Экономика • 13 Қараша, 2019

Он айдағы орнықты даму

629 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында 2019 жылдың қаңтар-қазан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытынды­лары және республикалық бюджеттің орындалу мәселелері қаралды. Биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы бірқатар министрлер баяндады. Облыс әкімдерінің есебі тыңдалды.

Он айдағы орнықты даму

Инвестицияда іркіліс жоқ

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің баяндауынша, ІЖӨ өсімі қаңтар-қазан айларында 4,4%-ға өсті. Инвестициялық бел­сен­діліктің артуы, ішкі сұраныс­­тың және ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесінің ұлғаюы, өнер­кәсіп­тің кіші салаларындағы екі мән­ді өсім, сонымен бірге мұнай өн­дірудің қалпына келуі – экономика өсімінің негізгі факторлары болды. Экономиканың салалары бойынша инвестициялық жобалар пулы құрылды. Бұл орта мерзімді келешекте экономиканың тұрақты және сапалы өсуіне негіз болады.

«Инвестиция 8,2%-ға өсті. Ха­лық­­тың нақты табысының өсімі 6,4%-ды құрады. Ішкі жалпы өнім­дегі шағын және орта бизнес­тің үлесі 28,5%-ға дейін артты. Өнер­кәсіп өндірісінің орнықты өсу үр­дісі сақталып отыр, қаңтар-қазан ай­ларында 3,5%-ды құрады. Өң­деу өнеркәсібі 3,3%-ға өсті», деді Р.Дәленов. Жеңіл өнеркәсіп, маши­на жасау, фармацевтика және су­сын өндірісі қарқынды дамыды.

«Мұнай өндіруді қалпына келтіру есебінен кен өндіру өнер­кәсібінде өсім 3,7%-ға дейін артты. Түсті металдар кенін өндіруде 18% деңгейінде жоғары өсім қарқыны сақталды. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, өсім 12,7%-ды құрады. 9,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді», деді Ұлттық экономика министрі.

10 айда мал шаруашылығы өнім­дерінің өндірісі 3,9%-ға ұл­ғайды. Көрсетілетін қызметтер сала­сындағы бұл өсім көрсеткіші 4,4%-ды құрады. Сауда көлемі 7,5%-ға, көлік – 5,6%-ға және байланыс – 4,5%-ға ұлғайды.

Р.Дәленовтің айтуынша, биыл­ғы қаңтар-қыркүйекте сырт­қы сауда айналымы 1,5%-ға ұл­ғайып, 70,4 млрд долларға жетті. Экспорт көлемі – 42,7 млрд, ал импорт 27,6 млрд долларды құрады. Негіз­гі көр­­­сет­­кіштер бойынша өңірлер­дің кө­­бінде өсудің оң серпіні бай­қалады.

 «7-20-25» қарқын алып келеді

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев 2019 жылғы қаңтар-қазан айларындағы ақша-несие сая­саты туралы баяндады. Ол атап өткен­дей, жыл­дық инфляция күткен­дегідей қалып­тасып, қазан айының қоры­тын­дысы бойынша 5,5% болды. Ақылы қызметтер бағасы мен тарифтерінің өсуі тарихи ең төмен деңгейде – 0,8%.

«Осы факторларды ескере отырып, Ұлттық банк 28 қазанда базалық мөлшерлемені 9,25% дең­гейде және +/- 1 пайыздық тар­мақ дәлізінде сақтады. Ақша-кредит саясаты шаралары шеңберінде айналыстағы ноттар көлемін ма­мыр-қазан аралығында 30,1%-ға немесе 4,3 трлн теңгеден 3 трлн теңгеге дейін қысқартты», деді Ұлттық банк төрағасы.

Тікелей шетелдік инвести­ция­лардың келуі өткен жылғы көрсеткіш деңгейінде қалыптасып, 5,1 млрд доллар болды. Ол бейрези­денттердің кірістерін қайта инвестициялаумен және резиденттердің шетелдік еншілес ұйымдарынан капитал қайтару арқылы қамтамасыз етілді.

Портфельдік инвестициялар бойынша капиталдың әкетілуі 13,0%-ға азайып, 2019 жылғы 9 айда 2,6 млрд доллар болды. Капи­талдың әкелінуі Қаржы министр­лігінің 3-тоқсанда 1,15 млрд еуроға еурооблигациялар шығарғаны және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-тың жаһандық депозитаралық қол­хат­тарын сату арқылы қам­тамасыз етілді.

Е.Досаевтың айтуынша, несие­лендіру өсуі артуда. «Жыл басынан бері жалпы кредиттік портфель қыр­күйек­тің соңында 2,3%-ға немесе 13,4 трлн теңгеге дейін өсті. 1-тоқ­санда банктерді қалыпқа кел­тіру нәтижесінде жұмыс істе­мейтін қарыздар есептен шығарылған соң сәуір-қыркүйекте кредиттеудің өсуі 7,4% немесе 921,8 млрд теңге бол­ды», деді Е. Досаев.

