«Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» деп жазды Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында.
2020 жылдың 21 қаңтарында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеудің басталуы ресми жарияланады және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі осыған орай Қазақстанның өнер шеберлерінің концертін ұйымдастырады.
«Астана Опера» театрының сахнасында ұлы Абайдың өлеңдері мен әндері КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаева, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Әлібек Дінішев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тамара Асар, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары мен еліміздің жас дарындарының орындауында, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен шырқалатын болады.