Ұлт мәселесінің маңызы
Ресей коммунист партиясының 12-ші жиылысында жолдас Сталин ұлт мәселесі туралы баяндама қылғанда айтқан сөздерінің қорытындысы мынау:
– Ұлт мәселесін шешуде 2 мағына бар. Ол екі мағынаның біреуі – біздің партияны сырттан бақылаушы жер дүниедегі барлық халықтар үшін керек.
Біздің қазіргі советті республиканың одақтас құрамасына күллі күншығыс халықтары сырттан көзін алмай бақылап қарауда. Қарағанда тап бір жерге жаңа бір жат тұқымды егіп, соның шыққан өнігі қандай болар екен деп бағып отырғандай қарауда.
Егерде біз осы құрамалық одақтастық шарасындағы ұлт мәселесін дұрыс шешіп, әр халықтың арасын шын туысқандық негізіне келтіріп жақындастырсақ, біздің мұнымызды күллі күншығыс көріп, біздің Ресейдің советті құрама одақтас үкіметін шын жолбасшы танып, біздің соңымыздан еріп һәм сонымен жалпы дүние капитализмның обырлығы жойыла бастамақ.
Ал, егерде біз бұл ұлт мәселесін шешкенде қате істесек, Ресейдің жарлы еңбекшілер табына (пролетариатқа) бұрынғы езілген ұлттардың сенімі қалмайды. Ресейдің құрама Совет үкіметінің күншығыс халықтарын бойына жанастыруға, өзіне қарай тартуының күші кетеді һәм олай болғанда дүние капитализмнің обырлығы – империализм бізді жеңеді.
Міне, бұл ұлт мәселесін дұрыс шешудің жалпы дүниедегі халықтардың алдында зор мағынасының барлығы.
Ал, енді ұлт мәселесін дұрыс шешу, шешпеудің өз ішімізде зор мағынасының бар екені мынау:
Ресейде жаңа шаруашылық саясатын (НЭП-ті) жүргізгеннен бері орыстың ұлтшылдығы өсе бастады. Орыстың ұлтшылдығы күшейе бастады. Һәм Деникиннің істей алмаған, һүжетке шығара алмаған, бұрынғы «ұлық Ресейді бөлмей, жармай тұтас сақтау» пікірі қазіргі уақытта еппен, білдіртпей һүжетке шығармақ тілек те бар.
Бұл жаңа шаруашылық саясаты (НЭП) орнағалы ішкі тұрмысымызда бір жаңа күш туа бастады. Ол жаңа күш біздің совет мекемелеріне һәм хатта партия мекемелеріне ұялай бастаған орыстың ұлтшылдық, өзімшілідігі (национально-шовинистическое). Егерде біз бұл жаңа туа бастаған қауіпті күшті тамырынан қырқып құртпасақ, жарлы табы мен ауыл шаруашылықтарының арасы айырылып кетуге мүмкін. Һәм сонымен бұл жарлы табының әкімиятын су түбіне бату халіне жеткізуге себеп болуға мүмкін.
(К гибели диктатуры пролетариата) жаңа шаруашылық саясаты орыстың өзімшілдігімен қатар жергілікті халықтардың да өзімшілдігін тудыра бастады. Бұл, әсіресе, көп ұлттардан құрасқан мына республикаларда көбірек көрінеді. Мәселен: Грузия, Әзірбайжан, Бұхара һәм Түркістанда.
Біз енді орыстың болсын һәм тұрғын халықтардың болсын өзімшілдіктеріне (шовинизма) қарсы тиісті істер қылуымыз керек.
Ұлт мәселесінің таптық ең негізгі мағынасы – біздің Совет үкіметінің халінде бұрынғы ұлық болып билеп қалған ұлттың жарлы табы мен бұрынғы езіліп қалған халықтың ауыл шаруасының арасын жақындастырып, солардың арасын дұрыс қылып байластыру.
Егерде орыстың жарлы табы – пролетариаты жалғыз орыстың крестьянствосымен емес (ауыл шаруасымен), бұрынғы езілген ұлттардың крестьянствосымен (ауыл шаруасымен) дұрыс жалғасуы һәм дұрыс одақтастық жалғаса алса, сонда ғана мәселе дұрыс шешілген болады. Бұлай болу үшін жарлы таптың үкіметі орысқа қандай өзінікіндей болса әр ұлттың ауыл шаруашыларына да сондай өзінікі болуы керек. Ал, әр ұлттың ауыл шаруашыларына совет үкіметі өзінікі болу үшін ол совет үкіметі жергілікті ұлттар үшін түсінікті болу керек: жергілікті мекемелерде іс олардың ана тілінде жүруі керек; жергілікті мекемелерде ылғи сол жергілікті халықтардың тілін, тұрмысын, заңын, әдет-ғұрпын білетін өз адамдарынан отырғызу керек.
Ұлт мәселесін шешушінің қандай болуы
Қазіргі уақытта ұлт мәселесінің шешілуі – советті республикаларының одақтастығы. Бұл одақтықтың негізі ықтиярлық, еркіндікпен құрылуы керек һәм бұл одақтыққа кіретін мүшелердің теңдігімен құрылу керек.
