100 • 17 Желтоқсан, 2019

Тархан текті редактор

988 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Осыдан бір ғасыр бұрын ұлтының болашақ бас газетіне айналар «Ұшқынның» алғашқы нөмірінің тұсауын кескен адамның есімі – Халел Есенбаев еді. Бірақ жетпіс сегіз жыл бойы оның аты-жөні кейінгі ұрпаққа белгісіз болып келді. 1997 жылдың 22 ақпанында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұшқынның» редакторы болдым...» деген жарияланымнан кейін ғана Халел басылым көшбасшыларының қатарына қосылды. Газетті басқарған белгілі тұлғалармен бірге қарашаңырақ тарихында тұғырланды.

Тархан текті редактор

Аталған мақаланың авторы ретінде сол бір көлемді зерттеудің мазмұнына қыс­қаша тоқтала кетейін. Газет шежiре­сiнде бұрын-соңды аталмаған, энциклопедияға енбеген, есiмi беймәлім, бейнесі белгісіз адамды «Егемен Қазақстанның» тұңғыш редакторы деп мәртебелеу үшін архив құжаттары мен тарихи деректерге жүгіндік. Алғашқы қазақ үкіметінің үлгісі болған Орда қаласында шыға бастаған ұлт ұранды «Дұрыстық жолы» газетінде, «Мұғалім» журналында қалам ұштаған Халелдің 1919 жылдың 17 желтоқсанында Орынборда бірінші нөмірі шыққан «Ұшқын» ізашары болғаны кейіннен табылған өмірбаяндық деректері арқылы күмәнсіз дәлелденді. Осы орайда өз қолымен жазылған анкетасындағы: «Қазақ өлкесiн басқару жөнiндегi революциялық комитетiнiң органы «Ұшқынның» редакторы болдым» деген мәліметтен кейін Есенбаевты елеусіз қалдыра алмас едік. Сол мақалада редакциялық алқа мүшелері арасынан Х.Есенбаевтың ұжым жетекшілігі ре­тін­де алға шығаруды ғана мақсат етіп, жеке өміріне қатысты мағыналы мәліметтерді кейінге қалдыра тұрғанбыз. Газеттің одан бергі белесті мерейтойларында Бернияз Күлеевті, Мұхтар Әуезовті, Жүсіпбек пен Бейім­бетті көшбасшылар қатарына қоюға орай ізденістерге бет бұрып, Халелдің өмірбаянына кешеуілдеу оралып отырмыз.

«Ұшқынның» шежіресін тыңнан бас­тай­тын мәліметтерге алғаш ден қойғызған Батыс Қазақстан облыстық архивінен табылған деректер еді. «Кеңестiк маман қызметкерлердi есепке алу жөнiнде Х­алел Мұхаметжанұлы Есенбаевтың анкетасы» делiнетiн 7 беттiк құжат (312-қор, 2-тiзiмдеме, 24-iс, 1-байлам) тұлға туралы біршама мәліметке қанықтырды. 1923 жылдың 22 сәуiрiнде толтырылған жеке сауалнамада Халелдiң 1892 жылы туып, Орынбордағы Құсайын медресесiн тәмам­да­ған мұғалiм екендiгi жазылыпты. 1919 жылдың 21 ақпанынан РК(б)П мүшесi. Анке­таның атау жолдары мен сұрақтары орта­лықтың қатаң тәртiбiне сай нақты жауап­тар талап ететiнін әрі әрбір мәлiмет Халел­дiң өз қолымен толтырылғанын ескер­сек, өмiрбаянынан қандай да мүлт кет­уi мүмкiн емес екен.

Әсіресе, «Мамандық» тарауындағы бiз үшін маңызды 9-сұраққа жауабында ол 1923 жылы: «Работал чл. редколлегии орг. Букгубисполкома «Киргизская правда», «Дурустук жолы», журнала «Му­галим», редактором органа Киркрай Рев­ко­ма «Ушкун» – в 1918 и 1919 годах, орг. Букгубкома «Энбек», перевел на киргизский язык Конституцию РСФСР и т.п.» деп жазады.

