Қазақстан • 02 Желтоқсан, 2019

Орынбор қазақтары қауымдастығы мен Egemen Qazaqstan меморандумға қол қойды

231 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Egemen Qazaqstan газетінің 100 жылдық мерейтойы  Орынборда тойланды. Бұл туралы ресейлік nvdaily.ru сайты жазды.

Орынбор қазақтары қауымдастығы мен Egemen Qazaqstan меморандумға қол қойды

«Жақында ғана қазақ делегациясы Орынбордағы Ленин көшесінде орналасқан тарихи ғимаратқа келді. Мұнда газеттің ең алғашқы саны жарық көрген. Мерейтой аясында ғимаратқа ескерткіш тақта орнату жоспарланған», делінген жазбада.

Сондай-ақ nvdaily.ru Орынбор  мен Қазақстан арасында тарихи байланыс барын жазады.

«Н.Крупская атындағы Орынбор облыстық әмбебап кітапханасында газеттің мерейтойына орай дөңгелек үстел отырысы өтті. 1919 жылы газет алғаш рет «Ұшқын» атымен шықты. Тарихи басылым әр жылдары түрлі атпен жарық көрді. Соның ішінде «Социалистік Қазақстан» атымен басылым жарты ғасырға жуық жарияланды. Газет атауы бірнеше рет өзгерсе де ол қазақ тіліндегі ең беделді басылым болып қала берді», деп жазды nvdaily.ru.

Жиында Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің кеңесші-уәкілі Жанар Колбачаева Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетовтің құттықтау хатын оқыды. Елші құттықтауында бас басылым қай заманда да «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болғанын айтады. Редакцияда Бернияз Күлеев, Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды белгілі тұлғалар еңбек еткен. Олар өз заманының көшбасшысына айналған басылымның дамуына айрықша үлес қосып, қайталанбас имидж қалыптастырды. Бұл тұлғалардың есімі тек қазақ оқырманына ғана емес, сондай-ақ ресейлік оқырмандарға да жақсы таныс.

Сондай-ақ газеттің мерейтойымен Орынбор облыстық Мәдениет және ішкі байланыс министрінің орынбасары Александр Калинин құттықтады. Ол өз сөзінде Ресей мен Қазақстан арасындағы саяси-экономикалық байланыстың Орынбордан бастау алғанын сөз етті.

Жиын соңында Egemen Qazaqstan газеті мен Орынбор қазақтары қауымдастығы арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.