Басылым басшылары • 17 Желтоқсан, 2019

Басылым басшылары - Әмiр ҚАНАПИН (01.1941-11.1942)

494 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ә. Қанапин Қостанай облысының шеткерi аймағындағы кедей шаруаның отбасында өмiрге келген. Бастауыш бiлiмдi Қостанай мектеп-интернатында алады. 1930 жылы қаладағы мұғалiмдер курсын бiтiредi де, Қазақ оқу-ағарту институтына түседi. Бұл жерде екi жыл оқып, математика және әлеуметтiк-экономикалық пәндерi бойынша мұғалiмдiк диплом алып шығады. Содан кейiн Таулы Алтай облысындағы “Ойрот” колхоз институтында қызмет iстейдi.

Басылым басшылары - Әмiр ҚАНАПИН (01.1941-11.1942)

30-шы жылдардың ортасына таман Мәскеуге келiп, М.Ломоносов атындағы университеттiң математика-механика факультетiне оқуға түседi. Оны ойдағыдай бiтiрген соң КСРО Халық Комиссарлары Кеңесi жанындағы Қазақ республикасының Тұрақты өкiлдiгiне қызметке орналасады. Республика оқу-ағарту халық комиссариатында басқарма бастығы, оқу-ағарту комиссарының орынбасары болып iстейдi.

1941 жылдың қаңтарында Ә. Қанапин “Социалистiк Қазақстан” газетiнiң жауапты редакторы болып бекiтiледi. Бұл жерде ол бiр жылдай iстеп, 1942 жылы Қарағанды облыстық партия комитетiнiң хатшылығына ауысады.

Ұлы Отан соғысынан кейiн комсомолдық жұмысқа жiберiлiп, бес-алты жылдай Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетiн басқарып, құрмет пен беделге ие болады. Ленин орденiмен наградталады.

1951-1954 жылдары Алматы облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы, 1955 жылы Семей облыстық партия комитетiнiң хатшысы болып iстейдi де, содан соң республика Мәдениет министрi болып тағайындалады.

Ә. Қанапин өмiрiнiң соңғы ширек ғасырын оқытушылық қызметке арнады. Алматы шет ел тiлдерi институтында кафедра меңгерушiсi болып iстедi. Үлкен лауазымды қызметтерден кейiн ұстаздыққа ауысқан Әбекең  докторлық диссертация қорғап, жас мамандар даярлауға, ғылыми кадрларды жетiлдiруге лайықты үлес қосты.