Заңды тұлғалар берілген кредит көлемі 1,7%-ға немесе 121,7 млрд теңгеге өсті. Жеке тұлға­лар­дың кредиттік портфелі 14,7%-ға немесе 800 млрд теңгеге өсті. Ұзақ мерзімді кредиттер қыркүйек қо­ры­­тындысы бойынша 11,4 трлн тең­ге, қысқа мерзімді кредиттер – 2 трлн теңге болды.

«7-20-25» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 7 қарашадағы жағдай бойынша 10 676 отбасы 122,8 млрд теңге несие алды. Эко­номиканың басым салаларын жеңілдікпен кредиттеу бағ­дар­ламасын (600 млрд теңге) іске асыру жалғасуда. 1 қарашадағы жағдай бойынша банктерде 248,3 млрд теңгенің 393 жобасы қаралуда, 142,3 млрд теңгенің 224 жобасы мақұл­данды, 55,5 млрд теңгенің 147 жобасы несиелендірілді.

Республикалық бюджет кірісі 17%-ға артты

Мемлекеттік бюджеттің орын­далуы туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов баяндады. Министрлік мәліметтеріне сәйкес, осы жыл­дың 10 айындағы кірістердің өсу қар­қыны 2018 жылмен салыс­­тыр­ғанда жоғары болды. Мемлекеттік бюджеттің кіріс­тері 14%-ға, рес­пуб­ликалық бюд­жеттікі – 17%-ға, жергілікті бюд­­жеттер­дікі – 7%-ға өсті. Шығыс­­тар­дың ат­қарылуы да жақсар­ды. Мем­лекет­­тік бюджет шығыстары – 98,7%, рес­публика­лық бюджет шығыс­тары – 99,2%, жер­гілікті бюджеттер шығыстары – 98,4% болды.

«Бюджет тапшылығы іс жүзін­де есепті кезең жоспарынан едәуір төмен. Ол мемлекеттік бюджет бойынша – 995 млрд теңге, рес­публикалық бюджет бойынша – 1 трлн 127 млрд теңге болды. Ал жергілікті бюджеттер бойынша 20 млрд теңге сомасында профицит қалыптасты», деді Ә. Смайылов.

Ұлттық қордың активтері 26 трлн 320 млрд теңгені құрады. Республикалық бюджетке түсетін кіріс 5 трлн 285 млрд теңге болып, есепті кезеңге арналған жоспар 100% орындалды.

Ә.Смайыловтың айтуынша, 2018 жылдың 10 айымен салыс­тырғанда өсім 771 млрд теңгені құрап, 17%-ға артты. Негізгі өсім қосылған құн салығы – 443 млрд теңгеге, корпоративтік табыс салығы – 194 млрд теңгеге, халық­­аралық саудаға және сыртқы операцияларға салынатын са­лықтар – 105 млрд теңгеге көбейді.

«Жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 74 млрд теңгеге асыра орындалып, 2 027 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда кіріс 140 млрд теңгеге өсті. Кіріс жоспары Маңғыстау облысы мен Нұр-Сұлтан қаласын қоспағанда барлық өңірлерде асыра орындалды», деді Ә. Смайылов.

Оның айтуынша, республика­лық бюджеттің шығыстары 9 трлн 565 млрд теңгені немесе 99,2%-ды құрады. Жергілікті бюджеттердің шығыстары 4 трлн 705 млрд теңге болды. Есепті кезеңде өңірлерге 1 трлн 256 млрд теңге сомасын­да нысаналы трансферттер бөлін­­ді. Жер­гілікті деңгейде оның 97,3%-ы немесе 1 трлн 222 млрд теңгесі игерілді. Бюджет қара­жатын игеру барысында туындайтын заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 2 779 аудиторлық іс-шара өткізілді.

Өңдеу өнеркәсібі өрледі

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов өнеркәсіп пен көлік саласының даму қорытындыларын баяндады. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 103,5%-ды, оның ішінде: тау-кен өнеркәсібі – 103,7%-ды, өңдеу өнеркәсібі – 103,3%-ды құрады. Тау-кен өндірісі секторында түсті металдар кен өндірісінің көлемі 2018 жылы пайдалануға енгізілген кәсіпорындар есебінен 18%-ға ұлғайды. Жыл басынан бері темір кенін өндіру саласында оң динамика болып, тауарлық кен өндірісі 48%-ға ұлғайды. Өңдеу өнеркәсібінде өсім 3,3%-ды құрады. Соның ішінде түсті металлургияның өндіріс көлемі 7,3%-ға, машина жасау саласында – 18,8%-ға, фармацевтика өнеркәсібінде – 15,2%-ға өсті, жеңіл өнеркәсіптегі көрсеткіш 18,9%-ға өсті.

Көлік кешені бойынша Қазақ­стан арқылы контейнер тасымал­даудың жалпы көлемі өткен жыл­мен салыстырғанда 29%-ға, құрылыс саласы бойынша 12,7%-ға артты. Тұрғын үй құрылысы бойынша 10 айдың қорытындысы бойынша 9,8 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, барлығы 84 580 баспана пайдалануға берілді.