Зер салып қайта оқыдық. Бiрiншiден, бөкейлiк алғашқы үш басылымды айтқанда Халел «редакциялық алқаның мүшесi болдым» дейдi де, «Қазақ өлкесiн басқару жө­нiн­дегi революциялық комитетiнiң органы «Ұшқынның» редакторы болдым» дегендi жекелеп анық жазыпты. Екiншiден, аталған басылымдарда оның 1918 және 1919 жыл­дары жұмыс iстегенi айтылып тұр. Бұдан Х.Есенбаевтың «Ұшқынның» алғаш­қы нөмiрлерiн шығаруға басшылық жаса­ғаны көрінеді.

Архив деректерінен Халелдің 1920 жылдың 20 сәуiрiнен бастап Таловка уездiк атқа­ру комитетiнiң төрағасы болғанын және сол жылы Қазақ АССР-інің тұңғыш Құрыл­тай съезiне делегат болып сайланған кезде қай­тадан Бөкей губерниялық комитетiнiң үгiт-насихат және баспасөз бөлiмiнiң мең­ге­рушiсi қызметiнде жүргенін көруге бола­ды. Аталған құжат Халелдің 1914-1917 жыл­дары мұғалiм болғанын, орыс тiлiн же­тiк бiлетiнiн, отбасында алты адам – анасы, iнiсi, үш қарындасы, әйелi бар екендiгiн, Бөкей губерниясын, бұрынғы Орал облысының Ақтөбе және Темiр уез­де­рiн жақсы бiлетiнiн нақтылай түседі.

Алайда, есiмi ұрпақ санасынан ұмы­тыл­ған, «Егемен Қазақстан» газетiнде 78 жылда қызмет iстегендер тiзiмiне журналистер, корректорлар, мәшiңке басушылар түгел жазылғанда, аты-жөнi енбей келген адамды «Ұшқынның» тұңғыш редак­торы ретiнде таныту үшiн дәлелді құжат­тар іздей түстік. Орал архивiнен 1919 жыл­дың қазан айында Казревком мүшелерi Ахмет Байтұрсынұлы, Сейiтқали Меңдешев, Мұхамедияр Тұңғашин, Fабдолхәкiм Бө­кей­ханов, Шафхат Бекмұхамедов, Алма Оразбаева қатысқан Қазақ үкіметінің газе­тін шығару жөніндегі мәжiлiстің хаттамасы табылды. Хаттамадан оған қатысқан басқа да адамдардың аты-жөнiн оқимыз: «Кирг. Кр. комиссариат по военным делам: помощник политпросветуправления А.Менешев и политкомиссар эскадрона при Кирво­енкомиссариате т.Утегенов агитаторы-организаторы, прибывшие из Москвы.

Представители Букеевского областного отде­ла Нар. обр. т.т. Исенбаев и Бегалиев И.

Председателем собрания избран тов. А.Байтурсунов, при секретаре тов. Мене­ше­ва».

Яғни, газет шығару жайын талқылаған мәжiлiске Мәскеуден келген үгiтшiлер, бас­па бөлiмiнiң қызметкерлерi және Бө­к­ей облыстық ағарту бөлiмiнiң өкiлдерi Халел Есенбаев пен Есмұхамед Бегалиев қатысқан. Соңғы екеуiнiң мәжiлiс хаттама­сын­да басқалардан бөлек жеке жолмен жазылуы қаралып отырған мәселеге ерекше қатысты адамдар екенiн аңғартады. Ахаң мен Әмiрғали түзген жиналыс қаулысы: «По обмене мнениями единогласно пос­тановлено: немедленно выпустить офиц. орган Кирг. Рев. Комитета под названием «Ушкун», т.е. «Искра». При чем для управления газетным делом избирается редакц. коллегия из следующих товарищей, 5 лиц: Халила Исенбаева, Ишмухамеда Бегалиева, Тамимдара Сафиева, Амиргали Менешева, Бернияза Кулиева. Коей поручить немедленно приступить к изданию газеты» деп міндеттейді.

