Еліміздің жоғары оқу орындарының жүйесінде өткізілетін рейтинг – жоғары оқу орнының бәсекелі артықшылықтарын анықтау, оның беделін көтеру және білім беру қызметтерінің ұлттық және халықаралық нарықтарында оның абыройын көтеруге бағытталған.
Биылғы рейтинг қорытындыларын жыл соңында таныстырған палата мен Білім және ғылым министрлігі өкілдері өз пікірлерін жария етті. «Рейтинг 17 критерий бойынша жүргізілді, олар: жұмыспен қамтылған түлектердің пайызы және олардың орташа айлық еңбекақысы («Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» акционерлік қоғамы ұсынған мәлімет), оқу аяқтаған соң жұмыс іздеу ұзақтығы, сондай-ақ бағдарламалардың өзектілігін бағалау», дейді атамекендіктер.
Білім беру бағдарламаларының негізіне – бизнестің ЖОО түлектердің нақты біліміне, іскерлігіне және дағдыларына деген қажеттілігі алынуы тиіс, яғни білім беру бағдарламаларын жұмыс берушілердің ұсыныстарын ескере отырып дайындау қажет деген қорытынды жасалып отыр. Өйткені дәл осы тәсілді қолданатын жоғары оқу орындары рейтинг нәтижелері бойынша үздіктердің қатарында келеді.
Мәселен, Рудный индустриалдық институтын «Жылу энергетикасы» мамандығы бойынша бітірген түлектер 100% жұмысқа орналасады. Бұл көрсеткіш Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-мен салыстырғанда, біршама жоғары (69%). Неге? Өйткені аталған оқу орны ERG компаниясымен тығыз байланыста жұмыс істейді және жұмыс берушімен бірге білім беру бағдарламаларын жасап, өз түлектерінің жұмысқа орналасуына кепілдік береді. Бұл тезис білім беру бағдарламаларының өзектілігі үшін берілетін балды растайды. Қазіргі кезде Рудный индустриалдық институтының «Жылу энергетикасы» мамандығы бойынша білім бағдарламасы қол жеткізуге болатын 5 балдың 4,8 ұпайын иемденіп отыр.
Алайда жұмыс берушілерді білім бағдарламаларының өзектілігі, жалпы алғанда 32 пайызға ғана қанағаттандырады (666 білім беру бағдарламасы).
«Қазақстанның 60-тан астам жоғары оқу орны болашақ жұмыссыздарды дайындайды десе де болады. Кейбір жоғары оқу орны сапалы білім беруге тырыспайды, есесіне дипломдарды басып шығарып, тез ақша табуда. Өйткені білімге емес, құжатқа сұраныс бар», деп қорытынды жасайды зерттеу тобы.
«Атамекен» мұндай беталыспен күрес ретінде әкімшілік әдісті ұсынады, яғни оқу орындары болашақ жұмыссыздарды дайындамауы үшін олардың лицензияларын қайтарып алу қажет. Сонымен қатар рейтинг нәтижесі мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу кезінде ескерелуі тиіс. Олжас Ордабаевтың айтуынша, нашар маманды даярлайтын жоғары оқу орнына мемлекеттік қаражат бөлінбеуі керек. Яки, «Атамекен» ҰКП мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу ережелеріне өзгерістерді енгізуді ұсынады (ҚР БҒМ-ның №122 бұйрығы): егер ЖОО рейтингтің төменгі бөлігінде болса, комиссия мұндай білім ордасына мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыту құқығынан айыруға құқылы.
Сондай-ақ зерттеу айшықтаған тағы бір тұжырым – білім беру гранттарының мақсатқа сай қолданылмауы. Білім беру және аграрлық бағыттардағы түлектердің мамандық бойынша жұмысының төмен пайызы байқалады. Мәселен, 2018 жылы 2886 жас маман білім беру гранты негізінде білім бағыты бойынша оқу орнын аяқтады. Алайда 1010 түлек қана (35%) мамандық бойынша жұмысқа орналасты, ал 1255 (43%) түлек мамандығы бойынша жұмыс істемейді, 621 (22 %) түлек мүлдем жұмыс істемейді. Аграрлық бағыт бойынша 1552 түлек бітірді, оның ішінде 169 (11%) түлек өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан болса, 954-і (61%) мамандығына сай жұмыс істемейді, 429-ы (28%) жұмысқа орналаспаған. Егер мысал ретінде оқу ақысының орташаланған бір жылдық мөлшерін алсақ – 350 мың теңге, онда мемлекет білім бағыты бойынша 2,6 млрд теңге, аграрлық бағыт бойынша 2 млрд теңге тиімсіз жұмсалған болып тұр. Дәл осындай беталыс ақылы бөлімнің түлектерінде де байқалды, осыдан мектеп түлектерінің арасында кәсіптік бағдарлау жұмыстары аз жүргізіледі, түлектермен және олардың ата-аналарымен жүргізілетін жұмыстың тиімділігі төмен, сондай-ақ мектеп пен жоғары оқу орындарының арасында өзара байланыс жоқ деген қорытынды жасауға болады.
Жалпы алғанда, Қазақстан қоғамында жоғары білімге деген үлкен сұраныстың болуы және еңбек нарығында мамандарға қажеттіліктің артуы қоғамның және жеке тұлғаның әртүрлі университеттердегі білім сапасы туралы қолжетімді және сенімді ақпаратқа деген қызығушылығын тудыратыны түсінікті. Білім беру нарығында университеттердің бәсекелестігі күшейіп келеді. Ғылым мен білімнің коммерцияландырылуы жағдайында университеттерді, тіпті студенттерді инвестициялауға дайын инвесторлар пайда болып жатыр, алайда шешім қабылдау үшін әртүрлі университеттердегі зерттеу деңгейі мен білім беру қызметінің сапасы туралы объективті мәліметтерге мұқтаж. Бұл рейтингтік зерттеу осы қажеттіліктің орнын толтырады.
Мамандықтар және өңірлер бойынша рейтингтерді «Атамекеннің» сайтынан қарауға болады.
90 мамандық бойынша рейтингтер әрі министрлікке, әрі талапкер мен оның ата-анасына, әрі ЖОО өзара бәсекелестігіне, әрі әлеуетті жұмыс беруші ретіндегі бизнеске пайдалы болмақ.
Мерей ҚЫДЫРҒАЛИҰЛЫ