Руханият • 22 Қазан, 2019

Қазақ өзі қандай халық?

21601 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақ – әрдайым үйіне келген қо­на­ғын төріне шығарып, Құдайын­дай сыйлаған кең халық. Көші-қон қызметінің мәліметіне сәйкес, бүгінде Қазақстанда 140 мыңнан ас­там шетел азаматы өмір сүріп жатыр. «Сырт көз – сыншы» де­мек­ші, қазақ өзі қандай халық еке­нін жергілікті тұрғындармен біте қайнасып өмір сүріп келе жатқан бірнеше кейіпкерден сұрадық.

Қазақ өзі қандай халық?

Қазақ халқы туралы ойымен британ­дық кеңесте ағылшын тілінің мұғалімі болып қызмет еткен, Қазақстанда бір­неше жыл өмір сүрген Ұлыбритания аза­маты Кристина Палмер, қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан түрік қызы Зейнеп Жұмадолда және Тараз қаласындағы білім беру орталықтарында сабақ бере­тін Нигериядан келген Руф Чаба мен Оку­науи Рейчел бөлісті. Кейіпкерлердің айтуынша, олар сипаттаған қасиеттер барша қазақ халқына тән болмауы мүм­кін, жергілікті тұрғындармен және әріп­тес­терімен араласа келе жинаған тәжі­ри­белерінің негізінде туындаған ойлар екенін бірнеше қайтара ескертті. Әңгімені алғашқы әсерлерінен бастаған оларды бір-біріне ұқсамайтын түрлі нәрселер таңғалдырғанын айтады.

 

Алғашқы әсер алдауы мүмкін

Қазақстанға алғаш рет келген Кристи­на Алматыны космополиттік қала бола­ды деп мүлдем күтпеген. Бес жыл бойы Мәс­кеуде тұрып орыс тілін меңгер­ген­дік­тен күнделікті өмірде тұрғын­дар­мен сөй­лесу оған қиын болмаған. Алайда Ор­та­лық Азияны дәстүрлі болар деп елес­­­­тет­кен ол «әртүрлі ұлт өкілдерінің көп­­­ті­гіне таңғалдым», дейді. Шын­ды­ғын­­да Қазақстан көпұлтты мемлекет еке­­нін мақтан тұтатын ел болғанымен, шетел­­діктер еліміз туралы осындай  ақ­па­рат­­ты естігенде таңырқап жатады. Өз­­ге ұлт өкілдерімен тату-тәтті өмір сү­ріп жат­қан Қазақстан халқын еліміз­дің на­ғыз брендіне айналдыруға болар-ақ еді.

Қазақ халқы Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдеріне жылы қабақ таныт­қаны­мен, елімізге келген өзге нәсіл ие­леріне, әсіресе қара нәсілділерге «ерекше» назар аударады екен. Бұл туралы Тараз қаласында тұрып жатқан ниге­риялық қос азамат айтты. Тіпті терісінің түсі басқа шетелдіктерге қолын шошайтып күлгендер де кездеседі. Әрине бұл жағдай барша қазақ халқының өзге нәсілді шетелдіктерге деген көзқарасын көрсетпейтіні сөзсіз. Бұл мегаполистерден гөрі шетел азаматтары көп келе бермейтін кіші қалаларда жиі орын алатын жағдайлар болуы мүмкін. Ғасырлар бойы тарихи оқиғаларға байланысты қара нәсілділер туралы қалыптасып қалған теріс қағидалар Батыстың кино индустриясы, әні арқылы бүкіл әлемге тарады, бұл сол туындылардың ізі болуы да ғажап емес.