Бес адамдық редколлегияның тiзi­мiн­де бiрiншi тұруы да алғашқы нөмiр­ле­рiнде «Шығарушы-жазушылар құра­ма­сы» деп қол қойған редколлегияға же­тек­шiлiк жасаған, яғни, редакторы бол­ған Х.Есенбаев деп айтуға бір негiз. Редак­тор­лық­қа партия мүшесi, ысылған журналист, Конституцияны қазақшаға аударған сауатты адамды таңдап қою да сол кездің талабына сай келiп тұр.

Шығарушылар құрамына кiрген бес адамның Бернияз ақыннан басқа төртеуi бұрын­ғы бөкейлiк «Дұрыстық жолында» бiрге қызмет iстеген әрiптестер. Мәжіліске шақы­рылғандар тізімінде жоқ Тәмимдар Сафиев­тің сырттай енгізілуін Халел Есенбаев­тың айтуымен деп түсінеміз. Бұған дейiн газет ардагерi М.Ешмұхамбетовтің есте­лiгiне жүгiнiп, «Ұшқынның» тұңғыш редакторы болды деп келген Тәмимдар Сафиевтің өмірбаянын қоса зерттеген едік. Архив­тегі тiркеу карточкалары, анкеталары бойынша оның жұмыс орны: «редколлегия при Кирвоенревкоме», қызметi: «член редколлегии». Ал оны қызметке ұсына алатын («специалиста может рекомендовать»): Х.Есенбаев екені де еленетін дерек.

Бөкей губкомының сұрақша парағын толтырғанда Тәмимдар: «Какую советскую работу исполняли, где и когда» деген сұраққа: «по народному образованию в Урде, раб­отал в редакции в Урде и в Оренбурге» деп жауап жазған. Орынборда дегенi – «Ұш­қындағы» қызметi. Анкетада ашық айтылмаған соң, Тәмимдар редакциялық алқаға Халелден кейін жетекшілік етті деп қана қалдырғанбыз. Арада 22 жыл өткенде, «Егемен Қазақстанның» 100 жылдығы қарсаңында зерттеуші Қазбек Құттымұратұлы бұл сауалға толық жауап беретін құнды мақала жариялады.

Ғасырлық жылнамасын жазған басы­лым­­ға сол жылдары басшылық жасаған Т.Сафиев, Ә.Байдiлдин, С.Сейфуллин, С.Сә­дуа­қасов, Т.Рысқұлов, О.Исаев, Б.Майлин, F.Тоғжанов, F.Мүсiрепов сынды белгiлi тұлғалар едi. Солардың қатарына Халел Есен­баевты қосқан ізденісіміз жайын қысқаша баян еттік.

 «Ұшқы­нның» алғашқы нөміріне қанат қақтырған адамның өмірбаяны, әулеттегі, қилы тағдыры туралы бұрын айтылмаған тың деректерді алға тартайық. Әрі оқыр­ман­ды мақалаға тақырып етіп қойған әулеттік мәртебенің сырына қанықтыра кеткіміз келеді. Халелдің қайраткерлік келбеті сонау XIX ғасырдың алғашқы кезеңінен бастап ұлтына шапағаты тиген бір үрім-бұтақтың өнегесімен қалыптасқан екен.

Кейінге көз салсақ, тарихы терең, тұлға­лары тұғырлы Бөкей ордасы өзінің құрыл­ғанына жүз жыл толуын тағылымды бір бас­тамамен баянды етіпті. 1901 жылы Бөкей ордасынан Ресей астанасына қазақ депу­тациясы аттанды. Құрамында университет білімді, ғылым кандидаты лауазымды Бақтыгерей Құлманов, Бөкей хан­ның немересі, Тәуке сұлтанның ұлы – Нұрмұхамед Бөкейханов, ордадағы дәу­лет­ті тектен тарайтын Ибрагим Танашев бар қазақ өкілдігін ІІ Николай патша қабыл­дайды. Бақтыгерейдің кейіннен Дума мүшесі, Алаш көсемдерінің бірі болға­ны тарихтан аян. Ибрагим – Алаштың ары­сы Уәлитхан Танашевтің ағайыны. Нұрмұхамед – Құрманғазы оркестрін құруға тікелей атсалысқан атақты күйші Махамбет Бөкейхановтың әкесі. Үшеуі де патша алдында қазақ атынан сөйлеуге қай жағынан да лайықты тұлғалар. Ал елшілік топтың төртінші мүшесі Мұхамеджан Есенбаев болатын.

