы атап өтті. Ауылы алыс секілді көрін­генімен, болашақта мүлдем жаңа мамандықтарға қажеттілік туатыны айқын, роботтар орындаушылық қана емес, интеллектуалдық та қызмет атқаруға қауқарлы болады. Сол себепті ғаламдық өзгерістерге сай қазіргі мектеп оқушыларының қызығушылығы мен мамандық таңдауы біздікінен бөлек болуы заңдылық. Бір өкініштісі, әзірге бұл заманауи технологияға баулитын үйірмелер ауыл балаларына қолжетімсіз болып тұр.