Әлем • 31 Қаңтар, 2020

WHO: Коронавирус жаһандық қауіп ретінде танылды

403 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (WHO) Қытайдан басталған жаңа коронавирусқа байланысты жаһандық төтенше жағдай жариялады. Індеттің басқа елдерге таралуына байланысты Халықаралық медициналық-санитарлық ережелердің Төтенше жағдайлар комитетінің екінші отырысы кеше Женевада өтті.

WHO: Коронавирус жаһандық қауіп ретінде танылды

Ұйым басшысы Тедрос Адхан Гебрейесустың айтуынша, бұл шешімнің басты себебі - вирустың Қытайды жаулауы емес, әлемнің өзге елдерінде де таралуы. 

Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қытайда вирустан 213 адам қаза тапқан, ал індетті жұқтырғандар саны 10 мыңға жеткен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа коронавирусты әлемнің 18 елінде 98 адамның жұқтырғанын айтып отыр. Олардың көбісі Қытайдың вирус басталған Ухан қаласында болғаны белгілі.   

Дегенмен, Германия, Жапония, Вьетнам және Құрама Штаттарда коронавирусты адамнан адамға жұқтырудың сегіз жағдайы тіркелген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Қытай билігі қабылдаған төтенше шараларды жоғары бағалап, Қытайға сауда немесе сапарды шектеуге ешқандай себеп жоқ екенін мәлімдеді.

Алайда бірқатар мемлекеттер Қытаймен шекараны жауып, онда қатынайтын ұшақтар мен көліктерді уақытша тоқтатып қойды. Қазақстан үкіметі де Қытайға елімізден автобус, пойыз немесе ұшақтардың қатынамайтынын жариялады, сондай-ақ Қытай азаматтарына уақытша виза берілмейтін болды.

Оған қоса, Google, Ikea, Starbucks және Tesla секілді компаниялар Қытай қалаларында орналасқан дүкендерін жабу туралы шешім шығарған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын бұл жағдайда төмен және орташа табыс деңгейі бар көптеген елдердің вирусты анықтауға және емдеуге қажетті құралдарының болмауы алаңдатады.

2014 жылғы адамзат тарихындағы ең ірі індет - эболаның Батыс Африкада өршуі кедей елдердің мұндай қауіпке қарсы тұра алмайтынын көрсеткен еді.  

Ұйым вирусқа қарсы шараларды жалғастыра беретінін мәлімдеді және өзге елдердің вирусты анықтаған жағдайда барлық мәліметті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бөлісуге міндетті екенін ескертті.