27 Наурыз, 2010

ЕСЕП КОМИТЕТІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІ КЕҢЕЙТІЛЕДІ

1105 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Парламент Мәжілісі “Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті туралы” және “Қазақстан Республика­сының кейбір заңнамалық актілеріне Респуб­лика­лық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобаларын мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберді. Бүгінде мемлекеттік қаржылық бақылаудың халықаралық даму үрдістерін ескере отырып, мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғары органы – республикалық бюджеттің атқары­луын бақылау жөніндегі есеп комитетінің (бұдан әрі – Есеп комитеті) қолданыстағы жұмыс істеу жүйесін жаңғыртуға ерекше маңыз беріледі. Қазақстан әлемдік қаржылық дағда­рыстан қиналмай шығуға ұмтылып отырған кезеңде мемлекеттік қаржылық бақылаудың (бұдан әрі – МҚБ) жоғары органы ретінде Есеп комитетінің рөлі түбірімен қайта қаралған жағдайда ғана МҚБ атқарымдық жүйесін дамыту мүмкіндігі туады. Сонымен бірге, ЕВРОСАИ, АЗОСАИ-ға кіретін қаржылық бақылаудың барлық жоғары органдарының қызметін регламенттейтін арнаулы заңнамалық актілердің барлығын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз. Мысалы, Жапонияда 1947 жылдан бері “Жапонияның бақылау-тексеру басқармалары туралы” заң іске асырылып келеді, ал Германия Федеративтік Республикасында “Федералдық есеп палатасы туралы” осыған ұқсас заң 1985 жылы қабылданған. “Есеп палатасы туралы” Ресей Федерациясының Федералдық заңы 1995 жылы күшіне енді. Жоғарыда аталған заңдар­дың барлығында да мемлекеттің бақылау-қада­ғалау жүйесіндегі жоғары мемлекеттік қаржы­лық бақылау органы қызметінің тәуелсіздігі мен ашықтығын қамтамасыз ететін нормалар міндетті түрде енгізілген. Нормалардың басым көпшілігі МҚБ мүшелерінің құқықтық мәртебесінің кепілдігіне, сондай-ақ қаржылық бақылауды жүзеге асыру жөніндегі МҚБ жоғары органының өкілеттіктеріне, соның ішінде бақылаудың тиімділігіне арналған. Есеп комитетінің қызметі туралы арнаулы заңның қабылдануы, сонымен қатар, мемле­кеттік органдар қызметін ұйымдастырудың негіздері Қазақстан Республикасының заңда­рында көрініс табуы керектігі ел Конституция­сының 61-бабымен сәйкестендірілетін МҚБ саласында бар заңға бағынысты барлық нормалар мен ережелерді заңнамалық деңгейде жүйелендіру қажеттігінен туындайды. Елбасы қаржылық тәртіпті қатайту мен бюджет қаражатының тиімсіз және мақсатқа сай пайдаланылмауының кез келген фактіле­ріне жол бермеу қажеттігін бірнеше рет атап көрсетті. Алайда қаржылық бақылау саласында заңнамалық актілер деңгейінде дәл регламент­телген актілердің болмауына байланысты аталған тапсырманы жүзеге асыру қиындау еді. Сонымен қатар, 2007 жылғы 2 қыркүйекте төртінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесін, оның ішінде Есеп комитетін нығайту қажеттігін баса айтты. 2008 жылғы қаңтарда өткен “Нұр Отан” ХДП Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында қаржылық бақылаудың жоғарғы органын күшейту жөнінде тиісті тапсырмалар берді. Жоғарыда аталған тапсырмаларды жүзеге асыруда Президент Әкімшілігі “Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті туралы” заң жобасын жасау қажеттілігі көзделген іс-шараны бекітті. Осыған байланысты, Үкімет заңтану және экономика саласындағы жетекші ғалымдар мен тәжірибелі мамандарды тарта отырып, сондай-ақ халықаралық оң тәжірибелерді ескере келіп, “Республикалық бюджеттің атқарылуын бақы­лау жөніндегі есеп комитеті туралы” заң жоба­сын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізді. Тұтастай алғанда, “Республикалық бюджет­тің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті туралы” заң жобасын қабылдау бюд­жеттік тәртіпті қатайтуға қажетті шара болып табылады. Сондықтан, заң жобасын қарау барысында депутаттар корпусы алдында: - республикалық бюджеттің орында­луына ішкі бақылауды жүзеге асыратын МҚБ жоғары органы ретінде Есеп комитетінің құқықтық мәртебесін, жұмыс істеу бағыты мен институттық мәртебесін дәл айқындау; - бақылаудың түрі мен үлгісіне байланысты қолданыстағы заңнамаларда көзделген Есеп комитетінің өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін құқықтық жағдайлар туғызу; - мемлекеттік қаржылық бақылау жүйе­сіндегі олқылықтарды жою сияқты міндеттерді шешу