Ал қазақ отбасының келіні атанып, алғашқы күннен бастап тұрмысы қазақ­тармен біте қайнасып кеткен Зей­нептің алғашқы әсері ерекше. «Алғаш Қазақ­станға келгенде тұрғындары өте пысық деп ойладым. Барлығы жұмысқа немесе басқа жерге асығып бара жататын сияқты болды. Ал Түркияда адамдар асықпай баяу қозғалады. Сондай-ақ сырт келбеттеріне қатысты өте сәнді көрінді, киген киімдері мен өздерін күткені тамаша», деді З.Жұмадолда. Сондай-ақ оны қатты таңғалдырған жайт жол жиегінен көлік тоқтату болыпты. Себебі Түркияда келеңсіз оқиғалар көп болғандықтан тіпті жалғыз жүру қорқынышты дейді. Ал мұнда танымайтын біреудің көлігіне отыру қалыпты жағдай екен. Кейінірек бірнеше айдан кейін Зейнеп өзі де қолын созып, кетіп бара жатқан көлікті тоқтатып алуға үйреніп кеткенін айтады. Шындығында осы жағдай көп шетел­дікті таңдандырғанымен біз өзіміз мынау қауіпті болуы мүмкін-ау деп ойланбайтын секілдіміз. Бәлкім, бұл қазақтың өзгеге өзінің өмірін сеніп тапсыра алатын көңілшектігі болар.                        

Қонақжайлылық – басты қасиеті

Қазақтарға тән ең жақсы қасиет ретінде кейіпкерлеріміздің барлығы бірауыздан қонақжайлылығын атады. Елімізде 1 жылдам астам уақыт қызмет еткен Кристина британдық кеңес құрамында «Болашақ» бағдарламасының қатысушыларына ағылшын тілін үйрет­кен. Алғашында Алматыда болған ол қазақтардың ашық-жарқын және тез тіл табысып кететін қасиеттерін ерекше атап өтті. Сондай-ақ кез келген сәтте қол ұшын созуға дайын екендігін, үйіне шақырып қонақты дәмді тағамға тойдырып жіберетіні тағы бар дейді ол.        

«Қонақтарға көрсеткен құрметі – қазақтардың мен көрген ең жақсы қасиет­­терінің бірі. Түркия мен Қазақ­стан­ның дәстүрі мен діні ұқсас болған­дықтан туған жерімде де қонақты аса құр­меттейді. Сондықтан болар бұл маған жат қасиет емес. Тағы да үлкен­дерге деген ерекше құрметті атап өткім келеді. Бұл өте маңызды деп ойлаймын. Байқағаным, автобуста отырғанда кәрі кісі болмаса да, өзінен үлкен адамға орын береді. Ал бермесе үлкендер баласына ұрысқандай талап ете алады. Түркияда жастар кәрілерге не аяғы ауыр жолаушыларға орын бере қоймайды», дейді қазаққа келін атанған З.Жұмадолда. Сондай-ақ Зейнептің айтуынша, қазақтар өте белсенді. Бос уақыттарында олар хоккей, футбол секілді спорт жарыстары­на, театрға, операға барады. Бала­ларын түрлі үйірмелерге беріп, жан-жақ­ты дамытады. Өз елінің халқымен салыстырғанда қазақтар әлдеқайда белсенді дейді ол. Әдетте біздің халық өз арасында аналар пысық, мыналар еңбекқор деп ең жақсы қасиеттерді басқа ұлттарға жиып береді де, біз жалқаумыз, өзгені көре алмаймыз деп өз ұлтының кемшіліктерін тізе бастайды. Бүгін біз қонақтарымыздың сөзінен әр адамның өз халқына сыни көзқараспен қарауының қалыпты нәрсе екенін байқағандаймыз. Мұны кемшіліктерімізді түзеп, жақсы қасиеттерімізді арттырсақ деген жана­шыр­лық сезімі деп түсіндіруге болар.                 