Ешбір халықтың одақтығы, ешбір халықтардың бірлесуі ешқашан мықты, берік бола алмайды егерде оның негізі ықтиярлықпен салынған болмаса. Мұны біздің айқын, ашық айтуымыз керек. Одақтықтың берік болуының 2-ші негізгі шарты – сол одақтыққа кірген халықтардың закон-құқық ретінде бір-бірімен тең болуы және одақтыққа кірген республикалардың бәрі сол одақтың пайдаларын бірдей пайдаланады һәм одақтықтың жалпы пайдасына өздерінің кейбір пайдаларынан бірдей шығып, сол жалпы іске бағыштайды.
Құрама Совет мемлекетіндегі барлық халықтар құр закон, заң ретінде ғана тең болмай, іс жүзінде тең болулары керек. Құқық, закон ретіндегі теңдікті біз жарияладық, оны енді қажетке шығарамыз, іс жүзінде ғамалға асырамыз.
Барлық ұлттардың, барлық жұрттардың ресім ретімен қанша құқықтары болса, одақтыққа кірген ұлттардың да соншама құқықтары болады. Бірақ кейбір ұлттар өздерінің өнер-білім ретінде надандықта, артта қалғандығымен революцияның (төңкерістің) алып берген құқықтарын пайдалана алмайды. Міне, осы көп кемшілік қылады.
Бұл мектеп-медресе һәм ана тілі мәселелерінен көрі зорырақ мәселе.
Бұған келгенде, құры мектеп-медресе һәм ана тілі деген ғана сөздер аз. Бұған бұрынғы езілген шаруашылық, өнер-білім ретінде артта қалған ұлттарға біздің шын көңілмен, адал жүрекпен үзбей істейтін жарлы таптың (пролетариаттың) жәрдемі керек.
Бұл шаруашылық, кәсіп, өнер-білім ретінде артта қалған республикаларда кәсіпшілік дүкенін құру керек (промышленности очага). Кавказдағы республикалардың ұлттарды бір-бірімен дұрыс жанастырып, араларын дұрыс байластыру үшін һәм сол жердегі ұлттардың арасында татулық сақтату үшін сол жерде бір пәтуалы басқарма жасалуы керек. Ондай басқарма Кавказдағы советті республикалардың одақтастығы болады.
Өзінің баяндамасын қорытып келіп, Сталин жолдас ақырында мынаны айтты:
Іске не нәрселер бөгет?
Бірлікке бөгет болатын біздің алдымызда 3 нәрсе бар. Оларды жоюымыз керек. Олардың біріншісі – ұлы орыстың өзімшілдігі, екіншісі – теңсіздік, үшіншісі – жергілікті ұлттың ұлтшылдығы. Бұл ескіден қалған мирастарды жоюға мен үш шарт көрсетемін:
1) Әрбір республикада Совет үкіметін сол жердегі жергілікті халыққа түсінікті қылуға һәм ол жергілікті халықтың өзінен туған үкіметі қылуға һәм Совет үкіметін жалғыз орыс үкіметі қылмай, жалпы ұлт (интернациональный) үкімет қылуға барлық күштерімізді салып, тырысуларымыз керек. Міне, бұл – бірінші шарт.
2) Республика одақтығының комиссариаттарының негізгі жобасы бойынша сол комиссариаттардың коллегияларына негізді ұлттардың кісілерінен кірсе, ол коллегиялар әр республиканың мұң-мұқтаждарын біліп отырып, сол мұқтаждарын табуға тырысып отырар еді. Бұл – екінші шарт.
3) Советті жоғарғы одақтық басқармасының құрылысы (состав) күллі советті Ресейдегі әрбір республиканың һәм әрбір ұлттың айнаға түскен сәулесіндей болып, барлық республиканың, барлық ұлттардың мұң-мұқтаждарын көрсетіп отыратын болсын. Міне, бұл – үшінші шарт.
Біз бұл мәселені дұрыс шешкен болар едік, егерде біз одақтық орталық комитетінің құрылысын (составын) екі алқалы қылып жасай алсақ (в две палаты). Мұның бірінші алқасы ұлтқа қарамай, одақтас республикалардың жалпы жиылысында сайланса, екінші алқасы әр республикалардан, аймақтардан сайланып, одақтас республикалардың жалпы жиылысында бекітілсе. Екінші алқада жалғыз одақтыққа кіретін төрт қана республикалардың 1) Ресей құрамасы – РСФСР, 2) Кавказ құрамасы, 3) Украина, 4) Беларусь адамдары болып қоймай, барлық халықтардың, барлық елдердің уәкілдері болуы керек.
Міне, осы жоғарғы көрсетілген жобаларды іске асырсақ қана ұлт мәселесін дұрыс шешкен боламыз. Сонда ғана жарлы таптың туын кеңінен жая аламыз. Сонда ғана бұл біздің революцияның соңынан еретін негізгі күш болып отырған жер дүниенің жарлы табымен обыр капитализмі болашақта белдескенде таразыны жұлып түсетін салмақ болатын күншығысты маңайымызға құрап, өзімізге жанастыра аламыз».
Міне, қысқаша қорытқанда Сталин жолдастың партияның 12-ші жиылысында ұлт мәселесі тақырыпты істеген баяндамасы осы.
Сталин жолдас – коммунист партиясының басынан кешірген тарихында нелер үлкен сынды, қиын-қыстау тар жол-тайғақ кешулерінен өткен ескі ту ұстаған қажырлы бастықтарының бірі.
Жолдас Сталинның бұл қорытынды баяндамасын Қазақстан тәрізді шет республикалардағы коммунистер көбірек оқулары керек.
Шамиль.