мәселелері тұрды. Белгіленген ережелерді бекіту бюджеттік қатынастарды дамыту және жетілдіру жөніндегі мемлекеттік саясатты қамтамасыз етуге көмектесетін болады. Сонымен, Есеп комитетінің мүшелеріне қойылатын біліктілік талаптарын заңнамалық деңгейде бекіту Қазақстандағы бюджеттік тәртіпті күшейту жолындағы шешуші қадам болып табылады. Есеп комитетінің дайындық деңгейіне негізге алынатын талаптарды белгілеу мемлекеттік бақылаудың жоғары органының қазіргі кәсіптік деңгейін қолдауға және одан әрі дамытуға жол ашатын болады. Осыған ұқсас нормалар Достастық елдерінің МҚБ жоғары органы туралы заңдарында көрініс тапқан. Ел Конституциясы Есеп комитетінің құрылу тәртібін, МҚБ жүйесінде президенттік және парламенттік бастауды үйлестіретін ерек­ше мәртебесін алдын ала айқындай отырып, Президентпен, Парламенттің Сенатымен, Мәжілісімен тең негізде регламенттейді. Бұл Есеп комитеті қызметінің негізгі сипатын айғақ­тайды және іске асыратын мемлекеттік функ­циялары үшін жоғары деңгейлі жауап­керші­лік жүктейді. Алайда, жоғарыда аталған конституциялық нормаларды одан әрі жүзеге асыру заң деңгейінде көзделмеген. Осыған байланысты Есеп комитетінің алқалық мәртебесі туралы конституциялық ережелерді жүзеге асыру заң жобасында негізге алынатын норма болып табылады. Мемлекеттік бақылаушылар арасында бақылау қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық факторларын бол­дырмау мақсатында қолданыстағы заңна­малық актілерде кездеспейтін Есеп комитеті қызметкерлерінің бақылау объектілерімен өзара қарым-қатынасының шегі мен көлеміне заң жобасы шеңберінде ерекше назар аударылған. Сонымен қатар, заң жобасында Қазақстан Республикасы Конституциясы талаптарына сәйкес Есеп комитеті ұсынған есеп берудің барлық нысандары көрініс тапқан. Олар Президент, Парламент алдындағы есептер. Сондай-ақ бақылау іс-шараларын жоспарлау мен жүзеге асыру кезінде Есеп комитеті тәуел­сіздігінің негіздері реттелген. Мұндай тәсіл Есеп комитетінің тәуелсіздігі қағидатын қамтамасыз етеді және ол бақылаудың басшылық қағидаттарын айқындайтын Лима декларациясына сай келеді. Қолданыстағы заңнаманы “Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті туралы” заңның жобасымен үйлестіру мақсатында Бюджет кодексіне, “Бағалы қағаздар туралы” және “Нормативтік құқықтық актілер туралы” заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. “Бағалы қағаздар туралы” Заңға енгізілген түзетулер Есеп комитетіне құпияны құрайтын, жеке және заңды тұлғалардың республикалық бюджет қаражатын, байланысты гранттарды, мемлекет активтерін, мемлекет кепілдік берген қарыздарды пайдалануымен байланысты мәселелер бойынша ақпарат беру бөлігіне толықтыруды көздейді. Келісілмеушілікті болғызбау мақсатында қолданыстағы заңнамада “Нормативтік құқық­тық актілер туралы” Заңға тиісті түзетулер енгізілді. Депутаттар енгізген түзетулерге сәйкес Есеп комитеті заң шығару субъектісі болады. Жалпы алғанда, жоғарыда аталған заңдарды іске асыру Есеп комитетінің алқалы қызметінің құқықтық негізін реттеуге, бюджеттік қатынас­тар­ды дамыту мен жетілдіру жөніндегі мемле­кеттік саясатты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Есеп комитетінің ұйымдастырушылық және функционалдық негіздерін біртұтас заңнамалық акт деңгейінде регламенттеу бюджет үдерісіне қатысушылар, мемлекеттің қатысуы бар субъек­тілер, бюджет қаражатын алушылар, сондай-ақ байланысты гранттарды, мемлекет актив­терін, мемлекет кепілдік берген қарыздар­ды пайдаланушы жеке және заңды тұлғалар үшін мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоға­ры органының қызметіндегі айқындық пен ашық­тықты қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді. Заң жобасын қабылдау мемлекеттік бақылаудың жоғары органының қазіргі кездегі кәсіби деңгейін одан әрі дамытуға оң әсерін тигізеді деп ойлаймыз. Есеп комитетінің тиімділікке бақылау жүр­гі­зу практикасын кеңейту мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор тарапынан бюджеттік және қаржылық тәртіпті арттыру мен нығайтуға ықпал етеді; республикалық бюджет қаражатын пайдалану кезінде страте­гиялық жоспарларда және бюджеттік бағдарла­ма­ларда белгіленген көрсеткіштерге қол жеткі­зудегі нәтижелілік пен өнімділікті қамта­масыздандырады. Төлебек ҚОСМАМБЕТОВ, Мәжіліс депутаты, экономика ғылымдарының кандидаты.