Өндірілген ет 5,5% ұлғайды

Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Сапархан Омаров ауыл шаруа­­шылығы саласындағы жағ­дайды баяндады. Ол мал шаруа­шылығында ішкі жалпы өнім көлемі 3,9%-ға артқанын, оның ішінде ет өндірісі 5,5%-ға, сүт өндірісі 3,2%-ға өске­нін атап өтті. Несиелендіру бағдар­ламаларының сәтті іске асырылуына байланыс­ты осы жылдың 10 айында 78,9 мың бас ірі қара сатып алуға 806 ша­руа­шылыққа несие берілгенін, өт­кен жылдың осы кезеңінде 39,1 мың бас сатып алуға 412 шаруа­шы­лыққа несие берілгенін айтты.

«Ырыс» бағдарламасы бо­йын­ша жыл басынан бері жалпы са­ны 1 600 бас малға арналған үш өнер­кә­сіптік тауарлық сүт кеше­ні, 712 басқа арналған 8 отбасы­лық тауар­лық сүт фермасы іске қосыл­ды, 15 мың басқа арналған үш бор­дақылау алаңы пайдалануға берілді.

Осы кезеңде тамақ өнімдерін өндіру 2,1%-ға, сусын өндіру 13,9%-ға өсті. Салаға 379,4 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда 37%-ға көп. Өсім «ҚазАгро» холдингінің кредиттік өнімдерін іске асыру арқылы қамтамасыз етілді.

90 млрд теңгеге 5 531 бірлік ауыл­шаруашылық техникасы мен жабдықты лизингке алуға шарттар жасалды, бұл көрсеткіш өткен жылғыдан 57%-ға көп.

Бүгінде агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің 19 түріне, атап айтқанда, сиыр мен қой еті, тірі жылқы, балық, бал, бидай, бидай кебегі, соя бұршағы, жоңышқа, рапс күнжарасы, арпа, жүгері, бидай ұны, сүт өнімдері, жүн шикі­заты, зығыр тұқымы, шошқа еті, азық­тық бидай ұны бойынша Қытай нарығына шығуға рұқсат беріл­ді. Сондай-ақ қой еті, сиыр еті, тірі ірі қара мал мен союға ар­нал­ған ұсақ мал, тағамдық жұмыртқа өткізу үшін Иран мен Бірік­кен Араб Әмірліктері, балық, майлы дақылдар мен азық тасыл­малдау бо­йынша Еуропа одағы, тірі ірі қара мал және союға ар­налған ұсақ мал бойынша Сауд Арабиясы, сиыр және қой еті бо­­йынша Бахрейн секілді жаңа өт­кізу нарық­тары ашылды. Нә­ти­­жесінде 2019 жыл­дың 8 айын­да агроөнеркәсіптік кешен өнімі экспортының көлемі 2 040,6 млн долларды құрады. Бұл 2018 жыл­дың осындай кезеңімен салыстыр­ғанда 9%-ға көп.

Жұмысты одан әрі ширату қажет

Отырысты Премьер-Министр Асқар Мамин қорытындылады. Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстан экономикасы тұрақты өсу үстінде.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында экономика өсімін қамтамасыз ету мін­детін алға қойды. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев эконо­микалық мәселелер жөніндегі кеңес­те макроэкономикалық, қар­­­­­жы­­­лық және әлеуметтік тұ­рақ­­­­ты­­лықты сақтау шараларын қа­был­дауды тапсырды», деді А.Мамин. Ол өңірлер мен ми­нистр­­­­ліктердің басшыларына Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев пен Прези­­дент Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған мін­деттерді орындау жұ­мыс­тарын жандандыруды, сон­дай-ақ маңыз­ды өнеркәсіптік көрсет­кіш­тердің өсімін арттыруды тапсырды.

Үкімет басшысы Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павло­дар және Солтүстік Қазақстан облыс­тары әкімдіктерінің жақсы нәти­же­сін атап өтті. Артта қалған әкім­діктерге проблемалық көрсет­кіштер бойынша жағдайды ретке келтіру үшін түбегейлі шаралар қабылдаудың қажеттігі айтылды.

«Бюджет жөнінде өткен жылмен салыстырғанда, биылғы жос­пар­дың асыра орындалып жат­қаны бай­қалады. Деген­мен, бюджеттік бағ­­дар­­ламалар­дың бірқатар әкім­ші­сінде қаражат­тың игерілмеуі көрініс берді. Өткі­зіл­меген конкурстар, жосық­сыз мердігерлер, қар­­­жы­лан­дыру жоспарлары бо­йын­ша өзгеріс­тер жөнін­дегі дәлел­дер қабылдан­бай­ды. Істі тү­зету­ге жыл соңына дейін бар бол­ғаны бір жарым ай қалды», деді А.Мамин.

Премьер-Министр экономи­каның сапалы әрі тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін инвестиция­лар тартуға, жұмыс орындарын құруға, өнімділікті арттыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақ­сартуға барлық күш-жігер­ді жұм­сау қажет екенін атап көрсетті.