Осы арада «Ұшқынның» алғашқы редак­торының аты-жөнін – Халел Мұха­мед­жанұлы Есенбаев деп толық жазып қоялық!

Петербургке баратын адамдарды ірік­те­генде таңдаудың бірі Мұхамеджанға түсуі тегін емес. Ұлтына оқу-білімге жол ашқан Жәңгір ханның ісіне адал жұрты орданың ғасырлық белесін оқудағы қазақ жастарына ерікті түрде қаражат жинаумен атап өткен болатын. Астрахань губернаторы Газенкампф Петербургке жолдаған хатын: «По желанию киргиз испрашиваю разрешения ознаменовать этот день торжественным праздником и собранием добровольных пожертвований на стипендии киргизов, обучающихся в университетах, гимназиях, реальных училищах» деп бастаған екен. «Бөкей ордасының құрылғанына жүз жыл толуына орай Петербургке баратын адамдар тізімін жолдауды парызым санаймын» депті губернатор одан әрі. Баратындардың бірі – Мұхамеджан Есенбаев.

Қазақ жастарының жоғары білім алуына атсалысып, өз тұсының озық ойлы адамы болған Мұхамеджанның ұлы Халел қазіргі Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданындағы Ағашүй ауылында 1892 жылы дүниеге келген. Орынбордағы Құсайын медресесіне түсіп, мұғалім мамандығын алды. 1913 жылы ауылға келіп, отыз бала жинап өз үйінен мектеп ашып ақысыз оқытуға кірісті. Бұл бастамаға әкесі Мұха­мед­жанның ықпалы болды. Елге сыйлы азамат­тың шапағатын ауылдастары:

Мұқатай – жомарт кісі ел ағасы,

Бар оның сегіз-тоғыз ұл баласы,

Ішінде оқығаны Халел болып,

Жағымды жұртқа тегіс сол баласы.

Оқудан Орынбордан келісімен,

Тегін мектеп ашыпты үй ішінен.

Оқытты орысша да, қазақша да

Кедейдің балаларын тегісінен, –

деп өлеңге қосқаны да бар. Халелдің барлық анкеталарда мамандығым «мұға­лім» деп көрсететіні осыдан. Ал бала­лар­дың білім алуына деген қамқорлық Есенбаев­тардың одан да әрі заманнан келе жат­қан әулеттік ұстанымы еді. Айтпа­қ­шы, алдына келіп тағзым еткен ордалық­тар­дан император: «Өркениетті елдер мұндай белесті оқиғаларға арнап салтанатты қақпа, мұнаралы мешіт, тұғырлы ескерткіш тұрғызып жатады. Ордада есте қаларлық қандай іс қолға алдыңдар?» деп сұрапты. Мұхамеджандар ағарту ісіне қайырымдылық қорына 40 мың рубль қаржы жинағандарын айтып патша алдында еңсесін тіктепті.

«Ұшқынның» көшбасшылары Тәмим­дар мен Халелдің өмірбаяндары да егіздей ұқсас. Екеуі бір өңірде бір жылда дүниеге келген. Құсайын медресесінен білім алған. Ордадағы ағартушылық, газетшілік қыз­мет­тері, жаңа заман орнату жолындағы іс-жігерлері де сан қиылысады. Тіпті газеттің алғашқы редакторы екеуінің қайсысы деген тұжырымның өзінде бір-біріне жол беретін, кейде бірі алға шығатын әріптестік, бәсекесіз деректер қанаттасып отырады.

Тегі қарақалпақ Тәмимдардың арғы баба­лары төрт түтін болып Орталық Азия­дан ауып келіп, Жәңгір ханнан қоныс алған. Содан бастап бөкейлікте өсіп-өніп қазақ болып кеткен әулеттің ұрпағы. Ал Халелдің ата­лары бөкейлікте сол тұста дәуірлеген.