Өзгелерді қабылдауы өте қиын

Жазылмаған ережелердің бірі – қонақта отырып шаңырақ иесі туралы жағымсыз нәрселерді ағыңнан жарылып айта алмайтының секілді біздің де әңгіме қазақ халқының барлық қасиетін толықтай ашады десек, шындыққа жанаспас. Дегенмен мүмкіндікті пайдаланып, қазақ қоғамында өмір сүретін шетелдік азамат күнделікті қандай түсініспеушілікпен бетпе-бет келетінін сұрауды жөн көрдік. Жоғарыда айтып өткендей, Нигериядан келген 40 жастағы Руф Чаба мен 28-дегі Окунауи Рейчел нәсілдік кемсітушілікке жиі тап болатындарын айтады. Әрине олардың жанынан қол шошайтып, таңданысын жасыра алмай өткендер­дің барлығының ниеті теріс деген сөз емес. Тек олар әлемде нәсілге, ұлтқа, жы­нысқа, жасқа қатысты кемсітушілік өзекті тақырып екенін білмесе керек. Бұл екі түрлі әлем тұрғындарының мә­дениет айырмашылығы болар. Қазақ хал­қы өзге ұлт өкілдерімен достық қарым-қатынаста болғанымен, оларды өз отбасының мүшесі ретінде қабылдауы аса қиын екенін түрік қызы Зейнеп Жұмадолда алға тартты. «Егер ер адам шетелден қыз алса ешнәрсе айтылмайды, ал шетелге қыз берсе, үлкен дау туады. Менің ойымша, әркімнің тағдыры бөлек. Шетелге шыққан қыздың артынан жаман сөздер айтудың орнына бақыт тіле­се деймін. Себебі өз халқы қолдап қор­­ғамаса, басқалардан не күтуге болады. Мен өзім де Қазақстанға келін бола­мын деп ойламадым, Алла жазған тағ­дырым осылай болды», деді Зей­неп Жұмадолда. Сондай-ақ Зейнеп ауа райының әсерінен бе қазақтар суық және қатты секілді көрінгенін айтады. Әрине кейінірек танысып біліскеннен кейін ашық-жарқын екеніне көзі жетіпті.

Ал Англиядан келген Кристина қазақ­тардың өз көршілері жайлы көп қызық­пайтындығын айтады. Қазақ хал­қы қырғыз, моңғол басқа да елдермен тіл, дін, дәстүр жағынан қандай да бір ұқсас­тық­тарын байқаса таңданып қалады дейді. Дегенмен Кристина тұрғындардың өз елімен мақтанатындықтарын көп байқағанын айтты, олардың патриоттық сезімі жоғары екеніне сенімді.     

 

Тойға келгенде алдына жан салмайды

Халқымыздың тойға деген ерекше көңілін ең бірінші болып қазаққа келін атанған Зейнептің байқауы түсінікті жайт. Өзінің айтуынша, қазақтардың тойы мен ондағы дастарқан қатты таң­ғал­дырған. «Алғаш рет бір туыстардың тойына барып аузым ашылып отырды. Түркияда мұндай жоқ. Тамақтар­дың алуан түрлілігі мен қонақтарға көрсетіл­ген қызмет ерекше. Не жеймін десең, алдыңа соны алып келеді. Тойдағы билер мен әндер де қатты ұнады», дейді ол. Кристина Палмер де ел тұрғындарының кез келген қуанышты үлкен отбасы болып тойлайтындығы ұнағанын айтады. Шындығында қазақтар үшін кешкі ас немесе мейрамханада, тойда басқосу бірге тамақтану ғана емес, ол қуанышыңды бөлісу, өзгелерге де жұғысты болсын деп ырымдау, алыс-жақынның амандығын білу, мерекеге ортақтасып, шын ниетпен жақындарыңның жақсылығын бөлісу. Бұл – салт-дәстүрдің бір бөлігі ғана емес, қазақ халқының болмысы.

Қазақстанға түрлі себеппен келіп, белгілі бір уақыт аралығында өмір сүрген кейіпкерлердің қазақтар туралы айтар ойы осы болды. Ағылшын тілінің мұғалімі Кристина Қазақстаннан кеткеннен кейін АҚШ-тың Индиана университетінде Орталық Еуразия зерт­теулері мамандығы бойынша жоғары білімін жетілдіруге шешім қабыл­даған. Жазғы демалысында еліміз­ге қайта оралып, Қарағандыда қазақ тілін меңгеруге арнайы келіп кетіпті. Же­келеген адамдардың қазақтар туралы өз тәжірибелерінен түйген ойлары біз үшін жаңалық болмағанымен, олардың Қазақстанға сапары, жергілікті тұрғындармен қарым-қатынасы өмірі мен дүниетанымына үлкен өзгерістер алып келетіні сөзсіз.