«Әмірі күшті Алланың атымен және Бүкілресейлік императордың келісімімен мен, генерал-майор және кавалер, Астрахань даласын жайлаған Кіші жүз қазақ ордасының ханы, осы грамотамен қол астымдағы тама руының кенжебай бөлімшесінің старшыны Есенбай Қожабекұлына халық мұқтажына қайырымы үшін өз ұйғаруыммен және бабаларымнан мирас еткен құқым бойынша өзінен тарайтын ер жынысты ұрпағына кететін тархан атағы беріледі. Мұхамед хижрасының 1258 жылы, Христің туған күнінен 1842 жылы, менің хандық етуімнің он сегізінші жылы Нарын құмындағы ордамда берілді.

Есенбай Қожабекұлының тархан ата­ғына берілген бұл грамота Жоғары мәрте­бе­лі ханның кеңсесінде шығу кітабында 1842 жылдың 7 шілдесінде 1451 болып жазылды. Кеңсе бастығы Раевский».

Есенбай тархан есімінің құжатқа ресми түсуі ханның осы пәрменінен басталады. Орданың беделдісі бұл атаққа қатал қысты, жұтты да ызғырықты жылдары малына тегін азық үлестіріп, жанына ас-қорек ұсынып, халықты аман сақтап қалған ізгілігі лайық деп танылған. Сол еңбегі үшін 1839 жылы Петербургке патшаның таққа отыру ұлықтауына барғанда Анна ленталы алтын медаль алды.

Есенбайдың балалары Хайролла, Ғұбай­дол­ла, Ғатаулла да әке үлгісінен айнымай халықтың мұң-мұқтажын үнемі назарда ұстады. Ішкі орда шебінің депутаты Ғұбайдолла Есенбаев қазақтың игі жақ­сы­ларымен бірге 1860 жылы Петер­бург­ке барды. Қазақ офицері Әлмұхамед Сей­далин тілмаш болып қостаған, астанада танысқан Шоқан Уәлихановтың бұ­лар туралы елге хат жазатын, орыс этнографы П.Небольсиннің «Саяхатшы қазақтар» («Русский вестник», 1860) деген мақаласына арқау болатын тарихтағы әйгілі сапар. Ығай мен сығайлардың бірге түскен суреті «Русский художественный листок» журналының 1861 жылғы 21-нөмірінде басылды.

Ғұбайдолла сол 1860-жылдары Ішкі орданың Қамыссамар бөлігін­де мектептер ашып, 130 баланы тегін оқыт­ты. Қазақша сауат ашуды, мұсыл­ман қағидаларын үйрететін молда мұға­лім­дер­мен қатар екі орыс оқытушы алдыртты. Есенбай тарханның тағы бір ұлы Ғатаулла қазақ балаларын оқытуға қам­қор­лықпен қоса мекендес отырған орыс селениесі балаларының оқуына жәрдем­ге деп өз қаражатынан мың күміс рубль ұсынады. «Я счелъ долгомъ принести изъ собственнаго достоянія свое­го, в пользу учебныхъ заведеній пособие в тысячу руб. серебром. Податель сего Внутрен­ней киргизской орды Тарханскій сынъ Гатаулла Исенбаевъ. – 14 марта 1860 г., гор. Уральскъ» деген қамқоршыл хаты бар. Қазақтың бұл мырзалығына казачест­во жазушысы И.Железнов шамданып, «Русский вестникте» мұқататыны, Салық Баба­жановтың қазақты қорғап оған қарсы «Апел­ляция киргиза к публике по поводу статьи «Русского вестника» под заглавием «Киргизомания» атты мақала («Северная пчела». 1861. № 138) жазатыны тарихтан хабардар әлеуметке белгілі жәйттер болса керек.

Халелдің туған атасы Хайролла Есен­баев­тың да әулет дәстүріне адал бол­ға­ны оның ұлы Мұхамеджанның қазақ жас­тарының мамандық алуына деген жана­шыр­лығынан көрініп тұр. Қайраткер Халел­дің «мамандығым мұғалім» деп айны­мауы әулетінен дарыған қасиет. Ол шын мәнінде Қазақстанның халық ағарту ісінде елеулі із қалдырған тұлға. Жиырмасыншы жылдары Бөкей ордасында оқу-ағарту ісін жолға қойды, Орал губерниялық халық ағарту бөлімін басқарды. Отызыншы жылдары Қазақстанның Халық ағарту комиссариатында жаппай білім беру бөлімінің сектор жетекшісі болды. Арасында Қара­ған­ды, Семей облыстарының білім беру бөлім­дерін басқаруға жіберілді. 1935 жылы Қазақ Орталық Атқару комитетінің мүше­лігіне сайланды. Қазақ мектебі үшін 1932 жылы жазған, латын әріпімен басылған «Бастауыш география және аймақтану» оқулығының авторы. Аталған оқулық бүгінде Алматыдағы Пушкин кітапханасының сирек кездесетін ба­сылымдар қорында сақталған. Темірбек Жүрге­новтің халкомдығы тұсында комис­­­сариаттың жоспарлау-қаржы бас­қар­масын басқарды. Жүргеновпен бірге тұт­қын­да­л­уында сол жылдары комис­са­риаттың «Шаһнама» секілді шығыс шеде­врін, ұлт тарихына қатысты еңбектерді жаз­ды­руға қаржы бөлінуі де себеп болса керек.

Халел Есенбаев 1937 жылдың 15 жел­тоқ­­санында тұтқындалып, 1938 жыл­дың 3 наурызында «Горячев тізімі» бойынша атылды. 1957 жылы ақталғанда 1942 жылдың 3 наурызында қайтыс болды деген бұрмаланған куәлік жазылды.

Халелдің өз әулеті туралы бірер сөз. 1922 жылғы анкетасында айтылған үш қарындасының тағдыры да өнеге болардай. Үлкен қарындасы Гүлмай – белгілі заңгер Ғаппас Жәнібековтің, ортаншысы Райхан – әйгілі кавалерист, мемлекет және қоғам қайраткері Хамит Чуриннің, кішісі Мүнира – арқалы ақын Тайыр Жароковтің қосағы болып, белгілі әулеттердің ұрпағын жалғады. Халелдің қызы Шолпан – мемлекет қайраткері, Қазақстан КП Орталық комитетінің екінші хатшысы Сағидолла Құбашевпен отбасын құрды. Ұлы Нариман Қазақ КСР Тамақ өнеркәсібі министрлігінде лауазымды қызмет атқарды.

Бүгінде әйгілі мүсінші, профессор, «Тарлан» сыйлығының лауреаты Асқар Нари­манұлы Есенбаевтың атағы алысқа әйгілі. Халелдің туған немересі.

1919 жылдың желтоқсанында
Х.Есен­баев­ пен Т.Сафиев бастаған орда­лық газетшілер аты сәулелі, заты ұлт­жан­ды «Ұшқынның» төбесіне бұрынғы «Қа­зақстанның» рухани жалғасы, әріп-жабдығын өздері Орынборға бірге ала келген «Дұрыстық жолының» ұраны – «Бүтін дүние бейнетқорлары, бірігіңіз!»-деген сөзді сол күйі өзгертпей жазып, жаңа басылымға ақжол ашты. Бірлікке, ізгі­лікке үндейтін осы тіркесті келе-келе үстем де төңкерісшіл: «Барлық елдердің проле­тарлары, бірігіңдер!» деген әмірлі шақыруға айналдырған кеңестің саясатынан әлі алда, елдің жайын мұңдайтын газет шы­ғарып, жүз жылдық жылнаманың алғашқы қадамын бастады. Оның баста­уында ағартушы-қайраткер, тұңғыш қазақ басылымдарының ізашары, тархан текті тұлға Халел Есенбаев тұрды.

 

Тілекқабыл БОРАНҒАЛИҰЛЫ,

журналист

 

Суреттерде: Халел Есенбаев, отызыншы жылдар (сурет тұңғыш рет жарияланып отыр); Халел Есенбаевтың (сол жақтан бірінші) отбасы (сурет тұңғыш рет жарияланып отыр)